Хайп немесе кәсібилік: Бишімбаевтың сотында БАҚ өз құқықтарын қорғай ала ма

Ulysmedia

Бүгінгі күннің ең резонансты соты – Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың соты. Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіру оқиғасы елімізде ең көп талқыланған тақырыпқа айналды. Күні кеше өткен алдын-ала сот тыңдауында журналистер сот залына кіре алмады, процестің өзін жоғары қабаттың қуықтай ғана залындағы монитордан тамашалады. Сигналдың әлсіз болуынан, ол да жөнді жұмыс істемей қала берді. Осындай елеулі олқылықтардың орын алуы және құқықтарының көпе-көрінеу тапталуы журналистерді сот ғимаратына полиция шақыруға мәжбүр етті.  Оған қоса, сот ғимараты қызметкерлері БАҚ-қа сотқа қатысушыларды суретке, видеоға түсіруге де тыйым салған. Журналистер сот әкімшілігін ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы (Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) бойынша жауапкершілікке тартуды талап етті. Ондаған БАҚ өкілі қол қойған мәлімдеме қабылданып, тіркелді.

Коллаж: Ulysmedia

ҚР-ның Қылмыстық кодексіндегі 158-бап бұрыннан бар, бірақ іс жүзінде ол ешқашан қолданылмайды. Сонда атышулы сот процесіндегі жанжал осы тәртіпті өзгерте ала ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz журналисі елдегі белгілі заңгерлер мен құқық қорғаушыларға қойды.

Жоғарғы Сот судьясының ұстанымы

Айтпақшы, Жоғарғы Сот судьясы Назгүл Рахметуллина бұл оқиғаға Facebook әлеуметтік желісіндегі жазба арқылы жауап берді.

- Жариялылық дегеніміз не? – деп сұрайды Фемиданың қызметшісі әлеуметтік желіде өз оқырмандарынан.

– Бұл концепцияның мәні мен мазмұны Жоғарғы Соттың «Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізудің ашықтығы қағидатын сақтау туралы» нормативтік қаулысында жазылған. Сот ісін жүргізудің жариялылығы дегенімізді ашық сот талқылауын өткізу ғана емес, оған тараптардың қатысуын, жария ету мүмкіндігін қамтамасыз ету деп те түсіну керек. Бұл принципке сот шешімін жария ету жатады. Осылайша, ашықтық принципі сақталатын шарттарды анықтауға болады.

Назгүл Рахметуллина/Facebook

- Біріншіден, сот отырысына осы процеске қатысушылар кіргізіледі және қатысады. Олар кімдер? Олар– мемлекеттік айыптаушы (прокурор), жәбірленуші(лер), олардың ресми өкілдері, айыпталушы(лар), олардың қорғаушылары (тиісті қаулымен қабылданған жақын туыстары), адвокаттары.

Сот ісін жүргізудің басты мақсаты – қылмыстық істі шешу, әділ үкім шығару екенін ұмытпауымыз керек. Осыған сәйкес сот, ең алдымен, айыптау және қорғау тараптарына олардың құқықтарын кедергісіз және толық қорғау үшін жағдай жасауға міндетті.

- Екіншіден, сот талқылауы ашық түрде өтеді. Яғни, барлық қызығушылық танытқандарға сот процесі туралы ақпарат қолжетімді болуы керек: не болып жатыр, кім сөйлеп жатыр, не айтып жатыр және тағы басқа. Сот залына барлық журналист пен оператор сыймайды. Сот процесіндегі ашықтық үшін заманауи технологиялар мүмкіндігі кеңінен қолданылады. Процестің онлайн трансляциясы басқа бөлмеде көрсетіледі. Көрші бөлмеде болып, сот процесін басынан аяғына дейін көріп, барлығын жазып алып, желіде жариялауға мүмкіндік жасалып отырғанда, БАҚ өкілдерін процеске қатыстырмады деуге негіз бар ма? Меніңше, жоқ деп ойлаймын.

Жоғарғы Сот өкілінің позициясы белгілі заңгер Мұрат Адамның ашуын келтірді, ол бұл жазбаға келесідей жауап берді:

– Бірақ сіз ҚР Жоғары соты Сот төрелігі (8 тармақ) туралы басқа нормативтік қаулыны ұмытып отырсыз. Онда БАҚ өкілдерінің сот процесіне залда отырып қатысуға негізсіз рұқсат етпеу туралы жазылған. Мұқият қарап шығыңыз, нормативтік құжатта монитор қойылған бөлек бөлме емес, арнайы сот залы туралы айтылған.

Мұрат Адам: Журналистердікі дұрыс!

Ulysmedia.kz оқырмандары үшін заңгер Мұрат Адам өз ұстанымын нақты дәлелдеп берді.

