2023 жылы болған трагедиялар. Ескі Қазақстанның елесі әлі кезіп жүр

Ulysmedia

Ulysmedia.kz 2023 жылы қазақстандықтарды қайғыға душар еткен хабарлар мен ескі жүйенің олқылықтары жайлы арнайы материал дайындады. Мұндай «қара» күндер тізімінде қыстыгүні қатып қалған қалалар, өрттер, жарылыстар және қаза болғандардың оқиғасы бар. Әрбір төтенше жағдай елдегі өзгерістерге түрткі бола ала ма, анықтап білуге тырыстық. 

Коллаж Ulysmedia

Аяз қала, Ақшақар

2023 жылдың басы, яғни өткен қыстың қақ ортасында Екібастұз қаласы ел назарында болды. Өйткені 30 градустық аязда қала жылусыз қалып, бүрсеңдеген халық жылу іздеп, қаланы тастап безіп кетті. Жылу электр орталығындағы апат Қазақстанның бүкіл энергетика саласының шіріген жүйесін ашып көрсеткендей болды. Сарапшылар бұл саланың тым аянышты жағдайда екенін, оның одан сайын нашарлайтынын ескертті.

Жылу электр орталығы екібастұздықтарды қыстың соңына дейін әбігерге түсірді. Ақпан айының аяғында қала қайтадан жылусыз қалды. Жылу электр орталығының су жылыту цехындағы коллектор зақымданған. Станция жұмысы толық тоқтамаса да, жарымжан күйде жұмыс істеген станциядан жарытымды жылу болған жоқ, ақырында мұз дәуірі қайта оралды. 

Көпқабатты үйлердің тұрғындары бұрынғы апаттың салдары әлі жойылмағанын, ал өткен апаттан кейін коммуналдық қызмет чегінде, жылытқыштарды пайдаланғаннан кейін, электр энергиясына 25 мың теңге төлегендерін айтып шағымданды. 

– Шетелдік зейнеткерлерге қарасаңыз – олар саяхаттап жүреді, ал біз әрбір тиынды санауға мәжбүрміз. Пенсиямыз коммуналдық қызмет пен азық-түлікке ғана жетеді. Шыны керек, енді күшіміз жоқ, осы қыстың әлегінен шаршадық», – деп шағымданды екібастұздық зейнеткер Ләйлә Махамбетова.

Екібастұз жылу электр орталығын ОАЭК арқылы бизнесмендер Сергей Кан (418 миллион доллар байлығымен Forbes тізімінде 19-шы орын) және Александр Клебанов (20-орын, 398 миллион доллар) басқарады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылу электр орталығының тозуы 62 пайызды құраса, меншік иелері жылу желілерінің тозу деңгейін 85,98 пайыз деп отыр.

Сәуірде Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Екібастұз энергетика кешенін жөндеуге меншік иесі 7,5 млрд теңге бөліп жатқанын мәлімдеген. Бұл қаражат ағымдағы жөндеуге, ал бюджеттен бөлінген 10 млрд теңге күрделі жөндеуге жұмсалады.

Жылу электр орталығы жаз бойы жөнделіп, қараша айында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаржының игерілгенін, 70 шақырым жылу құбырының жөнделгенін хабарлады. Оның айтуынша, азаматтардан арыз-шағымдар азайған.

Бірақ 10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз жылу электр орталығында тағы да төтенше жағдай орын алды. Таңертең апат салдары жойылып, ол қаланы жылумен қамтуға кері әсерін тигізген жоқ, деп хабарлады қала басшылығы.

Бұл «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС бас директоры, ЖЭО директоры мен «Екібастұз жылу желілері» мекемесінің директорына үкім шығарылғаннан кейін санаулы күн өткен соң болды. Сот оларды Екібастұзда жылу беру маусымын бұзғаны үшін кінәлі деп тапты.

Өткен жылы жылу электр орталығының иелері нысанды мемлекетке су тегін, яғни бір теңгеге қайтаруға дайын екендіктерін мәлімдеген. Проблемалы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы пәрменді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз жылу электр орталығындағы апаттан кейін бірден берген. Дегенмен жылу электр орталығы әлі күнге дейін ОАЭК бақылауындағы «Павлодарэнерго» компаниясының меншігінде.

Екібастұз апатынан кейін Қазақстандағы 37 жылу электр станциясының орташа тозу көрсеткіші 66 пайызды құрайтыны белгілі болды. Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда және Кентау қалаларындағы жылу электр станцияларының 80 пайыздан астамы тозған. 19 станцияға қауіп төніп тұр, оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет. 

