Әлем көшбасшылары Нью-Йоркте: БҰҰ Бас ассамблеясының 81-сессиясынан не күтеміз?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz

Қыркүйекте Нью-Йоркте қызу тіршілік: мұнда әлем тағдырына ықпал ететін тұлғалардың басын қосылады.  Қала қызу пікірталастардың орталығына айналады. БҰҰ Бас ассамблеясы қашанда әлем назарын өзіне аударып келген. Бұл жолы да жоғары деңгейлі жиынның айналасында интрига көп болатын сияқты.

Бас ассамблеяға Иран президенті Масуд Пезешкианның қатысатыны қазірдің өзінде түрлі пікір туғызды. АҚШ-пен соғыс жағдайына қарамастан, оған Нью-Йоркке келуге рұқсат берілді. Ал Палестина басшысы Махмұд Аббасқа виза беруден бас тартылды. Трамп Иран президентімен кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

22 қыркүйекте БҰҰ мінберінде әлем көшбасшылары сөз алады. Жиынға дейін болып жатқан оқиғаларға қарағанда, ең маңызды келіссөздер мінберде емес, жабық есік жағдайында өтуі мүмкін.

ИРАНДЫҚТАРҒА АҚШ-ҚА КЕЛУГЕ НЕГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛДІ?

Үйреншікті жағдайда шетелдік делегацияларға виза беру мәселесі Бас ассамблея қарсаңындағы басты жаңалықтардың біріне айнала қоймайтын. Алайда қазір жағдай үйреншікті емес.

АҚШ Иран президенті Масуд Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аббас Арагчиге БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі апталығына қатысу үшін Нью-Йоркке келуге рұқсат берді. Десе де, Вашингтон Иран делегациясының жүріп-тұруы мен сауда жасауына қатаң шектеулер енгізді. АҚШ Мемлекеттік департаменті визалардың берілуін БҰҰ штаб-пәтері орналасқан ел ретінде АҚШ-тың өз міндеттемелері барымен түсіндірді.

Бұл шешім АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы қарулы қақтығысы жүріп жатқан тұста қабылданды. Әскери әрекеттер мен Таяу Шығыстағы көлік бағыттарына жасалған шабуылдар мұнай жеткізіліміне кедергі келтіріп, теңіз қатынасының қауіпсіздігіне әсер етті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамп Бас ассамблея аясында Пезешкианмен кездесуге дайын екенін мәлімдеген. Алайда сарапшылар асығыс болжам жасауға асықпайды. Себебі кездесуге дайын екендігін білдіру оның міндетті түрде өтетінін, оның үстіне тараптардың келісімге келетінін білдірмейді.

Соған қарамастан, екі президенттің сөйлесу мүмкіндігінің өзі нарықтардың назарын аударды. Financial Times мұнай бағасының төмендеуін, соның ішінде инвесторлардың Иран төңірегіндегі дипломатиялық үдерістің қайта жандануына деген үмітімен байланыстырады.

Әзірге бұл кездесудің күтілуі аптаның басты интригасына айналып отыр. Вашингтон мен Тегеран өз басшыларының бір қалада болуын ең болмағанда байланыс орнату үшін пайдалана ма? Әлде олардың БҰҰ мінберінен сөйлеген сөздері тараптардың ортақ мәмілеге қаншалықты алыс екенін тағы бір көрсетіп бере ме?

БІРІНЕ – ВИЗА, ЕКІНШІСІНЕ – БЕЙНЕБАЙЛАНЫС

Иранға қатысты шешім аясында АҚШ-тың Палестина президенті Махмұд Аббасқа және Палестинаның басқа да өкілдеріне виза беруден бас тартуы ерекше назар аудартады. Америкалық тарап бұл шектеуді Палестина әкімшілігінің бейбіт жолмен реттеуге кедергі келтіретін әрекеттерімен түсіндіріп отыр. Ал Палестина бұл шешімге қарсылық білдіруге тырысуда. Аббастың Бас ассамблеяға бейнебайланыс арқылы үндеу жолдайтыны туралы ақпарат бар.