– Соттың мұндай әрекеттері келесі себептер бойынша заңсыз болып табылады. Бұл іс бойынша сот талқылауы ашық түрде өтіп жатқаны бәрімізге мәлім. Бұл туралы сот алдын ала тыңдау процесінің басында мәлім етті. Барлық сот инстанцияларында қылмыстық сот ісі ашық түрде жүргізіледі. Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 29-бабының талабы, онда «сот ісін жүргізудің ашықтығы» нақты регламенттелген.

Мұрат Адамның пікірінше, заң талабынан бөлек, Жоғары соттың нормативтік қаулысы да бар. Онда қылмыстық істер ашық өтуі тиіс екені және бұл қаулыға еліміздегі барлық сот инстанциясы бағынуы тиіс екені жазылған.

– Бұл нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті болып табылады және Конституцияның 4-бабына сәйкес, оған барлық судья бағынуға міндетті. Бұл нормативтік қаулы сот ісін жүргізудің жариялылық принципі барлық судьялар үшін міндетті және адамды қылмыс жасағаны үшін әшкерелеу мен жауапқа тартуға ғана емес, сонымен қатар оның әділ сот талқылауына бағытталғанын түсіндіреді, сондықтан нормативтік қаулыда нақты көрсетілген. Барлық соттар бұл принципті ұстануы тиіс, мүдделі тұлғалардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот отырысы залдарына еркін кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуіміз керек делінген Жоғары Соттың аталған нормативтік қаулысында.

Сондықтан да Жоғарғы Сот жариялылық туралы заңның бұл талаптары барлық сот инстанцияларында бұлжытпай сақталуы тиіс және соттардың бұл қағидаттардың бұзылуына жол беруге құқығы жоқ екенін нақты көрсетті.

Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың «Сот билігі туралы» нормативтік қаулысы бар. Бұл қағидатқа сәйкес, сот отырысына қатысуға тек процеске қатысушылардың ғана емес, сонымен бірге осы іс бойынша процеске қатысушылар болып табылмайтын адамдардың да қатысуы қамтамасыз етілуі тиіс.

Мұрат Адам Бишімбаев ісіне қатысты сот процесінде залда бос орындар болғанымен, журналистердің отырыс залына кіруіне тыйым салынғанын атап өтті.

– Заңды журналистік қызмет құқығына кепілдік беретін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң талаптарын орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы соттар мен прокурорлар ұмытпауы тиіс еді, - дейді заңгер Адам.

– Ал бізде Қылмыстық кодекстің 158-бабында жазылғандай, журналистің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделген. Оның бір түрі ретінде журналистке заңды қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіру немесе оны жүзеге асыру мүмкіндігінен толық айыру екенін айтылған. Бишімбаев ісінде сот процесіне төрағалық еткен судья журналистерге өз қызметін істеуіне мүмкіндік бермеді. Бұған жол беруге болмайды және мұндай әрекеттер судьяның қызметтік бабын асыра пайдалану деп аталады, ол туралы 2-бөлімде анық жазылған.

– Әрине, судьяны қылмыстық жауапкершілікке тек президенттің келісімімен ғана тартуға болатынын білемін. Ол іске аспайтынын да біліп отырмын.  Осысы бекер, елімізде осындай прецеденттер болғанда, судья журналистік қызметке кедергі келтірген кезде қылмыстық жауапкершілікке тартылса, сонда ғана біздің сотта журналистер құқығы қорғалушы еді, сонда ғана ашық сотта журналистерді түртпектеуге ешкімнің батылы жетпес еді.

Сергей Уткин: Сот насихаты теріс бағытта жүргізіледі

Танымал құқық қорғаушы Сергей Уткин әріптесінің пікірімен келіседі.

- Егер журналистердің құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау туралы арызы судьяға қарсы бағытталса, онда мұның мүлдем түкке тұрғысыз екені, судьяның үстінен ешкім қылмыстық іс қозғамайтыны анық, - деді ол.

– Екінші жағынан, журналистердің бұл әрекеті тәуелсіз Қазақстанның тарихында сотты тек журналистерді ғана емес, сонымен қатар, елдегі ең резонанс тудырған істердің бірі бойынша ашық сот отырысына қатысқысы келетіндердің барлығына мүмкіндік беретін әрекеттер жасауға итермелесе, өте жақсы болар еді.

Уткин сот жүйесі тағы да «баяулық» пен енжарлық танытып, қазақстандықтарға ашықтықтың ауылы қашықта екенін көрсетті деген пікір білдірді.

 - Судья сот отырысы басталмай тұрып-ақ Бишімбаевтың ісіне қоғамның реакциясы қандай екенін жақсы білді ғой, - дейді оның әрекетін түсіне алмаған құқық қорғаушы.

