2023 жылдың қыркүйегінде қазақстандықтар қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханаларға шамамен 100 млрд теңге жұмсады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі сарапшыларының есептеуі бойынша қазақстандықтар шамамен 99,7 млрд теңгені «ішіп-жеген», бұл саладағы инфляцияны есепке алғанда 2023 жылдың тамыз айымен салыстырғанда 7%-ға жуық артық.
Статистикаға сәйкес, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы мейрамханалар, дәмханалар және осыған ұқсас мекемелерге жұмсалған шығындар жан басына шаққанда орта есеппен 2,1 мың теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 15,6%-ға артық.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтін бензин маркалары қымбаттап жатқаны белгілі болған. Қыркүйек айында АИ-98 маркалы бензин 1,8%-ға қымбаттап, бағаның мұндай өсу қарқыны 3 ай қатарынан сақталып отырды. Сондай-ақ, АИ-95 маркалы бензиннің бағасы қазірдің өзінде 2,7 пайызға көтеріліп, көлік жүргізушілерінің қалтасын айтарлықтай қағып отыр.