Желтоқсанның басында президент Тоқаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті. Ulysmedia.kz тілшісі заң негізінде күш құрылымдарының жұмысына келесі жылы қанша қаражат бөлінетініне үңіліп көрді.
2024-2026 жылғы республикалық бюджет туралы заңның түсім, яғни табыс бөлігі 20,1 трлн теңгені құрайды. Бюджетке негізгі табыс салық түсімінен келеді (15,7 трлн теңге). Табыстың негізгі көзі – табыс салығы, корпоративті табыс салығы, тауар, жұмыс, қызмет үшін салынатын ішкі салықтар, қосымша құн салығы, акциздер және тағы сол сияқты салық түрлері.
2024 жылы бюджеттің шығыны түсімінен көп – 23,3 трлн теңгені құрайды. Яғни, бюджет дефициті 3 трлн теңгеден асады. Қаражаттың нақты қай мақсатта бөлінетіні заңда жіліктеп жазылған. Ішінде күш құрылымдарына қанша қаражат жұмсалатынын шолып шығайық:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына келесі жылы 586,8 млрд теңге жұмсалады. Ұзын-сонар тізімде ҰҚК-ға жұмсалатын шығын тізімде тек бір рет кездеседі.
Бас прокуратураның Қазақстандағы заңдар мен заңнамалық актілердің нақты әрі бірдей жоғары деңгейде орындалуын қадағалауына және құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтудың жедел жүйесі құруға 59,7 млрд теңге жұмсалады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында Бас прокуратураға бюджеттен тағы 3,2 млрд теңге бөлінеді.
Бюджеттің біршама қаражаты ішкі істер министрлігіне аударылады. Атап айтқанда:
Яғни ІІМ-нің 2024 жылғы шығыны 600 млрд теңгеге жақындайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша жедел-іздестіру қызметі мен нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге) жұмысына 2024 жылы 29,6 млрд теңге жұмсалады.
Мемлекеттік күзет қызметіне күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін келесі жылы республикалық бюджеттен 47,5 млрд теңге аударылады.
Төтенше жағдайлар министрлігіне де бюджеттен 2024 жылы біршама қаражат аударылады. Атап айтқанда:
Бұл бағыттағы жалпы шығындар 221,6 млрд теңгеге жетеді. Одан бөлек саладағы мамандарды оқытып, біліктілігін арттыруға 2,4 млрд теңге шығындалады.
Бюджеттің қомақты бөлігі бөлінетін тағы бір ведомство – Қорғаныс министрлігі. Қорғаныс және Қарулы күштерді ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік саясатты айқындау және іске асыру жөніндегі қызметтер мен Қарулы күштердің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету үшін келесі жылы құзырлы ведомствоға 544 млрд теңге бөлінеді. Одан бөлек әскерилердің кәсіби біліктілігін арттыруға тағы 21 млрд теңге қарастырылған. Жауынгерлердің медициналық тұрғыда қорғалуына тағы 9,1 млрд теңге бөлінеді.
Жоғарғы сот қызметіне 94,1 млрд теңге бөлінеді. Сот кадрларының біліктілігін арттыру үшін тағы 720 млн теңге қарастырылған. Ал Конституциялық сотқа заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін 1,6 млрд теңге бөлінеді.