Еуроодақтың сыйы: Астанада мектептің қасбетінде ерекше мурал ашылды

Ulysmedia

Бүгін №59 мектеп-лицейі мұғалімдерінің, оқушыларының және ата-аналарының қатысуымен тұрақты энергетика тақырыбында мурал ашылды. Бұл мурал - Еуропалық Одақтың (ЕО) мектепке оның энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы жетістіктері, сондай-ақ жас ұрпақ арасында жасыл энергетика туралы хабардарлықты арттыруға қосқан үлесі үшін берген сыйы.

Расында, мектеп ЕО-ның «Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыс (SECCA)» жобасы жүргізген кабинеттік зерттеу нәтижелері бойынша Астана қаласының 100 мемлекеттік мектебінің ішіндегі ең энергиялық тиімді мектеп болып танылды. Марапаттау рәсімі осы жылдың маусым айында «ЕО–Қазақстан тұрақты энергетика күндер» іс-шарасы аясында өтті. Осы іс-шарада ЕО-ның Қазақстандағы жоғары мәртебелі елшісі Кестутис Янкаускас мырза ЕО-ның мектепке қабырға суретін сыйға тарту ниетін алғаш рет жариялады.

Муралдың ашылуына мектеп мұғалімдері, оқушылар, ата-аналар, қала өкілдері және ЕО өкілдері жиналды.

“Мен үшін осы мектепте сіздердің алдарыңызда тағы да сөз сөйлеу құрметіне ие болу - үлкен қуаныш. Алғаш кездескен кезде біз мектептің жетістіктерін атап өтіп, жаздың басында көңілді флешмоб жасап, электрлік скутерге мінген едік. Сөйтіп, біз басқаларды көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және жерді қорғауға шақырдық! Бүгінгі шара – аса қуанышты оқиға. Еуропалық Одақ атынан сіздерге осы муралды қуана-қуана ұсынамын. Ол «Кемел келешекке арналған тұрақты энергия» деп аталады. Дәл осы көркем шығарма Қазақстан азаматтары арасындағы қабырғаға сурет салудың үздік дизайны бойынша ЕО-ның байқауына ұсынылған басқа 40 еңбектің ішінен таңдап алынды. Менің ойымша, Конкурстық комиссия оны дизайны үшін ғана емес, ең бастысы идеясы үшін мақұлдаған сияқты. Мен өзім еңбектегі басты тақырып - балаларымыздың болашағы -  біздің бүгінгі таңдауымызға байланысты деп түсіндім. Тұрақты энергияны таңдау, шығарындыларды азайту, қоршаған ортаны қорғау барша адамзаттың  денсаулығы мен бақыты үшін өте маңызды. Мен бұл мектепке, оның мұғалімдері мен оқушыларына атқарған еңбектері үшін шын жүректен алғыс айтамын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен мурал авторына осы өнер туындысы үшін және суретшіге оны мектептің қасбетіне салғаны үшін алғыс айтамын”, – деді елші Янкаускас.

 “Біз Еуропалық Одақтың бүгінгі марапатына өте ризамыз және сыйлап отырған сыйлығы үшін алғыс білдіреміз. Біз бәріміз балаларымыздың салауатты әрі жақсы өмір сүруін, келешегі кемел болуын қалаймыз. Біз мектепте өз оқушыларымызды табиғат пен планетаға деген сүйіспеншілікке және құрметке баулимыз, сондай-ақ инновация мен шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыруға тәрбиелейміз. Бұл әдемі қабырға суреті біздің жұмысымызды құлышыныспен атқаруға ынталандырады”, – деді мектеп директоры Алма Жұмабекова.

Муралда күлімдеген екі бала, сол жағында қыз бен ұл, оң жағында Астана қаласының болашақтағы көрінісі бейнеленген. Көк аспан мен аппақ құстар - таза ауаның символы. Суретте шашыраңқы майда жұлдыздар балалардың армандарын жүзеге асыруға деген ұмтылысын білдіреді, сонымен қатар ЕО туындағы жұлдыздарға сілтеме болып табылады. Күн батареялары мен жел турбиналары - энергия көзі және келешекте өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Муралдың авторы және ЕО байқауының жеңімпазы Жұлдыз Серікова ханымның айтуынша, суреттегі бала – немере інісі, ал суреттің қалған бөлігі – немере інісі мен Қазақстанның барлық балалары лайықты деп санайтын жарқын болашақтың бейнесі.

Муралдың ашылу салтанатын SECCA жобасымен ұйымдастырды. Мектептің бір өкілі мен Серікова ханым SECCA-ның 2023 жылдың қараша айына жоспарланған Еуропа энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздері бойынша еуропалық тәжірибемен танысу сапарына қатысады.