БҰҰ-ның штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқанымен, Бас ассамблея америкалық іс-шара емес. Оған ұйымға мүше 193 мемлекет қатысады және әрқайсысының өз дауысы бар. Ал Палестина БҰҰ-ның толыққанды мүшесі емес, бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие.

Делегациялардың жиынға қатысу мүмкіндігі Газадағы соғыс және Таяу Шығыстағы кең ауқымды дағдарыспен қатар дипломатиялық пікірталастың жеке тақырыбына айналуы мүмкін.

ТРАМП БҰҰ МІНБЕРІНЕ ҚАЙТА ШЫҒАДЫ

АҚШ президенті Нью-Йорктегі тығыз бағдарламаға дайындалып жатыр. Reuters агенттігі Трамптың әлем көшбасшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізетінін хабарлады. Оның күн тәртібінің негізгі мәселелері – Таяу Шығыстағы қақтығыс, одақтастармен қарым-қатынас және АҚШ-тың сыртқы саяси басымдықтары.

Алайда жұрттың назары Трамптың Иран туралы не айтатынына ғана аударылмайды. Себебі Бас ассамблеяның өзі БҰҰ-ның рөліне қатысты пікірталастар жүріп жатқан тұста өтіп жатыр. Ұйым қаржылық қиындықтарға, жетекші державалар арасындағы келіспеушіліктерге және әскери қақтығыстарға қаншалықты тиімді жауап бере алатынына қатысты сұрақтарға тап болып отыр. АҚШ БҰҰ-ның бірқатар құрылымдарына қатысуын және ұйымды қаржыландыру көлемін қысқартты.

Бұдан тағы бір интрига туындайды: америкалық президент өз сөзінде негізінен АҚШ-тың қақтығыстарға қатысты ұстанымын таныстыра ма, әлде халықаралық институттардың тиімділігіне тағы да күмән келтіре ме?

Екінші нұсқа жүзеге асса, Бас ассамблеяға қатысушылар әлемдік дағдарыстармен қатар, өздері бас қосып отырған алаңның болашағын да талқылауға мәжбүр болады.

УКРАИНА: НЬЮ-ЙОРКТЕ НЕ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ?

Нью-Йорк Украина президенті Владимир Зеленскийді де күтіп отыр. Reuters-тің хабарлауынша, ол Ресеймен жалғасып жатқан соғыс жағдайында халықаралық қолдауды одан әрі күшейтуге ұмтылады.

Украина үшін Бас ассамблея – көп мемлекетке бірден үн қатуға мүмкіндік беретін алаң. Олардың арасында Киевке Батыстың қолдау көрсету форматтарына тікелей қатыспайтын елдер де бар.

Алайда БҰҰ залында сөз сөйлеу мен қару-жарақ жеткізу, санкциялар немесе қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты шешім қабылдау – екі бөлек мәселе. Мұндай келісімдер мемлекеттер арасындағы жеке келіссөздерді талап етеді. Ұйымның өзіне қатысты да маңызды шектеу бар. Бас ассамблеяда әр елдің бір дауысы болғанымен, оның қарарларының басым бөлігі ұсынымдық сипатта. Ал Қауіпсіздік кеңесінде Ресей тұрақты мүше ретінде вето құқығына ие. Сондықтан бір аптаға созылатын сөз сөйлеулер соғыстың аяқталуына ықпал ете алады деп күтудің негізі жоқ.

БАСҚА АЛАҢДЫ ТАҢДАҒАНДАР КІМДЕР?

Кейде көшбасшының Бас ассамблеяға қатыспауы оның мінберде сөз сөйлеуінен кем талқыланбайды. Reuters агенттігі ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Нью-Йорктегі жиынға қатыспайтынына назар аударады: оның орнына Қытай басшысының Трамппен Вашингтондағы келіссөздері жұрт назарында.

