Қазақмыс пен Қазцинк жылдар бойы Қазақстанның өзіне қимайтын, қонаққа ғана әдемі етіп ұсынатын дүниесіндей еді. Мемлекеттік телеарналарда билікті қолдауға дайын жұмысшыларды көрсететін кадрлар жиі шығып тұрды. Ал кадр сыртындағы шынайы көрініс ешқашан телеарналардан көрсетілмейтін. Өйткені қарапайым жұмысшылардың мардымсыз жалақысы мен өндіріс орнындағы денсаулыққа келетін зиян мен қауіпті ешкім батыл айта алмайтын. 30 жылдың ішінде аты аңызға айналған, тұғыры берік көрінген кәсіпорындар акционерлік қоғамға айналды да, еңбек ұжымдарына жаңа қожайындар келді. Олар халықтың ортақ байлығы саналған өндіріске иелік етіп, ел байлығы саналған мыс пен мырыш Үркердей аз ғана шоғырдың қолына көшті. Өндіру мен қайта өңдеу жұмыстары іркіліссіз жалғасқанымен, негізгі табыс жаңағы азғантай шоғырдың қалтасына түсіп жатты.
Алайда қазір замана желі басқа бағыттан соғып тұр. Өнеркәсіптік гиганттардың 90-жылдары белгілі бір отбасына жақын адамдарға түсініксіз жолмен өткен активтеріне қазір жаңа иелер келіп жатыр. Ulysmedia.kz-тің дереккөздері кәсіпорындардың енді мүлдем басқа тұлғалардың қолына өтіп жатқанын айтады. Олар бұрынғыдай «отбасының достары» емес, біреуге қызмет көрсетіп немесе біреудің көңілін тапқан адамдар да емес. Бұл – қазақстандық бизнестің «жаңа толқыны» саналатын Нұрлан Артықбаев пен Шахмұрат Мүтәліп.
Үміт қылаң берді. Бұл кәсіпкерлер Назарбаевтың салып берген жолымен жүретіндер емес, сүреңі басқа, сүрлеуі бөлек. Ел байлығын шетелге таситындар сұрпынан да емес. Олар жаңа жұмыс орындарын ашар, әлеуметтік жауапкершілікті елеусіз қалдырмай, елге қажет нысандар салар деп үміттенеміз. Дегенмен бір мәселе бар. Қазақстан баяғы «бір кабинетте шешілетін» дәуірді басынан өткерді. Кәсіпорындардың бұрынғы қожайындары қайда кетті, қандай шартпен орын босатты, енді кім және қалай басқарады, табысты кім кіммен бөліседі? Бұл сұрақтарға бүркемесіз, «тиісті адамның тапсырмасымен» деген сықылды жауап қажет. Ірі мәмілелер ашықтықты талап етеді.
«Ескі» және «Жаңа» Қазақстан
Елді Назарбаевқа дейін және одан кейін деп бөлу – ескірген тәсіл. Ақпараттық еркіндік кеңейген сәттен бастап қоғам бизнес не ел мүддесіне, не елге қарсы жұмыс істейтінін түсінді. Қазақмыстың бұрынғы қожайындары Жезқазғанды гүлденген өңірге айналдыра алар еді. Табиғи байлықтың арқасында қала индустриялық жаңғырудың үлгісіне айналып, кеншілер жай барақтарда емес, жайлы баспаналарда тұрып, мәдениет, медицина және білім өркендейтін орталық болар еді. Бірақ меншік иесінің араны ашылып, көзі тек ақшада ғана болғанда, оның соңында осындай сүреңсіз көрініс қана қалады. Академик Сәтбаевтың өңірге мыс арқылы жаңа тыныс беру арманы іске аспады, кен кем қазылған жоқ, кең қазылды. Бірақ мақсат елді, халықты байыту болмағандықтан, адами капиталдың болашағына балта шабылды.
Шығыс Қазақстан үшін Қазцинк өңірлік локомотивке айналуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі көрініс жан ауыртады, Уланған ауа, тұншыққан халық және не үшін осындай қиындыққа төзу керектігін түсінбей дал болған жұртшылық. Инновация, даму, экология ертегінің сюжетіндей құр сөз, әдемі бояу ғана. Оны тек баяндамалар мен жарнамалық буклеттердегі сөздерден ғана көресің.
Үнсіздерге үн бітті
Қазір Назарбаевтар әулетіне жақын топтар өнеркәсіптік активтерінен айырыла бастағанда, әлеуметтік желілерде күтпеген «әділет қорғаушылары» бой көрсетті. Бұрын ондаған жыл бойы экологиялық апатты, жұмыссыздықты, кеншілер қалаларының күйреуін байқамаған олар енді «Елді сатып жатыр!» деп ұрандатуда. Шынтуайтын айтқанда, жау кеткен соң қылышыңды боққа шап дегеннің кері келді. Осындайда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын сонда қайда едің?» деген азалы үні құлақ шыңылдатады.
Жасқа емес, – басқа, Тірекке емес, жүрекке сенетін менеджер қажет
Қазақстанға жаңа формациядағы менеджерлер керек. «Жас әрі креативті» деген ұранмен емес, адал, ең бастысы, осы жермен, елмен тағдырын байланыстыратын азаматтар қажет. Ақшасын Лондон банктеріне аудармайтын, баласын Лозаннаға жібермейтін, еліміздің байлығы Қазақмыс пен Қазцинкті жеке әмиянына айналдырмайтын, ұлт алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін тоұлғалар керек.
Сондықтан меншік иесінің өзгеруінен тақтайшадағы есім-сойдың ауысуын ғана емес, ел байлығын басқарудағы тәсілдің, көзқарастың ауысқанын күтеміз. Жаңадан келген кәсіпорын иелері тек жанқалтасын ғана емес, осы жерде тұратын, өндірісте жұмыс істейтін халықтың жанайқайын да естісе дейміз. Міне, біз жаңа иелерінен осындай жаңалық күтеміз.
Алда не болуы тиіс?
Мемлекет пен қоғам қазір үлкен өзгеріс күтіп отыр. Нарықты халықтан бөлу емес, пайданы халықпен бірге көру басты ұстанымға айналса, клансыз, офшорсыз бизнес жасай алса, кім қой дейді? Ендігі миссия – ел байлығы пәлен, түген әулеттің мүддесіне емес, халық үшін жұмыс істейтін экономика құру.
Қалай ойлайсыз, тәуекел деп, бастап көреміз бе?