Минсктегі ескі сарын мен Бакудегі тың тыныс: Тоқаевтың екі күндік сапары қалай өтті

Аян Өрібай

Осы аптаны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шет елдерге жұмыс сапарымен аяқтады. Алдымен Минскке, артынша Бакуге барды. Беларусь пен Әзербайжанның Қазақстанға бірі одақтас, екіншісі көрші әрі туыс мемлекет.

Әскери одақтас мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының сессиясы әдеттегі сарыннан аумайды. Басқа мемлекеттерден «төнген қауіп», «бір болуымыз керек» деген ұран. Мұның бәрі айтылып кеткендей, қайталанғандай әсер қалдырады.

Ал Каспий дәлізін дамытуға мүдделі Қазақстанға Бакуде өткен БҰҰ-ның экономикалық СПЕКА саммиті – іздегенге сұраған. Қазақстанның дәл қазір логистикалық тәуелділікті азайтып, қаражат пен күш-қуатты аямай, дамытқысы келіп отырған бағыты да осы.

Ulysmedia.kz тілшісі екі мемлекеттегі екі жиынға да қатысты. Боранды Минск пен жаймашуақ Бакуде болып қайтты. Көрген-білгенімізді жазып, сапарды қорытындылап көрелік.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Бәрі бар – Пашинян жоқ

23 қарашада Қазақстан президентінің борты Беларусь астанасы Минскке келіп қонды. Келген жиыны – Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы.

Минскте қарашаның соңы борандатып тұр. Біз келген Беларусь президентінің резиденциясы – Тәуелсіздік сарайы алдын коммуналдық жұмысшылар қардан тазартып үлгермей жатыр екен. Журналистердің бәрін кең сарайдағы екі баспасөз орталығына орналастырды да, президенттер келген уақытта фаеге ешкімді өткізбеді. Мемлекеттер басшыларының люкс-көлігімен келген сәтін баспасөз орталығындағы экраннан тамашалап қана отырдық.

Беларус президентінің резиденциясы – Тәуелсіздік сарайы (фото: Ulysmedia)

Алдымен, көлігінен бірінші болып ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов түсті. Қазақстанда соңғы қызметінен 2019 жылы босатылып (Қазақстанның Ресейдегі елшісі лауазымынан), зейнетке шыққан Тасмағамбетов аяқ астынан 2023 жылы ҰҚШҰ-ның керегіне жарап шыға келді. Қаңтардан бері ол ұйымның бас хатшысы. Ізінше, кезек-кезегімен ұйымға мүше мемлекеттердің президенттері келе бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев резиденцияға кірген кезде Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен құшақтаса амандасты. Алайда фотокамералар рәсімі аяқталғаннан кейін-ақ екеуінің езуінен күлкі сап тыйылғандай көрінді. Жасыл дәлізге дейін бірге жүрген Лукашенко мен Тоқаевтың қысқа әңгімесін кейін Беларусь президентінің «Пул первого» телеграм-арнасы жариялады. Жолай әңгімеде Лукашенко Тоқаевқа «очень будет жарко, кратко» деп ұйым іс-шарасына дайындықты айтып бара жатыр.

Лукашенконың Тоқаевты қарсы алған сәті (фото: Ақорда)

Жиынға Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келген. Лукашенко өз резиденциясында Армения премьер-министрі Никол Пашиняннан басқасының бәрін күтіп алды. Сессияға басшысы түгілі, Армениядан бірде-бір делегат келмеді.

Тоқаевтың месседжі

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысушы елдер басшыларының суретке түскен сәті (фото: Ақорда)

Мемлекеттердің басшылары ҰҚШҰ бас хатшысымен бірлесе фотосуретке түскеннен кейін қырғыз БАҚ-тары «тар форматта» деп атайтын шағым құрамдағы кездесуге кіріп кетті. Бұл кездесу тікелей эфирден таратылған жоқ. Әр мемлекеттің басшысының айтар негізгі сөзі де сол кездесуде айтылса керек. Кеңейтілген отырыс алдында Ақорданың баспасөз қызметі шағын құрамда Қазақстан президентінің не айтқанын жария етті. Ресми ақпарат қысқаша былай дейді:

Тоқаев алдымен Таяу Шығыстағы соғыс мәселесін қозғаған. БҰҰ аясында палестиналықтарға «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн деген. Ауғанстандағы күрделі ахуалға назар аударған. Десе де, айтылғанның ішінде Тоқаевтың мына бір сөзі назар аудартады.

Шағын құрамдағы сессиядан (фото: Ақорда)

«ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс, – дейді Қазақстан президенті.