Қазақстан билігінің есебіне сәйкес, еліміздегі барлық жылу желісі 2037 жылға дейін жаңартылады. Мәжіліс депутаттары тосыннан келетін төтенше жағдайларды болдырмау үшін «Жылу энергетикасы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді және жылыту маусымына төлқұжаттарды дайындау мерзімін бұзғаны, отын қорының белгіленген нормаларын сақтамағаны үшін айыппұлды 5 млн теңгеге дейін көбейтуді ұсынып отыр. 

Ал Астанада осы шаралар талқыланып жатқанда, екібастұздықтар бүрсең-бүрсең етіп, пәтерлерінде тоңып отыра бере ме? Жылу электр орталығын жаңғырту еш нәтиже бермей, үйлер қайтадан салқындап, коммуналдық қызмет тарифтері көтеріліп жатыр, екібастұздықтар әлеуметтік желіде өз наразылықтарын осылай ғана жеткізуде.

Миттал, кет!

2021 жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жұмыс істеген жылдар ішінде «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында 130 адам қаза тауып, жарақат алды, деп хабарлады депутат Гүлнар Бижанова.

ArcelorMittal - үнділік миллиардер Лакшми Митталға тиесілі әлемдегі екінші ірі металлургиялық компания. Компания кәсіпорындарында биылғы жылдың алғашқы апаты 17 тамызда болды. Сағат 10:05-те «Казахстанская» шахтасында конвейер өртенді. Жер астында 227 кенші болған. 222 кенші эвакуацияланып үлгерді, бес адам қаза тапты. 

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы шахтаның өртенуі тосыннан болдыы деп ақталып,  қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үнемі қаржы салып отыратынын жеткізді. 

«Не үшін біз мұндай қорлыққа төзіп отыра беруіміз керек?  Арселор отандастарымыздың өмірімен ойнап, оларды қойша қыра бере ме? Мұндай қайғылы оқиғаларды тоқтатудың жалғыз жолы – оны бұл саладан қуып шығу», - деп жазды Мәжіліс депутаты Никита Шаталов өзінің Telegram-арнасында.

Ел басшылығы ашу үстінде шешім шығарудан бойын аулақ ұстады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстан Республикасы аумағындағы алдағы қызметіне күмәнданатынын ғана айтты.

Екі айдан кейін, 28 қазанда, сенбіге қараған түні металлургиялық алпауыт кәсіпорында екінші төтенше жағдай болып, 46 кеншінің өмірін қиды. Түнде Костенко шахтасында күшті жарылыс болды. Бұл кезде жер астында 252 кенші болған. Олардың 205-іжер бетіне шығып үлгерді.

Қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке компаниямен «ынтымақтастығын тоқтатуды» тапсырғанын айтты.

Қазан айында «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде болған апат еліміздің тау-кен өнеркәсібі тарихындағы ең ірі апат. Бұған дейін 2006 жылы Ленин атындағы шахтада болған апатта 41 кенші жер астында қаза тапқан. 

«Казахстанская» кенішінде болған тамыздағы өрттен кейін де саясаттанушы Досым Сәтбаев болат өндірісі кәсіпорындарындағы апаттардың негізгі себебін жабдықтардың 60 пайыздан астам тозуы деп атады.

- Бұл неге болып жатыр? Өйткені бұл кәсіпорындардың иелері ақша жұмсағысы келмейді: кәсіпорындарда заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Демек, олар адамдардың өмірін шыбын құрлы көрмейді деген сөз. Және бұл оларға Forbes тізіміне кіруге мүмкіндік береді», - деп түсіндіреді Досым Сәтбаев.

8 желтоқсанда ҚР Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьевтің компанияның жаңа инвесторы болатынын мәлімдеді. Ол «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық кәсіпорындарының (Қарағанды металлургиялық зауыты) және ArcelorMittal Tubular Products Ақтау құбыр зауытының акцияларын алады. Билік Лаврентьевтің активтерді сатып алуға 286 миллион доллар жұмсағанын, компанияның 700 миллион доллар көлеміндегі несиелерін өтегенін және өндіріске 3 миллиард доллар инвестициялауға уәде бергенін алға тартты.

Жаңа қожайын кәсіпорындарға ребрендинг жасауға уәде берді. Компания QARMET деп аталуы мүмкін. 

