Қазақша футбол: федерация президенті Бәрменқұловтың сөзі басқа, ісі бөлек пе

Ulysmedia

Өткен аптада футболшыларымыз Еуропа чемпионатына жолдама ала алмай қалды. Грекия құрамасына қарсы ойында Қазақстан құрамасы 0:5 есебімен ойсырай ұтылды. Мұндайда жанкүйерлерді қалайша ашу қыспайды? Осыдан екі жыл бұрын Федерация басшылығына келген Бәрменқұлов үйіп-төгіп уәде берген. Міне, жанкүйерлер сол уәденің шын мәнінде салмағы жоқ сылдыр сөз екеніне көзі жетті. Қызметке келе салып, «Қазақстан футболын дамытудың 2034 жылға дейінгі стратегиясы» атты құжатты бекіттірген Бәрменқұловтың стратегиялық жоспарлары сол күйі қағаз бетінде ғана қалды.

Мұндай жағдайға қалай жеттік? Бұл сауалға Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Коллаж Ulysmedia

Мемлекет қаржысы легионерлерге арналған ба?

Ақпан айының басында мәжілісмен Қазыбек Иса депутаттық сауалы барысында Қазақстан футбол федерациясы президентінің сөзі мен ісінің алшақтығына тоқталды. Ол спорттың ең танымал түрін дамытуға бөлінетін бюджет ақшасы мен одан шығатын нәтиженің арақатынасына ашуланды.

Депутат фантастикалық сомаларды жариялады, елімізде былтыр футбол клубтарына 133 (!) миллиард теңге бөлінгені белгілі болды. Оның 111 миллиарды облыстық бюджет есебінен.

– Осыншама қаражат бөлінді, бірақ одан нәтиже жоқ!- деді Қазыбек Иса түтігіп.

   - Қаражат қайда кетеді? Мұның бәрі легионерлерді байытуға жұмсалады! Премьер-лиганың 374 ойыншысының 150-і шетелдік ойыншы! Әлем чемпионатына дайындық барысына бокс, күрес және ауыр атлетикаға бөлінген қаржы футболға қайта бөлінеді. Оның 80 пайызы шетелдік ойыншыларға жұмсалады. 30 жылдың ішінде жалғыз стадион салдық. Өзбекстан 10 стадион салып, футболға екі есе көп ақша бөлді!

Мәжілісмен сөзінің соңында футболдағы шетелдік ойыншыларды да, оларға бөлінетін қаражатты да қысқарту керектігін айтты.

Сонымен қатар биыл қаңтарда Қазақстан футбол федерациясы «шетелдік ойыншыларға шектеудің» күшін жойды. Бұл шектеу Қазақстан чемпионатының ойындарында алаңға шыққан 11 спортшының көп дегенде жетеуі ғана легионер бола алады деген сөз. Енді жаңа талап бойынша клубтардың ойын алдындағы өтінімдерінде 25 орынның кем дегенде 13-ін қазақ футболының түлектері алуы тиіс.

ҚФФ басшысының өзі бұл жаңашылдықты «шетелдік ойыншыларды шектеу» секілді түрлі эксперименттер жүргізген» 15 жылдық сәтсіз тәжірибеден кейін қабылдағанын айтты. Бәрменқұловтың айтуынша, алаңда легионерлердің көп болуы жергілікті футболшылар үшін стимул болады. Бәсекелестік жоғары болса, ойыншылардың сапасы да, сол арқылы бұқараның футболға деген қызығушылығы да артады. 

Мұның бәрі, оның жоспары бойынша, стадионға келушілер санының көбеюіне, соның ықпалымен жаңа стадиондардың салынуына себеп болады.

 

Күмәнді табыстар

Әрине, Бәрменқұлов ҚФФ-ны басқарған екі жыл ішінде халықаралық стандарттарға сай заманауи стадиондар санын көбейту туралы айту әлі ертерек. Биыл Шымкентте жаңа стадион салу жоспарланғаны белгілі. Ол салынса, 35 мың орындық стадион еліміздегі ең үлкен стадион болар еді. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстандағы стадиондардың барлығы дерлік әбден ескірген. Олардың салынғанына кемінде 60-70 жыл болған. Сондықтан әр чемпионаттың басында көптеген командалар өз алаңындағы матчтарын басқа қалаларда өткізуге мәжбүр. Соңғы 30 жылдан астам уақытта тек екі арена – 7 мың орындық «Түркістан Арена» және 30 мың орындық «Астана Арена» ғана салынды.

