Конституциялық реформа: бұл жолы кімнің пікірі ескерілмек?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Жақында Ақорда сайтында күтпеген жерден тұрмыстық сипаттағы бір қысқа хабарлама жарияланды. Президент конституциялық реформаға қатысты ұсыныстармен танысқан. Әңгіме қандай да бір заңға немесе ережеге енгізілетін өзгерістер туралы емес, Конституцияға жасалатын реформа туралы болып отыр. Яғни елдегі билік қалай құрылғанын және осы күрделі жүйеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қалай қорғалатынын айқындайтын негізгі құжат туралы. Осы тұста Тоқаев жуырда айтқан реформа шынымен басталды ма деген үміт жылт етеді.

Президент жұмыс кеңесін өткізіп, парламенттік реформаны мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және құқықтық мәселелер жөніндегі көмекші Ержан Жиенбаевпен талқылаған. Сондай-ақ Ақорда жұмыс тобы болашақ бірпалаталы парламентке қатысты «негізгі тәсілдерді» әзірлеп қойғанын хабарлады. Келесі отырыс 15 қаңтарға белгіленген. Ал шешімді халық референдум арқылы қабылдайды. Қазір не болып жатқанын, саясаткерлер мен сарапшылар қандай нұсқаларды ұсынып отырғанын түсінгің келеді. Ең бастысы, жаңа Конституция қандай болады екен деген қызығушылық басым.

Алаңдаушылық емес, қызығушылық

Мен «бізден тағы да жасырып отыр» немесе «тағы да бізсіз шешіп жатыр» деп ренжиін деп тұрған жоқпын. Бұл – кәсіби қызығушылық пен журналистік әуестік. Конституциялық реформа аса маңызды саяси құбылыс. Егер ол тыныш, көпшілік назарынан тыс өткізіліп жатса, демек, ол не өте техникалық сипатта, не өте ауқымды маңызға ие. Бірақ қазір Ақордада нақты не талқыланып жатқанын білмейміз. Парламенттің өкілеттігі кеңейе ме? Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік өзгере ме? Бұл жай ғана ауыс-түйіс пе, әлде басқару моделін түбегейлі қайта қарау ма? Мұның ешқайсысы ашық айтылмайды, сол себепті қызығушылық арта түседі.

«Барлық пікірлерді ескеру» деген не сөз?

Президент барлық айтылған пікір мен бастаманы ескеру қажеттігін айтты. Бұл дұрыс әрі үміт ұялататын сөздер. Бірақ қарапайым азаматта мың сан сұрақ туындайды:

  • пікірі ескерілетін адамдар кімдер;
  • реформалық ұсыныстарды қайдан оқуға болады;
  • балама нұсқалар бар ма, әлде тек бір ғана «негізгі тәсіл» ұсынылып отыр ма?

Қазіргі сәтте не болып жатыр? Меніңше, қоғам бұл процесті ең соңынан біліп жатыр. Өйткені реформаның формасы мен бағыты алдын ала белгіленіп қойған, ал халық тек нәтижесін көреді. Ресми түрде бәрі заңға сай: талқылау болды ма – болды,  референдум өтті ме – өтті,  дауыс берді ме – берді. Бірақ тек соңында бюллетеньге белгі қою емес, осы жолдың қайда апаратынын қазірдің өзінде білгің келеді.

Конституция шимай парақ емес

Қазақстанда Конституцияны өзгерту сән ғой. 1995 жылдан бері негізгі заң алты рет қайта жазылды. Әр жолы бұл «уақыт талабы» мен «жаңғырту» ұранымен жасалды. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ бір нәрсе анық: Конституция қаншалықты жиі өзгерсе, оны қалай өзгертудің өзі соншалықты маңызды бола түседі. Өйткені Конституция ведомстволық құжат та, қызметтік нұсқаулық та емес, ол – мемлекет пен қоғам арасындағы келісім. Ал талқылаусыз жасалған келісім, заң жүзінде дұрыс болса да, әрдайым іште бір күмән қалдырады.

Бұл да бір мүмкіндік пе?

Алда Қызылордада Ұлттық құрылтай өтеді. Бәлкім, дәл сол жиында ең маңызды тақырыптар жұмыс кабинеттерінен шығып, халыққа жетер. Сол жерде нақты мәтіндер, нұсқалар, ұсынылып отырған өзгерістердің логикасы жарияланады деген үміт бар. Ал әзірге біз біртүрлі аралық кезеңдеміз. Өйткені өзгерістер болмай қоймайтыны анық. Қозғалыс басталды, бірақ қай бағытқа екені әзірге белгісіз. Біз сынамаймыз, әшкерелеу мақсатымыз да жоқ, тек не болып жатқанын түсінгіміз келеді. Әдетте сынап, мінеп жатқанымызбен, осы жолы жағдай басқаша. Өйткені бұл елдің басты құжаты. Оның алдағы тағдыры осы елдің барша азаматын толғандырады. Иә, біз ертеңіміз үшін алаңдаймыз және сол себепті ғана болып жатқан өзгерістерді білуіміз керек.