Саяси дода – кастинг емес: Құрылтай сайлауынан не күтеміз

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Адамзат сайлауды қалай дөп ойлап тапқан! Көздеген орынға лайық екеніңді халыққа дәлелдейсің, елдің мұң-мұқтажын түсініп қана қоймай, оны шеше алатыныңа жұрттың көзін жеткізіп, ең көп дауыс жинайсың да – билікке қол жеткізесің.

Бұл жолы сайлаушылардың ықыласына бөлену үшін 545 кандидат бақ сынайды. Олардың әрқайсысының артында партия тұр. Ал партия дегеніміз – алдағы бес жылда Құрылтайда заң шығарып, үкіметпен айтысқа түсуге және өз сайлаушыларының мүддесін қорғауға ұмтылған саяси күш. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ең шешуші кезеңін ресми түрде бастап берді: партиялар өз тізімдерін тіркеп, үгіт-насихат науқанына кірісті. ОСК таратқан мәліметке сүйенсек, Құрылтайдағы 145 мандаттың әрқайсысына орта есеппен төрт адамнан келеді. Заң талабына сай, кандидаттардың 43 пайызын әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар құрайды.

Айтпақшы, Тәуелсіздіктің 35 жылында Қазақстан сегіз рет парламент сайлауын өткізді. 23 тамызда өтетін сайлау – заң шығарушы билікке арналған тоғызыншы, ал жаңаша сипаттағы Құрылтайға алғашқы сайлау болмақ. Содан да болар, бұл науқанды бұрынғылармен салыстыру қисынсыздау. Өйткені ел бұл жолы төменгі палатаның кезекті құрамын емес, жаңа конституциялық үлгіге сай заң шығарушы органды сайлағалы отыр.

ЖАҢА ЕСІМДЕР ӘЛІ ЖАҢА САЯСАТ ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС

Бұл ойыммен келісесіздер ме, жоқ па, білмеймін. Сауалнама жүргізіп жатыр деп айыптамас үшін сұрай да алмаймын.  Бірақ үміткерлер тізімінде жаңа есімдердің пайда болғаны көңіл қуантады. Бұл – реформалардың басталғанын, саяси жүйенің жаңару арнасына түскенін және шынайы партиялық бәсеке қалыптасатынын білдірсе керек. Ал додаға жаңадан түскендерге жаңа Қазақстанды құра алатын дәл осы азаматтар екенін іспен дәлелдеуге тура келеді.

Саясат деген кастинг емес, депутаттарды Құрылтайдың сайтын жаңарту үшін сайламайды. Азаматтар оларға шешім қабылдасын, пікірталас жүргізсін, өз ұстанымын қорғай білсін және керек жерінде биліктің бетіне тура айтсын деп дауыс береді. Осы орайда, бұл жолғы партиялық тізімдерде соңғы жылдары парламентте ойып тұрып орын алған Ерлан Кошанов пен Мәулен Әшімбаев сияқты салмақты саясаткерлердің жоқтығы – өзіндік бір көрсеткіш. Қазақстан саясаты үшін бұл – өз алдына бөлек оқиға. Біз бәз баяғы азаматтарды көре беріп көзіміз үйренгені сонша, олардың додаға түспеуінің өзі бұл науқанның басты интригасына айналды.

УӘЖ АЙТА АЛАТЫН ПАРЛАМЕНТ

Дегенмен, «жаңару» үшін ғана жаңарудың түкке керегі жоқ. Қазақстанға шынымен де ықпалды парламент керек. Төбеден бұйрық түссе, бірауыздан қол көтеріп, келісе кететін емес, керісінше, Құрылтайда ыңғайсыз сұрақ қоя алатын депутаттар отыруы тиіс. Әр депутаттың артында партия тұрғандықтан, олар өз партиясының идеясын ел алдында ашық қорғауға, саяси қарсыластарымен сөз жарыстыруға, қателігін мойындап, берген уәдесіне жауап беруге дайын болуы керек.

