«AMANAT партиясы Саяси кеңесінің мәлімдемесі» атты тосын әрі астары қалың құжат партияның ресми сайтында жарияланды. Мәлімдеме «Қазақстан даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып отыр» деп басталатындықтан, билік партиясының өзі де саяси ғұмырбаянының келесі белесіне дайындалып жатқандай әсер қалдырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КІМ КІММЕН БІРІГЕДІ?
Мәлімдемедегі негізгі ұғым – «топтасу». Қарапайым тілмен айтқанда, бірігу. Жаңа Конституцияның, әділеттіліктің, прогрестің және сіз бен біз қарсылық білдіре қоймайтын өзге де игі құндылықтардың төңірегіне топтасу туралы айтылған.
Көкейде бірден заңды сұрақ туады: кім кіммен бірігуі керек? Немесе кім кімге қосылмақ?
Мәлімдеме мәтініне қарағанда, жауап анық: президенттің, жаңа Конституцияның, жалпыұлттық құндылықтардың және ең қызығы, AMANAT партиясының төңірегіне топтасуға үндейді. Бірақ бұл жерде тағы бір сауал бар: «Әділет» AMANAT-қа қосыла ма, әлде керісінше ме?
Мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Кез келген билік партиясы өзін мемлекеттік саясаттың басты жүргізушісі санайды. Бірақ Қазақстанның өзге елдерге ұқсамайтын ерекшелігі тағы бар. Жуырда ғана бізге саяси жаңғыру, көппартиялы жүйені дамыту және идеялар бәсекесінің маңызы туралы айтылған еді. Референдум мен жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елде жаңа саяси кезең басталып, әртүрлі партиялар мемлекетті дамытудың түрлі бағдарламаларын ұсына алады деп түсіндірілген.
Ал енді бәсекені ысырып қойып, оның орнына топтасу басты ұран етіп көтеріліп отыр. Әдемі әрі ыңғайлы ұғым. Ынтымақтастық деп те түсінуге болады. Бірлік деп әдіптесең де мейлің. Қажет десең, шағын саяси ойыншылардың ірі әрі заманға бейім құрылымдардың құрамына біртіндеп сіңуі ретінде де түсіндіруге мүмкіндік бар.
AMANAT мәлімдемесінің астарындағы қатпарды қалыңдататын тағы бір жайт – жуырда ғана саяси алаңда «Әділет» партиясының пайда болуы. Ол өз күн тәртібі, амбициясы, жақтастары мен басшылығы бар дербес саяси жоба ретінде құрылған еді.
ТАҒЫ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ПА?
«Әділет» құрылды дегенді естіген бойда саяси ортада кезекті бірігуге дайындық жүріп жатқаны жайлы болжам қызу талқыланды. AMANAT-тың барлық прогрессивті күштердің топтасуы туралы табанды түрде айта бастауының сыры осында емес пе?
Бұл нұсқаны жақтаушылардың уәжі түсінікті: егер екі партия да президент бағытын қолдап, реформаларды жақтап, ұқсас көзқарасты ұстанса, онда екі құрылымды қатар ұстаудың не қажеті бар? Неге біреуін-ақ қалдырмасқа?
Қызық сұрақ, әрине.
Бірақ тағы бір сауал туындайды: егер барлық прогрессивті күш бір сапқа тұруы керек болса, онда көппартиялылықтың шекарасы қайда қалады? Әлде бұл тағы да көзбояушылық па?
Аға буын өкілдері кезінде елде бір ғана үлкен әрі «дұрыс» партия болып, қалғандарының бәрі соның төңірегіне топтасқан кезеңді жақсы біледі. Ол уақытта да бірлік, топтасу және тарихи міндеттер туралы көп айтылатын. Әрине, қазіргі жағдайды ол кезеңмен салыстыру қиын. Оның үстіне, AMANAT мәлімдемесінде оғаш немесе күмәнді ештеңе жоқ. Қазақстанға шынымен де әділеттілік те, прогресс те, даму да қажет.
Дегенмен саяси интрига көптің ойын сан-саққа жүгіртті.
ЖАҢАРАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ МЕ?
Демократия дегеніміз – ортақ мақсаттар жолында жұмыла білу ғана емес. Сол мақсаттарға жетудің балама жолдарын ұсынатындармен қатар өмір сүре алу қабілеті.
Осы тұста философиялық сипаттағы тағы бір сұрақ туындайды. Егер ел шынымен жаңа саяси кезеңге аяқ басса, онда тек саяси жүйені ғана емес, билік партиясының өзін де жаңартатын уақыт келген жоқ па?
Аты қанша өзгерсе де – мейлі «Отан», «Нұр Отан» немесе AMANAT болсын, көпшілік үшін ол әлі күнге дейін ондаған жыл бойы биліктің саяси синониміне айналған баяғы «Нұр Отан» болып қала береді.
Бәлкім, шынайы топтасу дегеніміз жаңа партиялардың ескі құрылымдарға сіңуі емес, керісінше, ескі саяси жүйелердің ұзақ уақыт бойы уәде етілген жаңа саяси шындыққа бейімделуі шығар?
ІС ТЕТІГІН КАДР ШЕШЕ МЕ?
Тағы бір маңызды фактор бар. Ол – кадр мәселесі.
2022 жылға дейін билік партиясы президенттердің тікелей саяси қамқорлығымен өмір сүрді. Нұрсұлтан Назарбаев «Отан» партиясын өзі үшін құрды, өз ыңғайына бейімдеді. Кейін партия ұзақ жылдар бойы оның саяси беделінің ықпалында болып, әуелі «Нұр Отанға», одан соң іс жүзінде билікке адалдық қалыптастыратын басты мемлекеттік институтқа айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев партия қатарынан шығып, оның атауын AMANAT деп өзгертуді ұсынғанда, көпшілік ескі саяси жүйені ыдырату процесі басталды деп ойлады. Күмәнмен қарағандар бұл партия да келмеске кетіп бара жатқан дәуірдің соңынан ілеседі деп болжаған.
Алайда олай болған жоқ. Бұл ретте Ерлан Қошановтың еңбегін атап өткен жөн. Жоғары лауазымды шенеуніктердің партия қатарынан жаппай кетуіне қарамастан, AMANAT өзінің басым позициясын сақтап қалып, елдегі ең ықпалды саяси күштердің бірі болып қалды.
ӨТКЕН МЕН БОЛАШАҚ ТАРТЫСҚА ТҮСКЕНДЕ
Уақыт бір орында тұрмайды. Саяси кеңістікте жаңа есімдер мен жобалар пайда болды. Сахна ауысып, ойын ережелері қайта жазылып жатыр.
Сондықтан бүгінгі басты сұрақ – AMANAT өз ықпалын сақтап қала ма деген мәселе емес. Ол ықпал алдағы уақытта қандай сипатта көрінеді деген мәселе. Өйткені қанша рет атауы өзгерсе де, ел тұрғындары үшін AMANAT әлі де сол баяғы «Нұр Отан». Тек жаңа логотип пен жаңа маңдайша таққаны болмаса.
Егер ел шынымен жаңа саяси кезеңге қадам басса, ерте ме, кеш пе, таңдау партиялардың бірігуі мен бөлінуінің арасында емес, өткен мен болашақтың арасында жасалуы мүмкін.
Топтасу процесінің нәтижесінде біреу біреуді жұтатыны анық. Мәселе тек мынада: бұл ескі жүйенің ішінде жұтылған жаңа партия бола ма, әлде жаңа заманға бейімделген ескі жүйе болмақ па?
Автор: Самал Ибраева