Басы ауырмастың жанында балтырың сыздамасын: Украина мүддесі сауда құралына айналып барады

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Менің ойымша, бүгінде АҚШ пен Қытай арасында бейресми келісім бар. Ядролық қарулану жарысының басталуына және тікелей қақтығысқа жол бермеу үшін бұл екі держава украин мәселесін Ресейдің мүддесіне сай жығып беруге дайын. Бұл парадоксты түсіну үшін әлемдік саясаттағы тағы екі маңызды түйін – Венесуэла мен Тайваньға назар аудару керек. Алғаш қарағанда олардың Украинамен байланысы жоқ сияқты, бірақ шын мәнінде үшеуі бір үлкен геосаяси шахмат тақтасының фигуралары.

Мүдделі тараптар: АҚШ – Қытай – Ресей

Қытай мен АҚШ

Қытай үшін басты мәселе – Тайвань.

АҚШ Тайваньды қандай жағдайда да қорғауды мақсат етеді.

Қытай мен Ресей

Екі ел тактикалық одақтас болғанымен, стратегиялық деңгейде олардың мүдделері әрдайым үйлесе бермейді.

АҚШ пен Венесуэла

Венесуэла – әлемдегі мұнай қоры ең көп мемлекет. Егер АҚШ бұл нарыққа толық қол жеткізсе, жаһандық мұнай бағасын күрт төмендете алады. Бұл Ресей экономикасына аса ауыр соққы болар еді. Бірақ мәселенің тағы бір қыры бар: Венесуэланың басты инвесторы – Қытай. Егер АҚШ Каракаста әсерін күшейтсе, Қытай өз ықпалынан айырылады. Бұл Бейжің үшін өте тиімсіз.

Екінші жағынан, арзан мұнай Қытай экономикасын күшейтеді. Мұны Уашиңтон мүлде қаламайды. Осылайша бір-бірін шектейтін өзара тәуелді түйін пайда болады.

Бұл ойында Украина қай жерде?

АҚШ та, Қытай да ядролық қарулану жарысының басталуына мүдделі емес. Эскалация күшейсе, оған басқа мемлекеттер де араласады. Ондай жағдайда әлем бақылауға келмейтін хаосқа тап болады, ал мұндай күйзелісті Уашиңтон да, Бейжің де көтере алмайды.

Сондықтан жаһандық тұрақтылықты сақтау үшін жетекші державалар Украина мәселесінің Ресейге тиімді шарттармен шешілуіне іс жүзінде келісім беруге дайын.
Бұл – қақтығыстың ядролық деңгейге өтуіне жол бермеудің және әлемдік тәртіпті сақтап қалудың амалы.

Қорытынды

Украина – аумақ үшін тартыстың емес, әлемдік тәртіпті сақтап қалуға бағытталған үлкен геосаяси мәміленің бөлігіне айналды. Бұл ойында Уашиңтон да, Бейжің де эмоцияға емес, халықаралық қатынастар жүйесін күйретуі мүмкін ядролық хаостан қорқу сезіміне сүйеніп әрекет етеді.