БАҒЫТЫ ҰҚСАС, БІРАҚ ҰСТАНЫМЫ БӨЛЕК

Сайлау қарсаңында әр партия өз саяси бағытын айқындап алды. Мысалы, «Әділет» оңшыл да, солшыл да болмауға бекінді. Партия «реформаторлық центризм» ұғымын ту етіп алды – бұл баршаға бірдей жағатын әмбебап саяси формула болса керек. Жаңа толқын партияшылдары үшін ең бастысы – қуатты мемлекет, еркін нарық, әлеуметтік жауапкершілік пен салауатты ақыл-ой.

Жалпы, сайлауалды бағдарламаларды оқып отырсаң, әр партия халық шаруашылығының белгілі бір саласын өз қамқорлығына алғандай әсер қалдырады.

«Ақ жол» өз жолынан таймай келеді. Олардың басты нысанасы – кәсіпкерлер мен орта тап. Партия өзінің баяғы күресін одан әрі жалғастырмақ: жеке меншікті, еркін бәсекені қорғап, әкімшілік кедергілерді азайтуға және отандық бизнесті қолдауға күш салады.

Кәсіпкерлердің жолы болды деуге болады, өйткені олардың жарқын болашағы үшін «Ақ жолмен» қатар Respublica партиясы да таласып жатыр. Партияға бұл жолда блогерлер мен өнер адамдары көмектеседі. Дегенмен, бизнес өкілдері – есепке жүйрік, прагматик халық. Оларды әдемі күлкімен алдай алмайсың, олар уәдеге емес, кіріс пен шығысқа сенім артады. Содан да болар, Respublica үшін бұл науқан ең ауыр сынақ болғалы тұр: осыдан үш жыл бұрын құр уәде беруге болар еді, ал енді сол уәде етілген асулардың іргетасы болсын қаланғанын дәлелдеу керек.

«Ауыл» партиясы, аты айтып тұрғандай, ауыл шаруашылығымен айналысуды жалғастырады. Олар үшін бұл салада істейтін жұмыс әлі бастан асады: жолдар нашар, су жоқ, ал фермерлер дәл 20 жыл бұрынғыдай ең қарапайым қажеттіліктердің өтелмегенін айтып әлі шағымдануда.

Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік әділдік үшін жауапкершілікті мойнынан алған жоқ. Олар халықтың табысын, жалдамалы жұмысшылардың құқығын, білім беру, медицина, жалпы бүкіл әлеуметтік саланы бақылауға алуды көздейді.

ЖСДП үшін ең бастысы – саяси реформалар: қуатты парламент, шынайы бәсеке, сыбайлас жемқорлықпен күрес және олигархияның ықпалын азайту.

Ал «Байтақ» экология мәселесімен айналысады. Партия өкілдері бұл саладағы түйткілдер де үлкен саясаттың бір бөлігі екеніне сенімді.

Қысқасы, таңдау бар. Ендігі басты міндет – дұрыс таңдау жасап, сенім білдіру және дауыс беру.

БАҚ-ТЫҢ АЙРЫҚША РӨЛІ

Сайлау кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше жүк артылатынын түсінемін. Біз кандидаттар өз бағдарламаларын таныстыратын, сұрақтарға жауап беретін, өз ұстанымдарын түсіндіретін ашық алаң болуға дайынбыз. Сайлаушылар тек әдемі роликтер мен ұрандарды емес, қызу пікірталасты көруі тиіс.

Бұл сайлау науқаны бір-бірін айыптаумен, әкімшілік хаттамалар толтырумен және журналистің жұмысынан «заңбұзушылық» іздеумен есте қалмаса екен деймін. Бізге ең бастысы – шынайы саяси бәсеке, бағдарламалар мен идеялар тартысы және жаңа адамдарды көру. Сонда ғана сайлау заң жүзіндегі міндетті үрдіске немесе арзан циркке айналмай, бәрімізді мазалайтын «Алдағы бес жылда Қазақстан қандай болуы керек?» деген сұрақ төңірегіндегі ел мен биліктің ашық диалогы болмақ.