Қанат Бейсекеевтің кринжы немесе Қаңтарды мазақ қылған әзілкештер

Самал Ибраева
Коллаж: Ұлысмедиа

YouTube-тегі “прожарканың” (видео форматы) Қанат Бейсекеевке арналған шығарылымы қызу талқыға түсті – халық күлудің орнына стендаперлерге шүйлікті. Әдетте адамды күлдіретін әзілдер форматқа сай болмады. Себебі стендаперлер келген қонақты мазақ қылып, оның өмірбаяны, өмірге деген көзқарасына қатысты әзілдеуге тырысады. Бірақ бұл жолғы “прожарка” қоғамда талқыға түсті. Ulysmedia.kz даудың қалай өршігенін бақылап, әзілкештер неліктен шектен шығып кеткенін және халыққа ауыр тиетін тақырыпты талқылағанын анықтауға тырысты.

Не болды

Әдетте Қанат Бейсекеевтің шоуларына еркін, өзіне сенімді және табысты адамдар жиналады – олар өткір әзіл айтудан тайынбайды, әдеп шегінен асып кетуден қорықпайды, ал егер бір нәрсе күлкілі көрінсе, бүкіл залды жаңғырта күледі. Мұндай отырыстарға қатысуға келісетін адамды «қуырып алу» – дәстүрлі әдет.

Бірақ бұл жолы не болғаны белгісіз: бәрі күтпеген бір сценарийге кетіп, компанияның көңілі күлкіден су сепкендей басылды.

Қанатты әдеттегідей қазақ тілін білмейтіні үшін, тым менменшіл адам ретінде, қонақтардың сөзін бөлетіні үшін және өзін «жаңа буынның дауысы» деп таныстыратыны үшін “прожарка” жасаған. Алайда жанжал Қанаттың өзіне бағытталған әзілі үшін емес, комиктердің бір-біріне айтқан қалжыңдары үшін туындады.

Мысалы:
    •    «Міне, Кана. Қазақ ұлтшылдарын осылай басқару керек».
    •    «Руслан Тай “Желтоқсан” стендап-клубында шыққан, сондықтан оның қалжыңы ескірген».
    •    «Кана қаңтар оқиғасы кезінде Рождество тойлап жүрген» немесе «Қаңтардың аудармасы қараша, желтоқсан деп ойлайтын».

Реакция

Осы қалжыңдардан кейін көрермендер сілтідей тынды. Әлеуметтік желілерде бірден талқы жүрді:

«Қаңтар оқиғасын әзілге айналдырған сәтте, сыртта патриоттық пікір батальоны “қыза” бастайды», – деп жазды қолданушылар.

«Қаңтар — бұл жанр емес. Бұл – жара», – деп еске салды көрермендер.

Көпшілік:

«Бұл байлар қаңтардың ауыртпалығын қайдан білсін? Олар ол оқиғалардан мүлде шет қалды ғой. Бір жерде қан төгілді, біреу қаза тапты, біреу түрмеге түсті… Неге шықты, не үшін күресті – бәрі олар үшін “әзіл” ма? Шынымен күлкілі ме?» – деп жазды.

Қалай болғанда да, бұл «әзіл» жабық форматтан әлеуметтік желілерге жылдам тарап кетті. YouTube көрермендері мен Threads қолданушылары бұл тақырыпта қалжың қабылдамайтынын ашық айтты.

Олар:

«Қаңтар мен Желтоқсанды қозғамаңдар!» – деп талап етті.

Осы оқиғадан кейін барлығы әзілдің де “өз ережелері” барын түсінді. Енді әр сөзге жауап беру керек және көрерменмен ортақ құндылық кеңістігінде қалжыңдау қажет. Популярлық үшін күрес те әділ болуға тиіс. Әрине, әзіл керек, онсыз өмір қызықсыз. Бірақ одан да маңыздысы – елге деген сезім. Егер ол шын мәнінде бар болса, онда ол барлық күлкіден де, сахналық батылдықтан да биік тұруы тиіс.