Жаңа сипаттағы соғыс: Таяу Шығыс қауіпсіздік туралы қайта ойлануға мәжбүр

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Иранда және оның төңірегінде болып жатқан жағдайды қазіргі саяси терминологияда жаңа эскалация толқыны деп атайды. Бұл ХХІ ғасырдағы қақтығыстардың әдеткі әскери шайқастар шеңберінен әлдеқайда асып кеткенін нақты көрсетеді. Парсы шығанағындағы елдерде орналасқан АҚШ әскери нысандарымен бірге экономиканың тірегі саналатын инфрақұрылым да соққыға ұшырады. Сарапшылар қазіргі дағдарысты тек өңірлік қақтығыс ретінде қарастыруға болмайтынын жиі айта бастады. Шын мәнінде бұл - энергетикалық, технологиялық және геосаяси жүйелердің қақтығысы.

АҚШ базалары: қауіп пе, қорған ба?

Парсы шығанағындағы америкалық базалар ондаған жыл бойы негізгі тежеу құралы саналып келді. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Эд-Дафра әуе базасы мен Катардағы Эль-Удейд базасы – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери инфрақұрылымының басты элементтері. Алайда соңғы оқиғалар тіпті ең заманауи зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің де күйрейтінін көрсетті. Оның ішінде Patriot пен THAAD жүйелері де бар. Баллистикалық зымырандар мен дрондардың жаппай қолданылуы қорғаныс жүйелерін шамадан тыс жүктеп, дәстүрлі әскери инфрақұрылымды қорғаныш емес, керісінше нысанаға айналдыруы мүмкін. Сондықтан америкалық базалардың болуы қауіпсіздік кепілі ме, әлде Парсы шығанағы елдері үшін қауіп факторы ма деген сұрақ жиі талқылануда.

Жаңа қауіп түрі: цифрлық инфрақұрылымға соққы

Microsoft Azure бұлтты платформасына қатысты дата-орталықтарға шабуыл жасалуы мүмкін деген хабарлар ерекше назар аудартты. Егер бұл ақпарат расталса, онда соғыстың сипаты мүлдем басқаша болуы мүмкін. Бұлтты инфрақұрылым енді тек коммерциялық платформа емес, ол мемлекеттік және қорғаныс жүйесінің бір бөлігіне айналды. Azure-ды тек ірі корпорациялар ғана емес, АҚШ мемлекеттік құрылымдары, қаржы институттары және қорғаныс мердігерлері де пайдаланады. Парсы шығанағы елдерінде Azure дата-орталықтарының маңызы ерекше. Олар америкалық технологиялар мен араб елдерінің жасанды интеллект, бұлтты есептеу және әскери байланыс саласындағы амбицияларын байланыстыратын цифрлық көпірге айналды. Мұндай нысандарға жасалған соққы тек деректер сақталатын инфрақұрылымға ғана емес, жалпы цифрлық тұрақтылық идеясына деген сенімге соққы болып есептеледі.

Жаһандық AI инфрақұрылымындағы Парсы шығанағының рөлі

Соңғы жылдары Парсы шығанағы елдері цифрлық хабтар құруға белсенді инвестиция салуда. Сауд Арабиясы, БАӘ және Катар бұлтты технологиялар, жасанды интеллект және дата-орталықтарға ондаған миллиард доллар құйып жатыр. Бұл жобалар өңірді Еуропа, Азия және Африканың арасындағы ең ірі технологиялық тораптардың біріне айналдыруды көздейді. Microsoft, Amazon және Google компаниялары ірі бұлтты аймақтар салып жатыр. Олар тек өңірлік бизнесті ғана емес, халықаралық қаржы жүйелерін де қамтамасыз етеді. Сондықтан мұндай нысандарға жасалған кез келген шабуыл Таяу Шығыстан әлдеқайда алыс жерлерге әсер етуі мүмкін. Бұл цифрлық экономика сүйенетін бүкіл инфрақұрылымның тұрақтылығына күмән тудыруы ықтимал.

Мұнайдың беделі әлі түскен жоқ

Қазіргі шиеленісті энергетикалық нарықтан бөлек қарастыру мүмкін емес. Парсы шығанағы әлемдік экономикаға мұнай мен газ жеткізетін негізгі аймақ болып қала береді. Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі теңіз жолымен тасымалданатын мұнайдың шамамен бестен бірі өтеді. Сондықтан өңірдегі кез келген тұрақсыздық бірден энергетикалық нарықтарға әсер етеді. Әскери және энергетикалық инфрақұрылымға жасалған соққылар мұнай тасымалының тәуекелін арттырып, бағалар мен жаһандық инфляцияға тікелей ықпал етеді. Азия елдері үшін, оның ішінде Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония үшін Парсы шығанағындағы тұрақтылық, ең алдымен, экономикалық қауіпсіздік мәселесі.