Тоқаевтың бұл сөзі отырыста геосаяси дағдарыстар мен гибридті технологиялар жайлы айтып кеткен Тасмағамбетовтың сөзімен қайшыласқандай естілді. «Айта бермеңдер» десе де, Беларусь басшысы ескі сүрлеуінен айныған жоқ. Бұған дейінгі таптаурын болған әңгімесін қайталай берді. Лукашенко «Батыс бүкіл әлемді басып алғысы келеді, ол үшін санкция, бопсадан бөлек, ұлтаралық қақтығысты ушықтыруға барын салып жатыр» деді. Арменияның сессияға келмеуін «демарш» деп атады. Путин олай шабаланған түр көрсетпеді. Ұйымның арғы-бергі өткенін айтып, «Наемник» операциясын сәтті өтіп жатқанын айтты. Қырғыз басшысы Садыр Жапаров Таяу Шығыс пен Ауғанстан жайлы басқа президенттермен ұстанымы бір ойын айтты. Ауғанстанға жақын орналасқан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да халықаралық терроризмге қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

ҰҚШҰ-ға ұсыныс

Отырыстардан кейін журналистердің алдына шыққан ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов блокқа мүше мемлекеттердің басшысы 15 құжатқа қол қоятынын хабарлады. Тілшілердің сұрақтарына берген жауабында «Армения одақтан шығады» деген сөзді жоққа шығарды. «Таяу Шығыста атыс тоқтатылуы керектігін» айтты.

Фото: Ақорда

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ұйымға төрағалық етеді. Осыған байланысты кеңейтілген отырыста Тоқаев Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстан ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуы керек деп есептейді. БҰҰ және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынады.

Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты ретінде ұсынылды. Қазақстан президентінің пікірінше, ҰҚШҰ ұжымдық күштерін жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Осы және өзге де ұсыныстар Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде жүзеге асыру ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жолданады.

Сол күні кешке бораны басылмаған Минсктен Тоқаевтың ұшағы Бакуге бағыт алып, ұшып бара жатты.

Соғыс шынықтырған ел

Әзербайжан астанасы Бакуде күн жылы. Шамамен 2 млн халқы бар ескі шаһарда күндіз жаймашуақ екен, түнде шаһар самаладай жарқырап тұрады. Қаланың біз барған бөлігі жаңа көрінді, ескі бөлігінің де өз калориті бар.

Бакуде жастардың көбі орысша түсінбейді. Орысша жүгінгендерге «do you speak english?» деп қайтара сұрақ қойып тұрады. Десе де қазақ пен әзербайжанның түбі бір болғандықтан, баяу сөйлесе, әзербайжан тілін де түсінуге болады екен.

Өз жерін 30 жылдық оккупациядан кейін қайтарып алған халықтың рухы басым көрінді. Қарабақ үшін тартыс соңғы рет 2023 жылдың қыркүйегінде Әзербайжан әскерінің арнайы операциясымен аяқталғандай көрініп тұр. Қазір босаған жерді миналардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Минасыздандырумен айналысатын әскери компания өкілінің бірі Мұса Мәмедовті сөзге тартып көргенбіз. СПЕКА-ға арналған көрмеге Мәмедов өздері тазартқан миналарды қойыпты.

Минасыздандыру саласының маманы Мұса Мәмедов

«2020 жылдан бері 110 мың га жерді миналардан тазарттық. Минасыздандыру барысында касеталық снарядтары, артиллерия, миномет снарядтары бар – 60 мыңын тауып, залалсыздандырдық. Құрлық әскеріне қарсы қойылған 30 мың минаны таптық. Өкініштісі, Армения тарапы бізге мина қойған картасын бермейді. Соның салдарынан әлі күнге дейін бейбіт халықтың ішінде минаны басып кетіп, қаза болып жатқандар бар», - дейді Мәмедов.

Әзербайжан халқын соғыстың өзі көп нәрсеге үйреткенін аңғарамыз. Мәселен, Әзербайжан қорғаныс және өнеркәсіп министрлігіне қарасты компанияның бірі атыс қаруының бәрін өздері шығарады екен. Тапаншадан бастап, АК-74, пулеметі, жарылғыш заты – жалпы саны соғысқа қажетті қарудың 1 мыңға жуық түрін министрлікке қарасты компания өндіреді.

Әзербайжан қорғаныс және өнеркәсіп министрінің кеңесшісі Ровшан Ахмедов

«Арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ»

Қарабақ демекші, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан-Армения текетіресінде Бакуды қолдайтынын бұл жолы ашық білдірді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесуі кезінде Тоқаев оны «Қарабақтың қайтарылуымен» құттықтады.

Тоқаевтың Әзербайжан президентінің Гянджлик резиденциясына келген сәті (фото: Ақорда)

«Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтаймын.

«Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз», - деп сөзін шегелей түсті Қазақстан президенті.

Каспий, Транскаспий...

