Фостерсіз Air Astana: Нью-Йорктегі оқиға және оған өзбектердің қандай қатысы бар?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Air Astana-ның тұтас бір дәуірі Питер Фостермен байланысты. Фостер басшылық еткен тұста Қазақстан шын мәнінде "ұша бастады" және компанияны ашық әрі жариялы етті. Мен Air Astana-ны өзге барлық әуе компаниялардан артық көремін. Өйткені әлемнің түкпір-түкпіріне ұшып көрген адам ретінде салыстыра аламын.

Не болды?

Бәрі де көптен бері сөз болып жүрген, бірақ іске қосыла алмай жүрген Астана – Нью-Йорк бағытына байланысты сияқты. Ulysmedia дереккөздерінің хабарлауынша, Нью-Йоркте біздің ұлттық әуе тасымалдаушымыз америкалық серіктестермен келісімге келуі тиіс болған. Алайда соңғы сәтте Питер Фостер мәмілені экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп есептеп, келісімнен бас тартқан.

Біздің елде әдеттегідей, Фостердің не себепті бас тартқанын ешкім нақты түсіндірмеді де, себебін анықтауға тырыспады. Ал дәл осы үзіліс үлкен түсініспеушілікке ұласты. Күтпеген жерден Өзбекстан жеңімпаз болып шықты – олар ірі авиациялық келісімге қол қойды. Бірден кей сыншылар: “енді өзбектер қазақтардан транзиттің бір бөлігін тартып алады” деді.

Белгілі деректер

Питер Фостер Air Astana бас директоры қызметінен кетеді, бірақ компаниядан толық кетпейді, кеңесші ретінде қалады.

Біздің мәлімет бойынша, ол бұдан былай әуе нарығына арналған жаңа технологиялық бағыт – виджет-сервистермен айналыспақ. Нью-Йоркте америкалық тараппен қол қойылуы тиіс болған келісім жүзеге аспады: Фостер бұл жобаны қазіргі жағдайда экономикалық әрі стратегиялық тұрғыдан тиімсіз деп санаған.

Астанада “жақсы ма, жаман ба” деп ойланып жүргенде, өзбек тарапы жылдам қимылдап үлгерді, жаңа хаб, алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтар және кең халықаралық бағыттар тізімі. Сырт көзге көршілер транзит пен ұзақ бағыттарда бізден озып кеткендей әсер қалдырды.

Өзбекстанның “Қазақстаннан озып кетті” деген әңгіме, яғни 8 миллиард долларлық келісімге қол қойғаны тым қарапайым түсінік. АҚШ-пен Ташкенттің екі ондаған Boeing сатып алу жөніндегі “үлгілік” келісімінің өзіне өзбек сарапшыларының өзі күмәнмен қарап отыр. Олар бағаның шынайылығын, техникалық қызмет пен экипаж оқыту шығындарын, сондай-ақ осындай әуе паркін толық жүктемемен жұмыс істетуге жеткілікті инфрақұрылым мен жолаушылар ағыны бар-жоғын талқылап жатыр.

Яғни, бұл жерде имидж бен саясат басым ба, әлде нақты экономикалық есеп бар ма – соны анықтауға тырысуда.

Жаңа басшыға сынақ

Айтуларынша, жаңа басшы – Фостердің таңдауы. Бірақ “таңдаулы” болу жеткіліксіз. Енді ол сапа мен сервистің жоғары стандартын сақтай ала ма, баға мен кесте бойынша бәсекелесе ала ма – белгісіз. Ең бастысы, жоғарыдан келген кез келген “өтініштерге” бизнес логикасына қайшы болса да “жоқ” деп айта алар ма?

Фостер мұны жақсы меңгерген еді. Мүмкін, оған компанияның беделін биікте ұстауға дәл осы қасиеті көмектескен болар.

Сонымен, Фостер кетеді. Оған сәттілік тілеймін: Air Astana-да жинаған тәжірибесі әлі де қажет болмақ.

Біз, салаға қатысы жоқ адамдардың өзі авиацияның жай бизнес емес, үлкен саясат екенін түсінеміз. Бұл салада жеңіске жететіндер – тез шешім қабылдап, өз ұстанымын қорғай білетіндер. Енді кезек Air Astana-да. Компания өзінің жоғары деңгейін сақтап, беделін түсірмейді деп үміттенемін.

P.S.

Тағы бір жаңалық – Qazaq Air базасында «VietJet Қазақстан» атты жаңа әуе компаниясы ашылмақ.