Бишімбаевтың ісі: Қазақстандағы ең атышулы сот процесінде алқабилер сотының қолынан не келеді

Ulysmedia

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкенованы жазым етуіне қатысты атышулы іс сотқа жіберілді. Айыпталушы тарап істі алқабилер сотында қарауды сұрап отыр.

Көпшілік бұл шешімнің қаншалықты орынды екенін талқылауда. Өйткені қоғамдық пікір қалыптасты, ол Бишімбаевты жақтамайтыны анық. Ал алқабилер дегеніміз олар да әлеуметтік желіні пайдаланушылар, бұл тақырыптың қалай қызу талқыланып жатқанын олар да жақсы біледі. Айыпталушы тарап алқабилер сотын талап ету арқылы неден үміт етеді. Тақырыпты Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.

Коллаж: Ulysmedia

Елімізде Алқабилер институтының құрылғанына салыстырмалы түрде көп уақыт өте қойған жоқ және оның әлі кемеліне келмегені жайлы көптеген пікірталас бар. Жуырда ғана біз адвокат Мәкіш Есқараевпен болған сұқбатты жарияладық, онда қорғаушы алқабилер алқасынан қажетті айыптау үкімін екі рет ала алмаған сот үшінші ретте алқабилер шешімін қалай бұрмалағаны айтылды. Бұдан сәл бұрын қарапайым қазақстандықтардың алқабилер сотына мүше болуға құлшынбайтынын айтқанбыз. Алқабилікке шақыру процесінің күрделілігі сот хатшыларының сорына айналған, өйткені жұмысы көп.

Бишімбаевтың ісін қарап жатқан алқабилер соты үкім шығарарда қоғамдық пікірдің ықпалынан шыға алмай қалмай ма? Бұл сауалды еліміздің жетекші заңгерлері мен құқық қорғаушыларына қойған едік.

Джохар Өтебеков: Қоғамдық резонанс әділ үкім шығаруға кедергі емес

Адвокат Джохар Өтебековтің ойынша, Салтанат Нүкенованы күйеуінің өлтіруіне қатысты істің қоғамда резонанс тудыруы сот төрелігін объективті жүзеге асыруға кедергі емес.

– Әр адам өз ар-ұятына қарай шешім шығарады. Процеске қатысатын судья, адвокат және прокурор да өз тараптарынан БАҚ-та жарияланған материалдардың қаралып отырған іске қандай да бір әсер етпеуін ескертеді.

Адвокат, сонымен қатар, алқабилер алқасының бланкілері түрлі манипуляцияда қолданылмауы үшін дауыс беру бланкілері процеске қатысушылардың барлығына қолжетімді болуы керек деген пікір білдірді.

– Алқабилердің шешім шығаруына судьялардың процесс бойы тек айыптаушылық көзқараста болуы мен сот жүйесіне дендеп енген коррупция да кері әсер етеді. Дамыған елдерде алқабилер сотының әрбір шешімі кәсіби судьялардың жұмысына бәсекелестік мәнде қабылданады, яғни екі соттың бір-бірімен бәсекелесуі есебінде болады. Осы себептерге байланысты қазылар алқасы судьяның ықпалынсыз өз шешімін қабылдауы керек. Алқабилер алқасымен кеңесу бөлмесінде судьяның болуын және судьяның алқабилермен бірге дауыс беруін заңнамалық тұрғыдан алып тастау қажет. Сонда алқабилер соты шешімінің объективтілігіне күмән әлдеқайда аз болады.

Сергей Злотников: Артық шудың қажеті жоқ

Заңгер Сергей Злотников әріптесінің сөзімен тек ішінара ғана келіседі.

    - Ең дұрысы, сот қоғамдық пікірге тәуелді болмауы керек», - деді ол.

– Сот шоу емес, соттың, оның ішінде алқабилердің шешімі фактілерге, аргументтерге негізделуі керек. Мысалы, тараптардың неліктен сотқа дейін сараптама нәтижелерін жариялап, қылмыстық іс материалдарының жекелеген эпизодтары бойынша түсініктеме беретінін түсінбеймін. Кейбір жайттар белгілі бір мақсаттар үшін арнайы айтылатын сияқты. Мәселен, айыпталушының адвокаты ретінде әйел адамның таңдалуы, менің ойымша, кездейсоқтық емес. Айыпталушы тарап осы арқылы қоғам жанашырлығы бар деген пікір қалыптастырғысы келуі мүмкін. Бірақ алқабилер екі жақтың да сотқа ұсынған фактілерін ғана басшылыққа алып, сот процесінде дербес шешім қабылдайды.

Мәкіш Есқараев: Суға кеткен тал қармайды

Адвокат Мәкіш Есқараев бұл жағдайда алқабилер соты Бишімбаев үшін жалғыз үміт екеніне сенімді.

– Қазақстан соттарының сот төрелігін жүзеге асыру «тәжірибесін» ескере отырып, сотталушының құқықтарын қорғаудың бірден-бір тиімді құқықтық құралы – алқабилер соты екеніне еш күманым жоқ. Егер адам кінәсіз болса немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары мен прокуратура тарапынан сотталушының іс-әрекетіне баға беруде шектен шығулар болса, онда алқабилер соты бүгінгі күні қорғай алатын бірден-бір тетік, құрал болып табылады.

Әдетте, егер іс тек судьяның қатысуымен қаралатын болса, онда бұл істің ақыры не болатыны алдын ала белгілі болады. Мұндай істерге тіпті прокурорлар дайындалмай келеді.  Ал алқабилердің қатысуымен өтетін істерге жақсы дайындалған мемлекеттік прокурорлар барады, олар сот талқылауына әбден дайындалады. Негізінде, сот процесі дәл осылай қызу дайындықпен өтуі тиіс.

