Қазақстандықтар мемлекеттік маңызы бар істерге араласудан алшақтап кеткен сияқты. Белсенділік төмен. Тап қазір мемлекеттік маңызы бар іс деп атауға әбден болатын жаңа Конституция жобасы талқыланып жатыр. Егер халық «Конституция сөреде шаң басып жататын заңдар жинағы» деген пікірде болса, онда елде еш өзгеріс болмайды. Себебі талқылауға шығарылған жаңа Конституция жобасы біздің алдағы өміріміздің, балаларымыздың болашағының бағыт-бағдарын анықтайтын басты құжат, сондықтан оның Ата заңға айналуы не Қате заңға айналуы біздің белсенділігімізге байланысты.
Бақылаушы емес, «бата берушіге» айналуы тиіс
Конституция жобасы «Қызық газет» емес, сондықтан жұрттың бәрі жоба нұсқасын бас алмай оқиды деп асығыс пікір білдірмей-ақ қояйын. Алайда кейбір баптарға назар аудармауға болмайды. Мәселен, 73-бап. Онда Конституциялық соттың өкілеттігі көрсетілген. Ұсынылып отырған редакцияға сәйкес, Конституциялық сот іске тек президенттің, Құрылтай төрағасының, депутаттардың бір бөлігінің немесе премьер-министрдің өтінішімен ғана араласады. Ал соттың өзіне пассивті бақылаушы рөлі берілген: ол дауларға реакция білдіре алады, бірақ сайлау мен референдумдардың конституциялық тұрғыдан бағалануына жауапты болмайды.
Сонда сайлаудың Конституцияға сай өткеніне мемлекет атынан кім кепілдік береді? Әлде бұрынғыдай, жай ғана «өткен факт бойынша» заңды деп таныла бере ме? Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, демократиялық жүйелерде Конституциялық сот тек шағымдарды қарайтын орган емес, сонымен қатар сайлаудың заңдылығы мен легитимділігінің институционалдық кепілі болып саналады. Сондықтан 73-бапты кеңейтіп, Конституциялық сотты сайлау мен референдумдарға қатысты азаматтардың барлық өтінішін қарауға және белгіленген мерзімде олардың Конституцияға сәйкестігі жөнінде ресми қорытынды беруге міндеттеу қажет деп санаймын. Бұл – азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын бағалау мәселесі. Ол әрі сайлаушылардың, әрі кандидаттардың құқығы. Ал олардың бұзылуы міндетті түрде конституциялық тұрғыдан қаралуы керек. Егер Конституциялық сот нақты кепіл рөлін алса, негізгі заң кез келген мемлекет үшін ең сындарлы сәтте, яғни билік транзиті кезеңінде тікелей жұмыс істей бастайды.
Мемлекеттік тіл міндетті ме, әлде қалауың бойынша ма?
Жаңа Конституция жобасында Құрылтай төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттардың ішінен сайланатыны көрсетілген. Бір қарағанда, бұл қисынды көрінеді. Алайда сұрақ туындайды: егер өкілді органдағы ең жоғары лауазымға мемлекеттік тілді білу талабы бөлек көрсетілсе, онда Құрылтай депутатының өзі мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде білмесе де сайлана береді дегенді білдіре ме? Мұндай тұжырым іс жүзінде әділетсіз болар еді. Өйткені Құрылтай төрағасы мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі керек те, ал заң шығарушы депутат міндетті емес. Құрылтай дегеніміз не? Ол Қазақстан үшін заң шығаратын орган. Егер мемлекеттік тіл Конституцияда бекітілсе, оны еркін меңгеру барлық депутат үшін базалық талап болуы тиіс. Әйтпесе, бұл норма мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтудан гөрі, оны заң шығарушы үшін қосымша, факультативті қасиет ретінде мойындағандай әсер қалдырады. Тікелей қолданылатын Конституция үшін мұндай екіұштылыққа жол берілмеуі керек.
Үкімет және есептілік: 65-бапта не жетіспейді?
Конституция жобасының 65-бабында үкіметтің функциялары тым ықшам әрі формалды түрде сипатталған. Үкімет саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді, қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етеді, бюджетті ұсынады және оның орындалуы жөнінде есеп береді. Бұл бап үкіметтің атқарушы рөлін бекітеді, алайда оның саяси жауапкершілігін айналып өтеді. Ал дамыған парламенттік мәдениеті бар елдерде билік тепе-теңдігінің басты элементі – үкіметтің әрекет ету құқығы ғана емес, қоғам алдында есеп беру міндеті бар.
Қазақстанда маңызы жоғары, бірақ біржақты институт бар, ол – президенттің халыққа Жолдауы. Ол ел дамуының басымдықтарын айқындайды. Алайда бүгінде Жолдау мен үкіметтің нақты жауапкершілігі арасында алшақтық бар: Жолдау бар, ал оны орындау жөніндегі жүйелі есеп жоқ. Сондықтан 65-бапты дамытудың қисынды жолы – премьер-министрді жыл сайын, президенттің келесі Жолдауына дейін, Құрылтай алдында алдыңғы Жолдаудың орындалуы туралы есеп беруге міндеттеу. Мұндай есеп жария саяси жауапкершілік актісі болуы тиіс.
Сөз бостандығы: қауіп емес, құқық
65-бапқа енгізілетін толықтырулар министрлер мен журналистер арасындағы белгілі бір шиеленісті азайтып, сөз бостандығына да оң әсер етуі мүмкін. БАҚ пен әрбір азамат биліктің барлық тармағын сынай алу құқығына ие болуы тиіс. Мемлекетті сынау мемлекеттілікке төнген қауіп ретінде қарастырылмауы керек. Әрине, сөз бостандығы анархия да, шексіздік те емес. Ол басқа адамдардың ар-намысына нұқсан келтірмеуі, азаматтардың денсаулығына зиян тигізбеуі, қоғамдық моральды бұзбауы және қоғамдық тәртіпке қауіп төндірмеуі тиіс. Бірақ ең маңыздысы, осы құқықты теріс пайдаланғанын дәлелдеу міндеті мемлекеттің өзіне жүктелуі керек, ал бұлыңғыр тұжырымдар БАҚ пен қоғамға қысым жасаудың әмбебап құралына айналмауы тиіс.
