Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ОКҚ-де өткен брифингте 287 млн теңгеге түн ішінде өткен даулы тендерге қатысты пікір білдірді. Аталған конкурсқа Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліға тиесілі BESupply компаниясы жеңімпаз болғаны белгілі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қарашөкеевтің айтуынша, сатып алу туралы хабарландыруды Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшесі жариялаған. Әкім білім басқармасы мен облыс әкімдігі тарапынан қатысушыларға шектеу қойылмағанын, барлық мәлімет ашық болғанын алға тартты.
- Әрине, қоғамда резонанс туғызғаны – тендердің түнде өткендігі, – деп мойындады ол.
Әкім мұндай жағдай қайталанбас үшін қосымша бақылау тетіктерін енгізгенін айтты.
- Мен әріптестеріме тапсырма бердім: бұдан былай мұндай конкурстарды дер кезінде бақылап, ақпаратты тиісті органдарға жіберіп, әлеуетті қатысушылардың өтінім беруге жеткілікті уақыты болуын қамтамасыз ету қажет, – деді Қарашөкеев.
Облыс әкімдігі сонымен қатар тендерге қатысушылар арасында сыбайлас келісім белгілері анықталмағанын мәлімдеді.
Қаражат ұрлануы мүмкін бе?
Журналистердің келісімшарт сомасының алдын ала бірнеше жылға есептелгені немесе артық көрсетілгені туралы сауалына әкім үзілді-кесілді қарсы шықты.
- Егер жұмыс үш айда ғана орындалса, компания акт бойынша 12 айдың ақшасын ала алмайды, – деп түсіндірді ол.
Қарашөкеев техникалық қателіктер болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, алайда қаржы жымқыруға мүмкіндік болмағанын атап өтті.
- Барлық актіге қол қойылады, төлем тек нақты орындалған жұмыс көлеміне немесе уақытқа сәйкес жүргізіледі, – деді облыс басшысы.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Tizgin.kz порталына берген пікірінде депутат Әбутәліп Мүтәлі BESupply компаниясының өзіне тиесілі екенін растаған. Ол түнгі тендерлер тәжірибесін «үлкен мәселе» деп атады. Мүтәлі заң бойынша Мәжіліске өткен соң өз бизнесін бір ай ішінде сенімді басқаруға тапсыруы тиіс екенін түсіндіріп, мүдделер қайшылығы жоқ екенін айтып ақталды.
Тендер «Мекеме» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу және техникалық қолдау көрсетуге қатысты. Келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін күшінде. Әбутәліп Мүтәлі 15 қазанда бұрынғы министр Жұлдыз Сүлейменованың орнына Мәжіліс депутаты болып сайланған еді.