СПЕКА саммиті Әзербайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиевтің әкесі Гейдар Әлиевтің атына ашылған орталықта өтті. Каспий теңізінің толқынына ұқсаса салынған ғимараттың ішінде Әзербайжанның бұрынғы президенті жайлы бүкіл мәлімет, оның алғаш мінген көлігі, әзербайжан ұлтының ұлттық бұйымдары, тарихи жәдігерлері қойылған. Ғимаратты салғанда қаражатты аямағаны байқалады. Астанадағы Тұңғыш президент музейі еске түседі.

Саммитке Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан президенттері, Грузия премьер-министрі мен Мажарстан премьер-министрі, Түрікменстан министрлер кабинетінің өкілі, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы (ЭСКАТО), сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы сөз сөйледі. Жиынды ашқан Ильхам Әлиев «елде соғыс болса, экономикалық өсім жайлы айтудың өзі артық» деп мәлімдеді. Соғыстан кейін Әзербайжан ендігі кезекте экономикалық бағыттарға басымдық бергелі отырғанын аңғартты. СПЕКА-да сөйлеген сөзінің көбі Армениямен болған соғысқа арналды. Армения премьер-министрінің «Карабах это Армения и точка!» деген сөзі келіссөздердің бәрін құрдымға жібергенін айтып, Әзербайжан әскері өз елін оккупанттардан азат еткенін жеткізді. Бұл жеңіс Ильхам Әлиевке өз елінде де, басқа мемлекеттердің алдында да үлкен ұпай әкелгенін аңғарамыз.

СПЕКА саммитіне қатысушы елдер басшыларының суретке түсу рәсімі (фото: Ақорда)

Саммитте Тоқаев та сөз сөйлеп, арнайы бағдарламаға жоғары баға берді. Елде әлеуметтік салаға басымдық берілгенін атап өтіп, Транскаспий бағытын дамыту үшін Қазақстан инвестиция салып жатқанын айтты. Каспий теңізінің экологиялық проблемасын да жеткізді.

«Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызады. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр. Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын», - деді Тоқаев.

Сарапшыдан пікір

Белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұлов Минсктегі ҰҚШҰ саммиті мен Бакудегі СПЕКА саммиті президент Тоқаев үшін әртүрлі әсерлер сыйлағанын айтуға болатынын атап өтеді.

Жанат Момынқұлов (фото: ашық дереккөз)

«Алғашқысы соғыс жағдайындағы Ресей мен серіктес қолдаушысы Беларусьтің саяси ықпалымен бастапқы ұжымдық қауіпсіздік ұғымдарын тым күрделендірісі келіп, онсыз да қиын жағдайды шиеленістіруге бейім болған сияқты. Соны меңзеген Тоқаевтың ұйым елдері қауіпсіздігіне төнуі немесе төнбеуі ықтимал қауіп-қатерлерді әсірелеп, қара бұлтты төндіріп айта берудің артықтығын әріптестерінің бетіне ашық айтқаны салмақты сигнал болды», - дейді сарапшы.

Жанат Момынқұлов оның орнына Тоқаев Қазақстан өз төрағалығы кезінде кеңірек ойлап, аталған құрылымның БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс жасап, терроризм, есірткі сияқты шынайы жасампаз қауіпсіздік мәселелеріне назар аударғанын атап өтеді. ҰҚШҰ басшылығы баса айтқан кейбір ақпараттық-идеологиялық қатерлерді тым әсірелеп, жоқ жерде жау іздемеуге шақырғанына мән береді. Тоқаев ұйым елдеріне төнетін қауіптерді қайталай бергеннен гөрі нақты конструктивті күн тәртібін ұсынуды жөн көргенін де айтады.

«Ал БҰҰ аясындағы СПЕКА саммиті Тоқаевтың соңғы екі айдағы Орталық Азия С5+, Түркі мемлекеттері ұйымы жиындары аясындағы прагматикалық, тең әріптестік қатынастардың жалғасы ретінде Бакудегі кездесу емен-жарқын, өте жағымды кәсіби ауанда, еркін түрде өткенін айта аламыз. Ол жиында коммуникация, сауда, өндіріс, логистика және тағы басқа позитив күн тәртібі басым болды. Қазақстан Әзербайжанмен стратегиялық серіктестіктің ең жоғары тарихи кезеңіне аяқ басты. Әзербайжанның да Орталық Азияны Каспий, Кавказ аймағымен байланыстырушы мәні еселеп артты», - деп түйеді Жанат Момынқұлов.

АҚШ-тың әйгілі саясаткері Збигнев Бжезинский Еуразияны «Ұлы шахмат тақтасына» теңеп, геосаясатқа ықпал ететін үш тірек нүктесін ерекше атап өтетіні бар. Сол тірек нүктесінің бірі – Әзербайжан. Тоқаевтың өз сөзімен айтқанда, Қазақстан халықаралық Транскаспий көлік бағытын өркендетуге үлкен үміт артады. Сол үміт батыстағы Әзербайжанға байланып тұр.