Қытай факторы

Иран төңірегіндегі жағдай Қытайдың өңірдегі ықпалының артуымен де тығыз байланысты. Бейжің – иран мұнайының ең ірі сатып алушысы және Таяу Шығыс инфрақұрылымының белсенді инвесторы. Қытай компаниялары порттар, телекоммуникация желілері және энергетикалық жобалар салуға қатысып жатыр. Сонымен қатар Қытай балама технологиялық экожүйелерді – бұлтты платформалар мен телекоммуникациялық желілерді дамытуда. Өңірдегі кейбір елдер үшін бұл америкалық технологиялық жүйе мен қытайлық жүйенің арасында тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік береді. Егер батыстық цифрлық инфрақұрылымға деген сенім әлсіресе, Таяу Шығыстың бірқатар елі технологиялық тұрғыда Қытайға қарай бет бұруы мүмкін.

Экономикалық салдары

Алдын ала есептеулер бойынша шабуылдан келген шығын ондаған миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Зақымданған әскери нысандар мен инфрақұрылым, сондай-ақ қымбат зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін пайдалану орасан қаржылық шығындарға әкеледі. Бірақ бұдан да маңыздысы – инвесторлардың сенімін жоғалту қаупі. Әлемдік технологиялық және қаржылық орталыққа айналуды көздеп отырған өңір үшін инфрақұрылымның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі аса маңызды.

Гибридті соғыс

Таяу Шығыстағы жағдай қазіргі қақтығыстар тек әскери шабуылдармен шектелмейтінін көрсетті. Олар энергетика, IT, қаржы және технология салаларын да қамтып, шиеленісті әлдеқайда қауіпті етеді. Жаһандық өзара байланыс жағдайында инфрақұрылымның бір бөлігіне жасалған соққы бүкіл экономикалық тізбекке кесірі тиюі мүмкін. Ол нарықтарға да, саяси одақтарға да ықпал етеді. Сондықтан қазіргі дағдарыс цифрлық экономика дәуіріндегі алғашқы ірі қақтығыстардың бірі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Қандай сабақ аламыз?

Таяу Шығыстағы эскалация бүгінгі күні әскери қуат тек танк пен ұшақ санына байланысты өлшенбейтінін көрсетіп отыр. Ең маңызды факторларға цифрлық инфрақұрылым, киберқауіпсіздік және технологиялық экожүйелерді бақылау жатады. Бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатыспайтын, бірақ жаһандық деректер, технологиялар мен қаржы жүйесінің ішінде тұрған мемлекеттер үшін ерекше маңызды. Қазақстан – соның бір мысалы. Соңғы жылдары ел заңнаманы жаңартып, конституциялық тетіктерді күшейтіп, мемлекеттік басқару саласында реформалар жүргізді. Алайда соңғы оқиғалар институционалдық өзгерістердің өзі жаңа технологиялық шындық жағдайында қауіпсіздік мәселесін толық шешпейтінін көрсетіп отыр.

Негізгі сұрақ

Қазақстандықтардың жеке деректерінің жаппай таралып кеткені туралы БАҚ бірнеше рет жазды. Бұл цифрлық инфрақұрылымның осал екенін көрсетті. Мемлекеттер деректерді бақылау үшін бәсекеге түсіп жатқан дәуірде мұндай оқиғалар жай техникалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналады. Осы тұста бүгінгі күні мемлекеттің шынайы тұрақтылығы немен өлшенеді деген маңызды сұрақ туындайды. Әскери техника мен армия саны әлі де маңызды фактор. Бірақ қақтығыстар спутниктік жүйелерге, бұлтты платформаларға, телекоммуникациялық желілерге және дата-орталықтарға әсер етіп жатқан заманда технологиялық тәуелсіздік пен киберқорғаныс деңгейі де аса маңызды. Қазақстан сияқты елдер үшін бұл міндетті орындау күрделі болады. Өйткені олар АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа сияқты ірі технологиялық әрі геосаяси орталықтардың арасында орналасқан және жаһандық цифрлық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып отыр. Мұндай жағдайда «дағдарыс кезінде мемлекеттің қолында не бар» деген сұрақ қойылады. Өз технологиясы мен қорғалған дата-орталықтарына ма, әлде сыртқы жүйенің тұрақтылығына ғана үміт арту керек пе? Бұл сұраққа ойланып жауап беру қажет. Өйткені ол жаңа, гибридті қақтығыстар дәуірінде мемлекеттің тұрақтылығын айқындайды.