Жыл басынан бері Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғалары салдарынан 52 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапқан. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті «Власть» сайтына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Статистикаға сәйкес, былтырғы жылы әл-Фараби даңғылында белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін шамамен 90 мың айыппұл салынған.
2019 жылы әл-Фараби даңғылында 53 жол апаты тіркеліп, 64 адам жарақат алған. Ал 2025 жылы жол-көлік оқиғаларының саны 143-ке дейін өсіп, 172 адам жараланып, екі адам қаза тапқан.
Өткен жылы осы даңғылда жылдамдықты асырғаны үшін 89 634 айыппұл салынған. Биылғы жылдың алғашқы бес айында мұндай құқық бұзушылықтар бойынша 24 844 айыппұл хаттамасы толтырылған.
Полиция департаменті қазіргі уақытта тиісті қызметтер аталған учаскедегі жол қозғалысын жетілдіру бойынша түрлі ұсыныстарды қарастырып жатқанын хабарлады. Дегенмен жылдамдық режимін өзгертуге қатысты нақты шешімдер әзірге қабылданбаған.
Қазір әл-Фараби даңғылында рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 80 шақырымды құрайды. 2018 жылы бұл көрсеткіш сағатына 60 шақырымға дейін төмендетілген еді. Кейіннен қайтадан сағатына 80 шақырымға ауыстырылған.
Контекст
21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr X автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.
Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.