Денсаулық сақтау құқығы
Маңызды тақырыптардың бірі – денсаулық сақтау құқығы. Конституция азаматтарға заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмекке қолжетімділікті кепілдендіруі тиіс. Ал ақылы медицинаның болуы айқын әрі ашық шеңберде реттелуі қажет. Сонымен қатар биоэтика саласында, оның ішінде эвтаназияға қатысты абсолютті тыйымдарды Конституцияда бекіту ерекше сақтықты талап етеді. Әлемдік тәжірибе мұндай нормалардың кейіннен манипуляция мен қоғамдық қақтығыстар көзіне айналатынын көрсетіп отыр. Мұндай мәселелерді Негізгі заң деңгейінде емес, салалық заңнама арқылы шешкен жөн.
Табиғи ресурстар және халық
Табиғи ресурстар мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Егер жер, жер қойнауы, су және өзге байлықтар халыққа тиесілі делінсе, бұл тек әдемі сөз болып қалмауы керек. Мемлекет халық атынан әрекет ете отырып, осы ресурстарды пайдалану жөніндегі келісімдердің шарттарын жасыруға құқылы емес. Өнімді бөлу туралы жабық келісімдер халықтық меншік логикасына қайшы келеді және мемлекеттің ортақ ресурстарды басқарушы ретіндегі беделіне нұқсан келтіреді.
Беріктікке сын
Бұл нормалардың барлығы жаңа Конституция нақты әрекет ететін құжатқа айнала ма, әлде әйтеуір аты бар, заты бұлыңғыр декларация болып қала ма – соны көрсетеді. Егер Конституция шынымен заңдардан, нұсқаулықтардан және саяси мақсаттылықтан жоғары тұрса, Қазақстанда ұзақ уақыттан кейін алғаш рет мемлекетпен қатар азаматтарды да қорғайтын Негізгі заң пайда болмақ.
Лоббизм туралы
61-бапқа назар аударыңыз. Ол Құрылтайға бүкіл ел аумағында міндетті заңдар мен қаулылар қабылдау құқығын береді. Мұнда талаптар, дауыс беру тәртібі, президенттің рөлі көрсетілген. Бір қарағанда, бәрі қисынды. Бірақ лоббизмге және заң шығару процесіне жасырын ықпал етуге тікелей тыйым салу секілді басты норма жоқ. Депутаттарға мүдделі тұлғалар, ірі бизнес, мемлекеттік органдар немесе көлеңкелі делдалдар тарапынан қысым жасауға жол берілмейтіні туралы бірде-бір сөз жоқ. Конституцияда пара беру, «келісімдер» мен жеке мүддені ілгерілетуге тыйым салынбаған. Егер бұл бап түзетілмесе, қанша дауыс беру өтсе де, мұндай заң халықтың еркін білдіре алмайды. Неліктен Құрылтай депутаттарына кез келген лоббизм, парақорлық және қысым көрсету Конституцияда тікелей тыйым салынғанын нақты бекітпеске? Бұл қағида базалық болуы тиіс. Өйткені Конституция билікті шектесе, сол билікке жасырын ықпал ету тетіктерін де шектеуі керек.
Тоқаев не қалайды?
Біздің қоғамда кінәліні іздеу әдеті бар, Әйтеуір әр істен бір кінәліні іздеп тұрамыз. Бүгінде наразылықтың ұшқыны Тоқаевқа қарай ұшып жатыр. Ал шынында жауапкершілікті тағы кімге жүктейміз? Оған абстрактілі жүйені емес, онжылдықтар бойы қалыптасқан, инерциясы бар, әдеттері орныққан, ішкі қайшылықтары мен қарсылығы мол мемлекеттік механизмді реформалау бұйырды. Мұндай процесс жылдам әрі ауыртпалықсыз өтеді деп күту аңғалдық болар. Оның бастамалары тек саяси ерікке емес, экономикалық, кадрлық және қоғамдық проблемаларға толы біздің шындығымызға тіреліп отырғаны анық. Ал жаңа Конституция қалай жазылатынын сырттай бақылап, менің қатысым қанша деу осы елдің азаматына сын ғой. Сонда қалай, кейін «мұның бәрін мен шешкен жоқпын, мен қатысқаным жоқ» деп, мұрынды бір тартып, отыру үшін бе? Тоқаев әлем елдерін бір кісідей аралаған, көрген-түйгені мол, ел болашағы қандай болуы керегін біледі. Ол ұлттың мінезін, оның күшті және әлсіз тұстарын салыстыра алады. Ол пікірталасқа дайын. Ендеше, біз де өз ойымызды айтуға тырысып көрмейміз бе?
Қоғамдық талқылау – жаңа стандарт
Жаңа Конституция жобасын талқылау форматының өзі бөлек атап өтуге тұрарлық. Еуразиялық кеңістікте бұл Негізгі заң мәтіні жабық түрде емес, ашық әрі жария талқылауға шығарылған сирек жағдай. Сондықтан Ата Заң үшін жауапкершілік тек биліктің емес, бүкіл қоғамның мойнына түседі. Бүгінгі талқылауға қатыса алмаған, ертең өмірге келетін жаңа ұрпақ үшін де шешімді біз қабылдағалы отырмыз. Сондықтан белсенді болуымыз керек.