Кеншілердің өліміне әзірге ешкім жауап бермеді, бірақ «Казахстанская» шахтасындағы өртке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігімен «Төтенше жағдайларды жою кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жеті қызметкеріне айып тағылды. 9 желтоқсанда олар ұсталды. 

Жақындары мен асыраушысынан айырылған адамдар ешқашан сақтандыру төлемдерін алмағандарын айтты. Олар бюрократиялық процедуралардан өтіп, шағым түсіруі тиіс.

Орман шаруашылығындағы олқылық

8 маусымда Семейде Абай облысының құрылған күні аталып өтті. Дәл осы күні «Семей орманы» қорығында орман өрті басталып, аумағы бірнеше сағаттың ішінде 3 гектардан 100 гектарға дейін жетті. Қорық қызметкерлері табиғат апатымен күресуге ұмтылды. Олармен байланыс болмады, яғни хабар-ошарсыз кетті. Екі күннен кейін із-түзсіз жоғалған 14 орманшының барлығының қаза тапқаны белгілі болды.

Шетелдік сапарын кейінге шегеріп, Семейге келген президентпен кездесуде халық орманшылардың жұмыс жағдайын айтып берді.

- Тіпті оттегі маскалары да жоқ, олар өрт ошағына барды, қорғаныс құралдары мүлдем жоқ. Олар жұмысқа дереу шақырылғанда, әкем туфлимен кетті. Олар асығыс болғаны соншалық, тіпті арнайы киім киюге де мүмкіндік берілмеді.  Рациялар жұмыс істемейді», – деп жылады марқұмдардың артында жесір қалған әйелдері Қасым-Жомарт Тоқаевқа.

Марқұм болған орманшылардың туыстары жауапты құрылымдар дер кезінде өртке қарсы әрекет етпегенін айтып, егер уақытылы әрекет еткенде қайғылы оқиғаның алдын алуға болатынын айтты. Және мұндай салғырттыққа құзырлы органдарды кінәлады.

Тоқаев халықты кінәлілер жазаланатынына, ал қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет барлық көмекті беретініне сендірді.

Президент 10 маусымда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді отставкаға жіберді.  Бірақ Абай облысының әкімі Н.Ұранхаев өз креслосын сақтап қалды. Президент облыстың жаңадан құрылғанын, Н.Ұранхаевтың іс басына жақында келгенін ескеріп, бұл жолы тек сөгіспен шектелді.  

Экология министрі З.Сүлейменова өрттен 10 күн бұрын «Семей Орманы» аумағында өрт қаупін жою мақсатында тексеру жүргізіп, орманшылармен кездескен. Кейін алапат өртте қаза тапқан орманшылардың отбасымен кездесуде, сол шақтар есіне түсті ме, ол жағы белгісіз, әйтеуір ет жемейтін министр егіліп жылады. Сол әсер етті ме, әлде басқа ма, ол жағы тағы белгісіз, Президент З.Сүлейменованы орнынан алып тастаған жоқ. 

 Президент сөзінде тұрды – маусым айында қаза тапқандардың отбасыларына Семейден жаңа пәтерлердің кілттері табыс етілді. Әр отбасы уәде етілген төлемдерді де алды.

10 күннен астам уақытқа созылған орман өрті бұл саладағы проблемаларды әшкереледі. Елімізде өрт сөндіру бекеттері, арнайы техника, қауіпсіздік және байланыс құралдары, сондай-ақ мамандар жетіспейтіні тағы да көрініп қалды. 

«Техникалық ресурстармен жабдықталу 54 пайызды құраса, көліктердің 21 пайызы (734 бірлік) өткен ғасырдың 70-90-жылдарынан бері қолданыста», - деп жазды депутаттар осы салаға жауапты Премьер-Министрдің орынбасарына жолдаған сауалында.

Абай облысындағы трагедиядан кейін үкімет орман өрттерінің алдын алу шараларына Экология министрлігіне 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлетінін хабарлады. Тамыз айында Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін жаңартуға үкіметтік резервтен 633 млн теңге бөлінді. Бұл ақшаға 71 ұшқышсыз ұшатын аппарат және ұшақтарға арналған бес су төгетін құрылғы сатып алынуы тиіс. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 16 өрт сөндіру бекетін салу жоспарлануда. 

Қараша айында Абай облысында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты сот процесі өтті. Тергеу оларды әріптестерінің өліміне кінәлі деп тапты.

