Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлеменің төмендеу себебін атады

Ғалиасқар Думан

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы Тимур Сүлейменов теңгенің әлсіреуі жағдайында базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімге түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстандағы баға деңгейі теңге бағамының өзгеруі нәтижесінде қалыптаспайды.

"Иә, бізде импорт көп, біз дайын тауарлардың шамамен 24% -ын сырттан әкелеміз, бірақ бағаның негізгі бөлігі теңгемен қалыптасады. Бұған бағам емес, ішкі факторлар әсер етеді: жеткізілімдердің өзгеруі, ақшаны басып шығару, белгілі бір жүктеменің артуы. Сондықтан бағам мен базалық мөлшерлемені тікелей байланыстыру мүмкін емес шығар. Ең алдымен, мөлшерлеме – бұл инфляцияны тежеу", - деді ол.

Ұлттық банк басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 21,2%-ды құрағанын, ал биыл 11,8%-ға төмендегенін еске салды.

"Ақша-несие саясатын тым қатал ұстауды жалғастыру ақылға қонымсыз, сондықтан біз базалық мөлшерлемені 0,5%-ға төмендеттік, бұл біздің ойымызша теңгерімді қамтамасыз етеді. Бір жағынан, біз инфляцияның баяулауы күшейеді деген болжам айтпаймыз, ал екінші жағынан – теңгелік депозиттер бойынша жоғары мөлшерлеме олардың тартымдылығын сақтайды, яғни адамдар 15-16% табыс тауып отырған теңгедегі қаражаттарын долларға ауыстыруға асықпайды", - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.