Стадиондар мәселесін қоя тұралық. Қазақстандық футболдың кәсіби бағыты және балалар мен жасөспірімдер арасындағы бағытына баға беруге болады. Мәселен, Қазақстан ерлер құрамасы қазір ФИФА рейтингінде 100-орында. Салыстыру үшін, халқының саны мен жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі ұқсас ел – Румыния 45-ші орында, Өзбекстан 66-шы орында.

Жиырмаға жуық қазақстандық футболшы шетелдік клубта өнер көрсетеді, олардың көпшілігі Беларусь пен Ресейде ойнайды. Шетелдік алаңда доп теуіп жүрген футболшылары бар елдермен салыстырсақ, Украина (202 ойыншы), Ресей (192), Беларусь (45) және Өзбекстан (32).

Қазақстан жастар құрамасы 2025 жылғы УЕФА іріктеу турнирінің «В» тобында 500 мыңға жуық халқы бар Мальтаны ғана басып озып, 5-ші орынға тұрақтады.

Мұндай жағдайда футбол шенеуніктерінің қандай негізде тағайындалатынын, футболға бөлінген орасан зор қаражаттың қайда жұмсалатынын, Еуропа лигаларына қажет болмаған сапасыз легионерлердің неліктен сатып алынатынын айтып берер біреуі болса ғой, шіркін. Сонда деймін-ау, отандық футболды жарқ еткізіп әлемге танытатын өз таланттарымыз жоқ болғаны ма?

 

Таңдаусыз таңдау

Осыдан екі жыл бұрын Футбол федерациясының кезекті конференциясында жаңа президент сайланды. Ә.Барменқұловтың бұл орынға өз күшімен келмегені айдан анық.

Оның алдында федерацияны табан аудармастан 10 жыл басқарған Әділбек Жақсыбеков сайлауға қайта түсуден бас тартқан. Бес үміткер қатарында Давид Лория, Қайрат Оразбеков, Берік Қаниев, Әділет Бәрменқұлов және Ерлан Жарылқасынов бар еді.  Олардың әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері болды. Лорияның есімі футбол әлеміне танымал етене таныс. Жарылқасынов отандық футзалдың халықаралық аренадағы жетістіктерімен мақтана алады, Оразбековтың артында «Қайраттың» даңқы бар. Соған қарамастан, негізгі бәсеке кәсіпкер Қаниев пен «қазақмыстық» Барменқұлов арасында болды.

Дауыс беруге қатысқан 26 қатысушының 11-і біріншісіне, 14-і екіншісіне дауыс берген. Қалған 3 кандидатта бар-жоғы бір ғана дауыс. Оның өзін Д.Лория алған.

Қазақ футбол сүйер қауым үшін бұл таңдау тосын жайт еді. Әділет Бәрменқұловтың өмірбаянын жан-жақты зерттеген жанкүйерлердің үміттен гөрі күдігі басым болды. Өйткені «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары және «Kazakhmys Smelting» бас директорының спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Талдықорған өңірінің тумасы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін «Тау-кен ісі», «Мемлекеттік және аймақтық басқару» мамандықтары бойынша  білім алған. 23 жасында «Tamos Education» ЖАҚ-на директор болып тағайындалған. 6 жылдан кейін «Таймас» компаниялар тобын басқарған. Одан кейін қоғамдық ұйымдарда: «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында, Еуразиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. Біраз уақыт Көлік және коммуникация министрлігінде қызмет еткен.

 

Жанкүйерлер петициясы

Бәрменқұлов ҚФФ президенті болып тағайындалғаннан кейін бірден интернетте оның отставкасын талап еткен петиция жарияланды. Оның авторлары: «2022 жылдың 28 ақпанында өткен федерация басшысының жасырын сайлауы белгіленген ережелерді өрескел бұза отырып, әділетсіз өтті» деп үн қатты.