Семей орманындағы өрттен келген шығын 165 млрд теңгені құрады. Орманның әр ағашына жауап беруге тиісті З.Сүлейменова қызметтен кетті. Кетсе де, жерде қалған жоқ. Қыркүйекте ол Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. 

Бас жарылса, бөрік ішінде немесе салғырттық қателікті кешірмейді

Алматы мен Жаңаөзен қалаларында екі ірі техногендік өрт пен тұрғын үйдегі газ жарылысынан бірнеше адам көз жұмды.

1 тамызда Алматыдағы Ақкент шағын ауданындағы 16 қабатты үйдің лифт шахтасында электр кабелі өртенді. Өрт сөндірушілер 340 тұрғынды эвакуациялады. Олардың кейбіреуі өрттен қашып, балаларды терезеден лақтырып, артынан өзі секірген. Өрт салдарынан 43 адам зардап шекті, төрт бала жансақтау бөліміне жатқызылды. 31 жастағы әйел қайтыс болды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өрт кезінде терезеден секіріп кеткен тұрғындарды «қауіпсіздік ережелерін бұзып, өмірлеріне қосымша қауіп төндірді» деп, ал оқиға орнынан өтіп бара жатқандар «дүрбелең туғызды» деп мәлімдеді.

Қазан айында тұрғындар құрылыс салушы компания жүргізген жөндеу жұмыстарынан кейін пәтерлеріне оралды. Әкімдік 168,4 млн теңге бөлді. Оның 68,4 млн теңгесі қоныс аударуға және жалға алынған пәтерлердің ақшасын төлеуге бөлінді, ал қалған қаражатқа үйдің ішіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау камералары мен өрт сөндіру жүйесі орнатылды. Сондай-ақ құрылыс салушы компания қалпына келтіру жұмыстарына 300 млн теңге бөлді. 

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және адам өліміне әкеп соқтырған жағдай бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. 

 Үш айдан кейін, 30 қарашада оңтүстік астанада тағы да ірі өрт болды. Сағат 05:33-те қалалық төтенше жағдайлар бөліміне Әди Шәріпов көшесінде орналасқан ғимараттың жертөлесінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Мұнда бірінші қабат пен жертөле хостелге айналған. Өрт кезінде мұнда 72 адам болған, 59 адам өз бетімен қауіпсіз жерге шыға алды. 

13 адамды құтқару мүмкін болмады. Оның ішінде екеуі – Ресей Федерациясының, екеуі Өзбекстанның азаматы, қалғандары Қазақстан азаматтары. Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, баспанада, негізінен, студенттер тұрған. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев «Алматы хостелі» бір жарым ай бұрын ашылып, заңсыз жұмыс істегенін хабарлады. Үй-жайды жалға алушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Сәуір айында Жаңаөзенде тағы бір ірі төтенше жағдай орын алды. 17 сәуірде таңғы сағат төрттер шамасында екі қабатты тұрғын үйде жарылыс болды.

Салдарынан өткен ғасырдың 70-жылдары салынған ғимараттың кіреберісі опырылып түскен.

Құтқарушылар үйінді астынан аман қалған төрт адам мен қаза тапқан бір ер адам, екі әйел және үш жасар баланың мәйітін алып шықты. Кейінірек тағы екі мәйіт табылды. Төтенше жағдай салдарынан 13 адам зардап шекті, оның 8-і бала.

– Отырған еденіміз опырылып, бәріміз жертөлеге құладық. Сегіз жастағы ұлым екі қолы мен аяғын күйік шалып, ауруханада жатыр. Мен өзім де ауруханада жатырмын. Көрші кіреберіс толығымен опырылған. Ол жақта нағашы апам мен інім тұратын, олар қайтыс болды», – дейді үй тұрғыны Наташа Әбдиева. 

Ресми мәлімет бойынша, жарылыс үйдегі газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуінен болған. Марқұмдардың туыстары мұнымен келіспейді. Олардың өтініші бойынша сот сарапшылары жоғары палатасының мамандары оқиға орнында тәуелсіз сараптама жүргізді.

 Мамандарың ұйғарымы бойынша, №17 пәтердің тұрғындары шамды қосқан сәтте газ-ауа қоспасы тұтанып, жарылыс болған. Яғни, тұрғын үй кіреберісінде газ құбырының бұрын тесілгені, газдың жиналуы себепті ол жарылғаны анықталды.