Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек немесе Қазақстандағы билік вертикалі қалай өзгереді?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Тоқаев тағы да өзіне тән қасиетті көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды. Шынын айту керек, бұлай істеу тек Тоқаевтың қолынан келеді. Барлығымыз парламент реформасына дайындалып, өрмегімізді осы бағытта тоқи бастағанбыз.

Алайда Ұлттық құрылтайда Президент саяси сахна декорациясын түбегейлі өзгертіп, жаңа сценарий ұсынды. Бұл бәзбіреулерді абдыратып тастады, енді бірі тіпті шок жағдайында қалды. Мемлекеттік кеңесші лауазымынан бас тарту, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайды тарату, екі палаталы парламентті тарих қойнауына жіберу – тағысын-тағы айтылған реформалар бұған дейінгі өзгерістерді шаң қаптырды. «Қош, ескі жүйе, қош, ескі құрылым» деп, қол шапалақтағандар да болды, білем.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бүгінгі жаңалық еліміздің саяси ұстынын басқа арнаға бұрғандай болды. Билік тармақтарының өзгеруі, өкілеттіліктің қайта бөлінетіні жайлы мәлімдеме Ата заңды қайта жазуға әкелетін қадам екені деп бүгінгі келелі кеңесте айтылды.

Парламенттің қос палатасы Сенат пен Мәжіліс те өз жұмысын аяқтап, орнын «Құрылтай» деп аталатын жаңа заң шығарушы институтқа босатады. «Құрылтай» деп аталуының өзінде ұлттық бояу, символдық мән жатыр. Бұған қоса, президенттік квота да, Қазақстан халқы Ассамблеясына тиесілі квота да жойылады. Барлық депутат партиялық тізім бойынша сайланып, бірдей мандат алады. Өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты блок одан да айқын көрінеді. Президент Конституциялық және Жоғарғы соттарды, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаны қалыптастыруда шешуші рөлді Парламентке беруді ұсынып отыр. Бұл құзырет қазір Президентте. Осылайша мемлекет басшысы қолындағы биліктің бір бөлігін басқа билік институтымен бөлісуге дайын екенін көрсетті. Ондаған жылдар бойы бар билікті бір қолға шоғырландырған Қазақстан жағдайында бұл – ерекше қадам.

Ұлттық құрылтайдағы тағы бір басты мәселенің бірі – билік транзиті мен легитимділік. Президент мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда екі ай ішінде міндетті түрде сайлау өткізу нормасының енгізілуі ескіқазақстандық саясаттағы ең ауыр тақырыптардың бірін жабуға жасалған талпыныс іспетті. Ізбасар мен мұрагер түсініктері қоғамда қашанда интригаға толы тақырып. Ол және елдің ішкі-сыртқы саясатына салқынын тигізбей қоймасы анық. Тоқаев бұған да нүкте қояр сөзін айтып, енді билік транзиті тек сайлау арқылы жүзеге асуы тиіс дегенді айтты.

Вице-президент лауазымының енгізілуі, сонымен қатар мемлекеттік кеңесші қызметінің жойылуы да жүйелі қайта құрудың белгісі. Бейресми идеологиялық координатор тұлғасы жоғалып, оның орнына мемлекет басшысының институционалды әрі ресми түрде бекітілген орынбасары пайда болады. Бұл иерархия мен айқындық береді, алайда президенттік билікті әлсіретпейді, деді Тоқаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына құрылатын Халық кеңесі де көптің күтпеген шешімі болды. Мұнда президент, шын мәнінде, билік пен қоғам арасындағы бұрынғы диалог форматтарының өз әлеуетін сарқып болғанын мойындап отыр. Жаңа орган бірыңғай пікір алмасу алаңы ретінде жоспарланғанымен, ол мемлекеттік жүйеге кіріктіріледі. Халық кеңесі шынымен бұқараның мәселесін бұйдасынан сүйреп, үлкен саяси сахнаға жетектеп шығаратын әлеуетті институтқа айнала ма, әлде тек сыртқы көрінісі мен атауы ғана «халықтық» болып қала ма, оны алдағы уақытта көреміз.

Жаңа құрылымдарды кім басқарады және Тоқаев өзінің жанынан кімдерді көргісі келеді деген үлкен бір мәселе бар. Біздің болжам расқа айналса, вице-президент қызметіне Мәулен Әшімбаев тағайындалуы мүмкін, Ерлан Қарин Халық кеңесінің тізгінін ұстайды, ал «Құрылтайды» Ерлан Қошанов басқаруы ықтимал.

Қалай болғанда да, кім қай лауазымды иеленсе де, бүгін болған жайт сақтықпен жасалған кезекті түзетуге мүлде ұқсамайды. Керісінше, Қазақстан ұзақ жылдар бойғы тоқырау мен созылмалы транзиттік жағдайдан шыға бастағандай әсер қалдырады. Алайда мұнда тағы бір сұрақ туындайды: қоғам мұндай жылдам әрі терең өзгерістерге дайын ба?

Өйткені институционалдық реформалар – бұл тек Конституция мәтініндегі жаңа нормалар мен құрылым атаулары ғана емес. Бұл – партиялар, көшбасшылар, азаматтардың белсенді қатысуы және жауапкершілік. Осының бәрі болмаса, кез келген «Құрылтай» телеэкрандағы әдемі көрініс күйінде қалып қоюы әбден мүмкін.

Соған қарамастан, бір нәрсе анық: Тоқаев ескі жүйені жамап-жасқаудан бас тартып, оны қайта құруға тәуекел етіп отыр. Және оны ашық түрде, референдум мен сайлау арқылы іске асырмақшы. Бұл қадам сәтті бола ма, жоқ па, оны уақыт деген төреші көрсете жатар. Алайда Қызылордадағы құрылтайдан кейін «маңызды ештеңе болып жатқан жоқ» деу енді мүмкін емес.

Ulysmedia.kz журналистері сарапшылармен бірге V Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысының жасаған баяндамасын талдап жатыр. Осы тақырыптағы материалдарды біздің сайттан оқи аласыз.