Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктелген. Жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарынының алдын алып, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды. Әрбір жағдай бойынша операторлар «дәл осы сәтте» қағидатын басшылыққа ала отырып, жекелеген мәселе бойынша кешенді көмек көрсететін болады. Барлық қажетті мемлекеттік орган мен қызметті міндетті кері байланыс тәсілін қолдана отырып, бір мезгілде қосу көзделген.
«Аталған шаралар азаматтар, әсіресе, әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы мемлекеттің уақытылы көмек көрсетуінің тиімді құралына айналады, сондай-ақ өңірлер бойынша аса өткір проблемаларға мониторинг жасау үшін деректер көзі болмақ», — деді Тамара Дүйсенова.
Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл азаматтарға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұдан бұрын депутат Амантай Жарқынбек тұрмыстық жанжал туса, ерімен бірге әйелін де қамауға алу керегін мәлімдеген.
«Мынаны түсінуіміз керек: біздің еліміз, біздің жеріміз өте үлкен аумақты қамтиды. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсай бермейді. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасы құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болып қалыптасқанша, ұрыс-керіс те орын алады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», - деді ол.
Жуырда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жеткілікті күш-жігер қабылданбағаны, ал депутаттарға әйелдерді жазалау туралы ойларын айтуға мүмкіндік берілгені үшін ел билігін сынға алды.