Құрылтайдың өткенінен гөрі өтедісі қызық. Елдегі басты саяси интрига осы келнлі кеңес төңірегінде болып жатыр. Себебі бұл жолғы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтатын сөзі елдегі саяси жүйенің бағытын түбегейлі өзгертуі мүмкін деген болжам бар.
Негізгі мәселе: алдағы конституциялық реформа қандай форматта өтеді? Президент тек аз-мұз түзетулермен шектеле ме, әлде Қазақстан толық жаңартылған Ата заңға, жаңа Парламентке және соған сай өзгерген саяси құрылымға өте ме ? Осы сұрақ қоғамды алаңдатып отыр.
Бір нәрсе анық: бұл жолы билік бұрынғыдай әрекет етіп отырған жоқ. Назарбаев кезеңінде Конституция бірнеше рет өзгертілді, алайда ол үдерістер жабық форматта, қоғамдық талқылаусыз өтті. Ал қазір қоғамға Қызылордадағы құрылтай алаңы ұсынылып отыр, реформаның легитимділігі туралы ашық әңгіме айтылып, референдум өткізу мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.
Бұл, әрине, табысқа кепілдік бермейді. Бірақ тәсіл мүлде бөлек. Ашық диалогқа ұмтылыс бар. Кемшілігі болса да, бұл жолы биліктің қадамы әлдеқайда адамға жақын, түсінікті көрінеді.
Осы тұста тағы бір үрдіс айқын байқалады: кейбіреулер ештеңе болып жатқан жоқтай кейіп танытып, барлығын жоққа шығаруға асығады. Кез келген бастаманы алдын ала «имитация», «жалған реформа» деп бағалау үйреншікті әдетке айналған. Мұндай ұстаным өте ыңғайлы – ол қатысуды да, жауапкершілікті де, тәуекелді де талап етпейді.
Алайда сын айту құқығы тек сырттан бақылап отырған адамға емес, процеске араласуға талпынған азаматқа ғана лайық екенін ұмытпау керек. Бүгінгі Конституция мен парламенттік реформа төңірегіндегі талқылау – жүйені қирату емес, оны өзгертуге берілген сирек мүмкіндік. Иә, шектеулер бар. Иә, толық сенім де жоқ. Бірақ бақылаушы күйінде қалу мәселені шешудің жолы емес екенін бәріміз түсінеміз. Ондай жағдайда кез келген сәтсіздік үшін кінәні өзгеден іздеу әдетке айналады.
Қоғамда өзгеріс керек деген пікір көп айтылады. Бірақ сайлау жақындағанда белсенділік күрт төмендейді. Біз «халықтың еркі» деген ұғымды жиі қолданамыз, алайда нақты әрекетке келгенде сол халықтың өкілдерін табу қиын.
Қазір қоғамдық белсенділікті көбіне әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар немесе радикалды талаптары бар шағын қауымдар ғана көрсетеді. Ал орта тап пен шағын бизнес саяси процестерден алшақ. Себебі сенім жоқ: көшбасшыларға да, оппозициялық құрылымдарға да, олардың болашаққа нақты бағдар ұсына алатынына да күмән көп.
Мұны Қазақстан бұрын бастан өткерген. Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Ғалымжан Жақиянов, Асылбек Қожахметов сынды тұлғалардың саясаттан кетуі – қоғам тарапынан нақты қолдау болмағанының айқын дәлелі.
Осы тұрғыда бір палаталы парламент мәселесі революция да емес, кері кету де емес. Тарих көрсеткендей, Қазақстан үшін екі палатаның болуы шешуші фактор бола алмады. Негізгі мәселе – палаталардың саны емес, өкілдіктің сапасы, саяси бәсеке мен жауапкершілік.
Күшті партияларсыз, нақты көшбасшыларсыз және азаматтардың белсенді қатысуынсыз кез келген парламент саяси декорацияға айналып кетуі мүмкін. Мұны Президенттің өзі де түсініп отырғаны байқалады.
Алайда үнсіз отырып, барлығын сынаумен шектелу де – тығырыққа апаратын жол. Егер дәл қазір, ережелерді қайта қарау мүмкіндігі туып тұрған сәтте қоғам тағы да шет қалса, кейін кінәлі іздеудің мәні болмайды.
Сондықтан бұл жолы нәтиже болады деп үміттенгіміз келеді. Барлығы мінсіз болғандықтан емес, өзгеріс жасауға мүмкіндік туғандықтан. Мұндай мүмкіндік жиі берілмейді. Бәлкім, бұл – жақын уақыттағы ең соңғы шанс та болуы мүмкін.