Бұл туралы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елордада тұрғын үй кешенінің құрылысында 4 альпинист 9-қабаттан құлап, біреуі оқиға орнында қаза тапқан еді.
Қалған үшеуі оқиға орнынан №2 қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің сөзінше, олардың үшеуіне де жұмсақ тін жарақаты, қабырғаларының, жамбас сүйектерінің сынуы, ішкі ағзалардың жарақаты, жоғары дәрежелі шок және травматикалық жай-күй диагнозы қойылған. Зардап шеккендер жедел ем-дом жасалған.
«Алайда көптеген жарақат салдарынан екінші альпинист – 1999 жылы туған ер адам 12 қазан күні 17.40-та қайтыс болды. Бүгінгі жағдай бойынша 1999 және 2002 жылы туған екі альпинист реанимация және қарқынды терапия бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр», - деп мәлім етті ақ халаттылар.
Астана әкімдігінің мәліметінше, жазатайым оқиға болған «Алтын бесік» тұрғын үй кешеніндегі бүкіл құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылған. Апатты тексеру үшін комиссия құрылды.
«Апаттың себептері мен жауапты тұлғалар анықталады. Тергеу қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полиция департаментіне жолданады», - делінген әкімдік хабарламасында.