Associated Press те Ресей мен Үндістанды қоса алғанда, бірқатар ірі мемлекет басшыларының жиынға қатыспайтынын атап өтті. Президенттің болмауы елдің БҰҰ жұмысына қатысудан бас тартқанын білдірмейді. Мемлекеттер өз атынан премьер-министрлерін, сыртқы істер министрлерін және басқа да өкілдерін жібере алады. Дегенмен алаң таңдау көшбасшылардың келіссөздерді қай жерде жүргізуге басымдық беретінін көрсетеді.

Демек, Нью-Йоркте дипломатиялық әлемнің басым бөлігі жиналғанымен, ірі державалар арасындағы маңызды келіссөздердің бір бөлігі оның аумағынан тыс өтуі мүмкін.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЕСКІ ҰЙЫМНЫҢ ЖАҢА ТАҚЫРЫБЫ

Күн тәртібінің едәуір бөлігі соғыстарға арналары анық. Бірақ Бас ассамблеяда тағы бір маңызды мәселе бар: жасанды интеллектке қатысты ережелерді кім белгілеуі керек?

Антониу Гутерриш жасанды интеллектіні басқарудың халықаралық тетіктерін құруды қолдайды. Ал мемлекеттер арасында реттеудің ауқымына қатысты пікір қайшылығы әлі де бар. Бұл тақырып Қауіпсіздік кеңесінде талқыланбақ. Жиында жасанды интеллектіні қорғаныс саласында пайдалану, жалған ақпараттың таралуы, технологиялардың қауіпсіздігі және ресурсы шектеулі елдердің бүкіл әлемге әсер ететін ережелерді әзірлеуге қатыса алу мүмкіндігі сөз болады.

Бұл – БҰҰ әлемге пайдалы бола алатын тақырыптардың бірі. Өйткені бір үстел басына мүдделері бір-бірінен алшақ мемлекеттер жиналады. Алайда олар пікірталастан нақты ортақ шешімдерге көше ала ма, жоқ па – белгісіз.

КЛИМАТ, ПАНДЕМИЯ ЖӘНЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ

Бас ассамблеяның ресми күн тәртібі ең көп айтылып жүрген саяси қақтығыстардан әлдеқайда ауқымды.

23 қыркүйекте климаттық шаралар мен әділетті энергетикалық көшуге арналған кездесу өтеді.

24 қыркүйекте көшбасшылар теңіз деңгейінің көтерілуін талқылайды. Бұл қауіп шағын арал мемлекеттері үшін экономика мәселесімен ғана шектелмейді. Олардың өмір сүруге жарамды аумағын сақтап қалу мәселесі де соған байланысты.

25 қыркүйекте қатысушылар COVID-19 пандемиясынан алынған сабақтарға қайта оралады: келесі пандемияға қалай дайындалу керек және вакцина мен дәрі-дәрмекке қолжетімділік тағы да елдің қаншалықты бай екеніне тәуелді болып қалмауы үшін не істеу қажет деген мәселелер қаралады.

29 қыркүйекте ядролық қаруды толық жоюға арналған отырыс өтеді.

ГУТЕРРИШТІҢ СОҢҒЫ БАС АССАМБЛЕЯСЫ

Антониу Гутерриш үшін Нью-Йорктегі бұл басқосу – БҰҰ бас хатшысы ретіндегі соңғы жиын. Оның екінші мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Гутерриштің мұрагерін таңдау процесі қазірдің өзінде жүріп жатыр. БҰҰ Жарғысына сәйкес, жаңа бас хатшыны Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысы бойынша Бас ассамблея тағайындайды.

Жаңа бас хатшы қызметіне 2027 жылғы 1 қаңтарда кіріседі. Алайда қазірдің өзінде мынадай сұрақ туындайды: ол мемлекеттер ортақ мәселелерді шешеді деп сенім арта алатын ұйымның тізгінін қолға ала ма, әлде БҰҰ тараптар өз ұстанымдарын ғана жариялайтын орын болып қала бере ме?

БҰҰ ӘЛЕМ ҮДЕСІНЕН ШЫҒА АЛМАЙ ОТЫР: ТОҚАЕВ НЕ ҰСЫНДЫ?