Мұрат Адам: Кінәсіздік презумпциясы жойылған жоқ

Адвокат Мұрат Адам Бишімбаев пен оның қорғаушыларының істі алқабилер сотында қарауын сұрап, өтініш білдіруінде тұрған ештеңе жоқ деп санайды. Бұл жерде эмоцияның қажеті жоқ.

    «Бұл сотталушының құқығы және оны ешкім тартып ала алмайды», - дейді ол.

- Егер Бишімбаев алқабилер соты мүшелерінің де қоғамдық пікірге «байлаулы» екенін түсінсе, тәуекел етуге дайын болса, бұл оның өзі шешімі. Бишімбаев пен оның адвокаттары осы шешім арқылы қандай қадамға барып отырғанын түсінді деп ойлаймын.

Адвокат Адамның пікірінше, қылмыстық істердің сотқа дейінгі фактілері бойынша қоғамдық пікірді қалыптастыру тек Қазақстанда ғана емес, десе де бұл сот пікіріне әсер етуі керек дегенді білдірмейді.

- Тағы бір жайт, сот процесіне «жоғарыдан» араласу деген бар. Бұл факторды толығымен жою керек.

БАҚ пен әлеуметтік желіде Бишімбаев ісін талқылап жатқандарға түсіністікпен қарап, оларды кінәлаудың қажеті жоқ деп есептейді.

– Бишімбаевты кінәлі деп үзілді-кесілді айту дұрыс емес. Иә, бізге фотосуреттер мен видеолар көрсетілді, бірақ біз бәрін толық білмейміз. Бізде кінәсіздік презумпциясы бар екенін есте ұстаған жөн: сот үкімі шыққанға дейін адам кінәсіз деп есептеледі. Біз бұл принциптерді құрметтеуіміз керек. Сондықтан әр тараптың көзқарасы мен заңды ұстанымына құрметпен қарап, қазылар алқасының шешімін күту керек.

Виталий Воронов: Тек толық ашықтық!

Адвокат және қоғам қайраткері Виталий Воронов та Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер соты объективтілікке көбірек мүмкіндік беретініне сенімді.

    - Жәбірленуші тараптың әлеуметтік желі және БАҚ арқылы таратқан түрлі айғақтары қазірдің өзінде қоғамдық пікірді қалыптастырып үлгерді, - деді Виталий Иванович.

- Айыпталушы ретінде танылған Бишімбаевтың ісі бойынша (ақпаратқа сәйкес, іс айыптау қорытындысымен Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берілген) соттың объективтілігі көптеген мән-жайларға байланысты болмақ. Алқабилерді заңға сәйкес сайлау тәртібін сақтау осы мән-жайлардың маңыздысы болып саналады. 

 - Істі қарайтын бір судья әртүрлі себептермен он судьядан тұратын алқабиге қарағанда субъективті болуы мүмкін. Ал сот процесіндегі маңызды фактор ол – объективтілік», - дейді адвокат.

– Алқабилер алқасының жасырын дауыс беру арқылы шығарған үкімі, жалпы, меніңше, бір ғана судья шығарған үкімнен гөрі объективті сипатта болады. Ол сондай-ақ сотқа пара беру немесе оның тәуелсіздігіне басқа жолмен әсер ету мүмкіндігі туралы күдіктерді сейілтеді, өйткені алқабилермен мұны істеу оңай емес.

Виталий Вороновтың айтуынша, қазылар алқасының шешімін бұрмалау өте қиын, дегенмен олардың қоғамдық пікір ықпалынан шыға алмай қалу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз.

    – Алқабилер шешімінің тәуелсіз болуы үшін сот процесі ашық өтуі тиіс, әрі судьяның бейтараптығын қамтамасыз ету маңызды.

Сергей Уткин: «Айсбергтің» біз білмейтін бөлігі

Құқық қорғаушы Сергей Уткин Бишімбаевтың әйелін өлтіру ісінің мән-жайын кеңінен жариялау қоғамдағы оң өзгерістердің көрсеткіші деп санайды.

«Жалпы, мен де тараптардың сотқа дейін өз ұстанымдарын жария ету мүмкіндігін қолдаймын», - деді Уткин.

    – Бірақ Бишімбаев ісінде қоғамдық пікірді қалыптастыру негізінен жәбірленушілер тарапынан сәтті болғанын айта кету керек. Ескерту: қоғамдық пікір тек кісі өлтірудің нақты фактісіне ғана емес, жалпы Бишімбаевтың жеке басына қатысты қалыптасты. Егер ол бұған дейін өзін жақсы жағынан көрсеткен тұлға болса, қазіргідей жағдайда оны ақтап алушылар көп болар еді.

Ал істі алқабилердің қатысуымен қарауды талап етіп отырған Бишімбаев жағының уәжіне келсек, құқық қорғаушының айтуынша, мұнда бір гәп бар.

- Кәсіби судья сот тергеуі кезінде квалификацияны өзгерте алады, ал алқабилер өзгерте алмайды. Үкім шығару кезінде оларға: «Сотталушының соққысы Салтанат Нүкенованы өлтіретіндей қатты болды ма?», «Бишімбаевтың Нүкенованы өлтіру ниеті болды ма?» деген сияқты нақты сұрақтар қойылады. Бұл жерде қазылар алқасы «иә» немесе «жоқ» деп біржақты жауап беруі керек. Бұл жағдайда заңға сәйкес кез келген күмән айыпталушының пайдасына шешіледі. Бізді сотта көптеген тосын сыйлар күтіп тұрғанына сенімдімін, сондықтан да мұндай сот процесі ашық түрде өткізіліп қана қоймай, барлық телеарналар мен қоғамдық арналарда тікелей эфирде көрсетілу керек деген ойдамын.