Біздің өміріміздегі «сингулярлық» немесе Мәулен Әшімбаев нені меңзеді?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Екі күннен бері «сингулярлық» деген сөзбен алыстым. Сөйтсем, бар мәселе сол «сингулярлық нүктеден» аттап өтуде екен, содан кейін бәрі дұрыс болады-мыс. Алайда алдымызға қойылған міндет оңай емес, аса күрделі. Ауыр міндет жүктеп отырған кім десеңіз - билік иерархиясындағы екінші тұлға саналатын Мәулен Әшімбаев. Енді соның не айтқысы келгенін, кімді және неге иландырмақ болғанын түсініп көр.

Бұл не сөз?

Сингулярлық — қалыптасқан заңдылықтар, ережелер немесе модельдер жұмысын тоқтататын нүкте. Ол шексіздік, болжауға келмейтін жағдай немесе бірегей құбылыс ретінде көрінеді. Әдетте бұл ұғым «қара құрдымдар», технологиялық серпілістер және болашақта роботтар «адами факторды» ығыстырып, шенеуніктердің орнын басатын кезең туралы сөз болғанда қолданылады.

Мен саясаткер емеспін, сондықтан маған солай көрінген шығар, бірақ Әшімбаев көпшілікке бейтаныс бұл сөзді әдейі қолданып, парламенттік реформа төңірегіне көбірек интрига қосуды көздегендей әсер қалдырды. Қысқасы, біздің жағдайда бұл – «барсакелместің» саяси нұсқасы. Яғни сингулярлық нүктеден кейін бұрынғы мен бүгінгіні жалғап жатқан жіп үзілді, енді ескі ережелер жүрмейді, ал жаңа ережелер не іске қосылады, не бәрі мәңгілік «реформаларды жалғастырамыз» деген күйде тұрып қалады.

Мұндай жағдай бұрын болып па еді?

Дегенмен Сенат төрағасының сөзін бағаламауға болмайды. Ол жай ғана салмақты сөзді ортаға тастап қоймай, өз философиялық ойын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, Қазақстан сингулярлық кезеңдерді бұған дейін де бірнеше рет өткерген.

Керей мен Жәнібек қазақ руларын бір мемлекетке біріктіруге шешім қабылдағанда – бұл да сингулярлық еді. 90-жылдары президенттік басқару формасын таңдаған кезде де сондай жағдай. Жоғарғы Кеңес таратылып, Мәжіліс пен Сенат пайда болғанда да сингулярлық болған. 1995 жылғы конституциялық құрылымға біржола көшуіміз – ол да сингулярлық. Демек, сингулярлық дегеніміз біздің жағдайымызда мемлекет билік құрылымын күрт өзгертетін сәт. Себебі ескіше басқару мүмкін болмай қалады. Ленинше айтсақ: «жоғарыдағылар бұрынғыдай басқара алмайды, төмендегілер бұрынғыдай өмір сүргісі келмейді». 

Қайда бара жатырмыз?

Әшімбаев — сақ саясаткер, найза, қылышпен аттандау оның стилі емес. Сондықтан ол негізгі ойға біртіндеп жетелейді: келесі осындай бетбұрыс бір палаталы парламентке көшу болуы мүмкін. Бұл «оңтайландыру үшін жасалған реформа» да емес, «аздап түзеп, есеп беру» де емес. Бұл билік транзитін аяқтап, «Әділетті Қазақстанға» апаруы тиіс тағдырлы қадам ретінде сипатталады.

Әшімбаев кімді және неге сендіргісі келеді?

Бір қызығы – бұл пікірлер мемлекеттік емес, тәуелсіз басылымда жарияланған. Енді ше,  «Қазправда» «Время» газетіне рерайт жасап отырса. Неге бұлай? Себебі айқын –  материалды қоғам оқуы керек, ал қоғам мемлекеттік басылымдарды әлдеқашан оқымайды.

Демек, негізгі адресат – қоғам. Әшімбаев халыққа жасалып жатқан өзгерістер биліктің қыңырлығы емес, «әлеуметтік сұранысқа» берілген жауап екенін түсіндіруге тырысады. Халықтың сауаты артты, субъектке айналды, енді ол көбірек өкілдік қалайды, міне, алыңыздар. Алайда бұл «сұраныс» мәтінде дәл сол концепциялар мен жол карталары жазылатын жерлерде мұқият құрастырылғандай естіледі.

Тағы бір маңызды аудитория – элита. «Формалды және бейформалды күш орталықтарының шамадан тыс ықпалын жою» деген тіркес парламентаризм теориясынан гөрі, жаңа модельде біреулердің үйреншікті тетіктерінен айырылатынына ишара сияқты.

Сонымен қатар «Время» газетін оқитындар арасында шенеуніктер, мемлекеттік аппарат өкілдері де бар болуы әбден мүмкін. Күшейген парламент 90-жылдардағы алтын кезеңді еске алып, ой еркіндігінің бейберекет көріністері қайта басталып кете ме деген үрей де жоқ емес. Сондықтан Әшімбаев «біз Жоғарғы Кеңеске қайтып жатқан жоқпыз» деп сендіруге тырысады. Сенат жай ғана «екінші қабат» емес, шектен шығудан, дүрбелеңнен қорғайтын тұрақтандырғыш болды дейді. Қанша дегенмен саясаткер емес пе, алдымен мақтап-мақтап алады да, сосын Сенат өзіне артылған міндетті абыроймен атқарды, енді бұл институтпен қоштасатын сәт келді деп, тігісін жатқыза қояды.

Саяси құрал ма?

Міне, осы жерде «сингулярлық» әдемі сөзден саяси құралға айналады. Өйткені реформаны «сингулярлық нүкте» деп атау күмәнданғандардың бәріне бұл жай ғана нұсқалардың бірі емес, бұл пісіп-жетілген тарихи қажеттілік, онсыз алға жол жоқ дегенді білдіреді.

Ең қызығы: физикада сингулярлық – заңдылықтар жұмыс істемей, не болып жатқанын ешкім нақты білмейтін сәт. Саясатта да соған ұқсас. Бізге ескі ережелер «жарамсыз» болып қалған нүктеге қадам басу ұсынылып отыр, ал жаңалары қандай болатынын әзірге ешкім нақты айта алмайды.

Сингулярлық  тілдік эквилибристика ма?

Әлде біз не айтылса да тек жаман жағын ойлап кетеміз бе? Бірақ бір шындық бар:  егер саясаткер кенеттен оқулықтарда ғана жүретін сөздерді қолдана бастаса, бұл жай кездейсоқтық емес.

Бәлкім, Мәулен Әшімбаев «билік құрылымы өзгереді» деп тура айтудан тартынған шығар, бұлай айту әзірге қауіпті болуы мүмкін. Ал «сингулярлық нүкте», «жүйенің даму логикасы» тіркестері абстрактілі естілгенімен, халыққа, қоғамға белгілі бір ишара жасағандай әсер қалдырады. Дегенмен «ертең нақты не, кім үшін өзгереді?» деген сұраққа жауап бермейді.

Сондықтан «сингулярлық» саясаткерлерге қоғаммен келісуден гөрі, уақыт ұтып, әңгіменің реңкін өзіне ыңғайлы арнаға бұру үшін таптырмас термин. Қоғамды тыныштандырып, өзгеріске біртіндеп үйрету үшін қажет сөз.

Енді ең басты сұрақ: біз сол сингулярлық нүктеден өткеннен кейін нақты не өзгеруі тиіс?