Жетісуда бюджеттің миллиардтарын желге ұшырмақ болған 74 шенеунік жазаланды

Ғалиасқар Думан

Жыл басынан бері Жетісу облысында 3 млрд теңгеден астам соманың мемлекеттік сатып алулары тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Облыстық прокуратура мәліметінше, мемлекеттік органдар негізінен әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарын негізсіз асыра бағалаған, міндетті мемлекеттік сараптамасыз автожолдар салуға конкурстар жариялаған.

“Тағы 85 млн теңгенің сатып алулары тоқтатылды, олар бойынша мемлекеттік органдар «бір көзден алу» тәсілімен негізсіз қорытынды жасауға тырысты.Тек бір Алакөл ауданында прокуратураның қадағалау актілері бойынша 10 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, оның ішінде 4 ауылдық округтердің әкімдері бар”, – делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 74 лауазымды тұлға ӘҚБтК-нің 207-бабы (Мемлекеттік сатып алуды бұзу бойынша) жалпы сомасы 13 млн теңгеге айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлытауда мәслихат хатшысы 40 млн теңгеге қызметтік көлік алмақ болған еді.

Ал Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары жобалау-сметалық құжаттаманы жасау бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу құнын көтерген болатын.  Олар бюджеттің 27 млн теңгеден астам қаржысын желге ұшырмақ болды.