Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық белсенді Кизатованың әлеуметтік желідегі жарияланымдарына байланысты Құрманғазы аудандық ауруханасында қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әлеуметтік желілерде аудандық перзентханадан босанған әйелдерді шығару кезінде заңсыз ақша талап етілген болуы мүмкін деген ақпарат жарияланған.
Осы деректерді тексеру үшін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрған. 18 наурыз күні комиссия медициналық көмектің сапасына, диагностиканың және емдеудің клиникалық хаттамалар мен стандарттарға сәйкестігіне кешенді бағалау жүргізді. Сондай-ақ шағымда көрсетілген барлық медицина қызметкерлерімен жеке әңгімелесу өткізілді. Жазбаша түсініктемелер мен қосымша материалдар алынған.
Сонымен қатар арызданушымен (босанған әйелмен) кездесу ұйымдастырылып, 2021 жылғы 26 тамызда болған оқиға бойынша жазбаша өтініші қабылданды. Медицина қызметкері өз кінәсін мойындамаған. Ол өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін сот тәртібімен қорғауға ниетті екенін мәлімдеген (ҚР ҚК 130-бабы – жала жабу).
Жиналған материалдар жақын уақытта құқық қорғау органдарына жолданады. Аталған жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны өңірдегі перзентхана қызметкерінің әрекеттері туралы айтқан болатын. Оның сөзінше, перзентхананың педиатры босанған әйелдерден 10 мың теңгеден жинайтын көрінеді.