«Ол бұл сотқа ондаған, тіпті жүздеген журналист келетінін алдын ала бағамдап, сот залын дайындауы керек еді. Менің білуімше, үлкен сот залдары қалалық сотта да, Жоғары сотта да бар. Бұл іске қоғамның қызығушылығын және екі жақтың да журналистердің қатысуымен ашық сот отырысын өткізуді талап еткенін ескере отырып, сот отырысы залына барлығының кіруі үшін көшпелі сот отырысын өткізуге болады. Менің ойымша, мұндай резонанс тудыратын істерді ашық түрде көрсету керек, бұл да сот үшін белгілі бір пиар болар еді. Бірақ сот қоғамдық пікірді өз пайдасына бұрудың орнына, өз әрекетіне наразылық туғызу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақты.

Сергей Злотников: үміт аз

Адвокат және құқық қорғаушы Сергей Злотниковтың айтуынша, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені туралы құқық қорғау органдарына арыздану оқиғасы ешкімнің назарына аудармайды.

– Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай емес. Кәсіби журналистік қызметке кедергі келтіргені үшін қылмыстық іс қозғау әрекеттері бұрын да болды. Бірақ мен бұл жағдайда ешқандай перспектива көріп тұрған жоқпын. Баспасөз процеске қатысушы болып табылмайды, ал сот процестегі тәртіп пен объективтілікті қамтамасыз етуі керек. Сот ашық болуы керек, бірақ әділ шешім шығару үшін ашық болуы тиіс. Сондықтан бұл іс бойынша сотты түсінуге болады. Олар журналистер үшін бөлме бөлінгенін, фотосуреттерді соттың баспасөз қызметі ұсынғанын айтты.

Сергей Михайловичтің пікірінше, камераның дыбысы процесс барысында алаңдатуы мүмкін.

 – Сондықтан американдық соттарда суретке түсіруге тыйым салынады, тек сурет салуға рұқсат етіледі.

Журналистердің сот әкімшілігін кәсіби қызметке кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту әрекеттеріне келетін болсақ, Злотниковтың айтуынша, мұндай бастаманың болашағы жоқ.

– Сот – биліктің бір тармағы, егер судья солай шешсе, оның да құқы бар. Полиция судьяның үстінен қалай іс қозғай алады?

Виталий Воронов: журналистер жай ғана хайп қуып жүр...

Сергей Злотниковтың пікірімен адвокат Виталий Воронов келісетін сыңайлы.

- Меніңше, бұл жағдайды «өнбейтін дауды өспейтін елдің баласы қуады» деп түсіндіруге болар. Журналистер мен судьялар арасындағы кикілжіңге қатысты өз көзқарасын білдірген С.Злотников осылай дейді.

– Бұл мәселені заңдық тұрғыдан емес, өмірлік жағдай тұрғысынан алып қарайықшы. Алдын ала тыңдауларға 80 емес, 800 БАҚ өкілі келеді деп алайық. Ал бұл жағдайда сот не істеуі керек? Процестің ашықтығы сот залына барлығын кіргізу дегенді білдірмейді! Өйткені, ол жерде тәртіпті, санитарлық-гигиеналық нормаларды, процеске қатысушылардың қауіпсіздігін және заңмен белгіленген тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Менің білуімше, журналистер үшін сот залынан хабар тарату үшін монитор орнатылған, ол кейбір техникалық себептерге байланысты жұмыс істемей қала берген.

Келесі отырыстарға дейін бұл мәселелер реттеліп, кемшіліктер жойылып, алқабилерді таңдау бойынша жабық отырысты қоспағанда, процестің ашықтығы қамтамасыз етіледі деп ойлаймын. Бұл процеске қатысушылардың айтқан ұстанымдарына сәйкес келеді.

Виталий Ивановичтің айтуынша, сотта журналистерге сотталушы Бишімбаевты суретке түсіруге мүмкіндік берілмеуін олардың журналистік қызметіне кедергі келтіру деуге болмайды.

- Сонымен бірге, процестің жариялылығы мен ашықтығына қарамастан, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 145-бабында көрсетілгендей, адамның өзінің келісімінсіз оны суретке және видеоға түсіруге, оны таратуға тыйым салуды әлі ешкім алып тастамағанын ұмытпаған жөн, - дейді Воронов.

– Ал мұндай жағдайда полицияға хабарласып, арыз жазған журналистер, меніңше, орынсыз оталып жүр немесе қазір трендте бар сөзбен айтсақ,  жай ғана хайп жасайды. Сот мұндай зор қызығушылықты және сот залының офлайн атмосферасына енуге құштар адамдардың ағынын болжамаған болуы мүмкін. Болашақта барлығы реттелетініне сенімдімін.

Естеріңізге сала кетейік, 13 наурыз күні өткен сот отырысында журналистер Бишімбаев ісі бойынша сот процесін көрсетуге мүмкіндік бермегеніне ашуланып, сотқа полиция шақырған болатын. Сот әкімшілігінің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабын (журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру) бұзуы туралы арызына ондаған БАҚ өкілі қол қойған. Полицейлер арызды қабылдап, тіркеген.