Нью-Йоркке Қазақстан делегациясы келді. Оны сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастап барды. Ол Бас ассамблеяның жалпы пікірталасында сөз сөйлейді, БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездеседі және БҰҰ реформасы, халықаралық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі және жасанды интеллектіні реттеу мәселелеріне арналған талқылауларға қатысады.

Бағдарламаның тағы бір бөлігі – халықаралық гуманитарлық құқықты нығайтуды ұсынған алты елдің баспасөз брифингі. Олар – Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка.

Ұйым өзінің 80 жылдық мерейтойынан кейінгі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Өткен жылы, БҰҰ-ға 80 жыл толған кезде, әлем көшбасшылары оның дағдарыстарға тиімді жауап бере алмайтыны, құрылымының ескіргені және мемлекеттердің шешім қабылдауға ықпалы тең емес екені туралы ашық айтты. Сонымен бірге олардың көпшілігі БҰҰ-дан бас тартуды емес, оны жаңартуды ұсынды.

Бір жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Бас ассамблея сессиясында ұйымды реформалау жөнінде ұсыныс айтты. Оның сөзінше, БҰҰ-ны жаңарту – стратегиялық қажеттілік, ал өзгерістердің негізгі элементі Қауіпсіздік кеңесін реформалау болуы керек.

Қазақстан президенті Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесіндегі өкілдігін ротация негізінде күшейтуді және «орта державалар» деп аталатын елдердің рөлін арттыруды ұсынды. Бұл – әлемдегі ең ірі ойыншылардың қатарына кірмейтін, бірақ ымыраға келуге ықпал ете алатын мемлекеттер. Тоқаев сондай-ақ БҰҰ реформасы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлес мемлекеттер тобын құруға шақырды.

Өзгеріс енгізуді Қазақстан ғана талап етіп отырған жоқ. Өткен Бас ассамблеяда Орталық Азияның барлық бес мемлекеті БҰҰ мен оның Қауіпсіздік кеңесін реформалауды қолдап сөз сөйледі. Ал ұйымның өзі қайталанатын функцияларды қысқартуға, жұмыс үдерістерін қайта қарауға және тиімділікті арттыруға бағытталған UN80 бағдарламасын іске асырып жатыр.

Алайда әкімшілік шығындарды үнемдеу мен Қауіпсіздік кеңесінің құрамын өзгерту – екі түрлі реформа. Біріншісі қазір жүзеге асырылып жатыр, ал екіншісі мемлекеттердің саяси келісімін талап етеді.

АЛ ҚАЗАҚСТАН ШЕ?

Қазақстан үшін бұл апта халықаралық қауіпсіздік мәселелерімен қатар, өзінің бастамалары туралы айтуға мүмкіндік береді.

Қыркүйек айының басында Бас ассамблея Қазақстан ұсынған қарарды қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады. Бұл идеяны Қасым-Жомарт Тоқаев Бас ассамблеяның бұған дейінгі 80-сессиясында ұсынған болатын.

Қазақстанның күн тәртібі үшін осы аптада басқа да маңызды тақырыптар бар. Олар – ядролық қарусыздану, климат, энергетикалық қауіпсіздік және қақтығыстардың әлемдік саудаға әсері.

НЕ КҮТЕМІЗ?

Бас ассамблея бір ғана ортақ шешіммен аяқталып, соның нәтижесінде соғыстар тоқтап, әлем көшбасшылары жеңімпаз кейіпте үйді-үйлеріне тарқамайды. БҰҰ-ның құрылымы мұндай сценарийді тіпті қарастырмайды.

Алайда апта соңына қарай бірнеше нақты сұраққа жауап алуға болады: АҚШ пен Иран арасында байланыс орнады ма, Украина мен Таяу Шығыс бойынша жаңа келісімдер жасалды ма, қатысушылар климатқа қатысты міндеттемелер мен пандемияға дайындық мәселелері бойынша ортақ мәмілеге келе алды ма және мемлекеттер БҰҰ мінберінде сөз сөйлеп қана қоймай, өзара келіссөз жүргізуге дайын екенін көрсете алды ма?