- Бәрменқұловты ҚФФ-ның бұрынғы басшысы Жақсыбековтің қолдағанын, ал ол осы қызметте 10 жылдан астам отырса да, ешқандай нәтижеге қол жеткізбегенін бәрі біледі», - дейді футболға бейжай қарамайтын қазақстандықтар.

Рас, Бәрменқұлов біраз уақыт ҚФФ атқару комитетінің мүшесі болды, сонымен қатар «Шахтер» (Қарағанды) ФК директорлар кеңесін басқарды.

– Қазақстандық кәсіпқой футбол жемқорлық пен масқара жеңілістерден көз ашпай қойды. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға жағдай жасалмаған. Жергілікті футболшылар мен шетелдік ойыншыларға миллиондап жалақы берді, алайда олар еш нәтиже көрсетпеді, футболшылар кәсіби тұрғыдан өспеді, бәсекеге қабілетті болуды алдына мақсат етпеді. Шетелдік ойыншылардың бейберекет клуб қатарына алынуы командалардың дамуына серпін бермеді.

ҚФФ президентін қайта сайлауды талап етудің нақты себебі ретінде петиция авторлары мынадай фактілерді келтірді:

   - Бәрменқұлов «Шахтер» ФК директорлар кеңесін басқарды. Қарағандылық клуб ол жұмыс істеген жылдар ішінде ешқандай жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Бір клубты басқара алмаған адамға бүкіл елдің футболын қалайша сеніп тапсыруға болады. Оның тағайындалғаны туралы ақпаратқа қазақстандықтар қуана қойған жоқ. Мысалы, KFF аккаунтындағы тікелей трансляцияларды, жалпыға қолжетімді парақшаларда жазылған пікірлерді алайық. Комментарийлерден тек жағымсыз позицияны анық байқаймыз.

- Біз футболдың шенеуніктердің ақша жейтін астауына айналғанынан шаршадық. Біз футбол федерациясының жабық саясатынан, баяу қимылдайтынынан, биік трибунадан айтылып, ешқашан рындалмайтын уәделерінен шаршадық. Біздің футболға басқарушылық тәжірибесі бар ынталы көшбасшы керек деп есептейміз. Біздің балалар еуропалық балалармен тең дәрежеде футбол ойнай алады деп санаймыз. Біз мықты қарсыластардың өзін жеңетінімізге сенеміз. Біз футбол адамдарды біріктіре алатын бұқаралық спортқа айналатынына сенімдіміз.

...Президент Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін біз Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз деп мәлімдеді. Қазақстанды өзгертуге дайын жаңа көшбасшылар керектігін айтты. Ал ҚФФ президенті лауазымына федерацияның экс-басшысының қолдауымен Бәрменқұловтың сайлануы жанкүйерлерге соққы болды.

 

Өмірбаяндағы «қара дақтар»

Бір қызығы, шенеуніктер петицияны көзге ілмеді. Оның үстіне 2022 жылы ғаламторда сол кезде «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры қызметін атқарған Әділет Бәрменқұловтың өзгенің сеніп тапсырған мүлкін қолды ету бойынша қылмыстық іске қатысы бары туралы ақпарат та тараған. Бірақ бұл да оны тақтан түсіре алмады.

Бас прокуратура ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің ресми сауалына берген жауабында да Бәрменқұловтың қиыс басқан жері жоқ деп өтірік айта алмады.

   - «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-бөлігінің нормаларына сәйкес меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ шектеулі дербес деректерге қолжетімділікке ие болған үшінші тұлғалар өздерінің субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз немесе өзге де заңды негіздер болмаған жағдайда оларды таратуға жол бермеу туралы талаптарды сақтауы керек.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізге А.Н.Бәрменқұловқа қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ақпаратты бере алмаймыз», - деп жауап берді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті журналистерге.

Қадағалау органының өкілдері сол кезде жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деген де шығар. Оның үстіне Бәрменқұлов мемлекеттік қызметкер емес. Бірақ футболға бюджеттен бөлінетін қыруар қаржы ҚФФ арқылы өтетінін ескерсек, бұған қадағалау органдары бас қатыруы тиіс еді...

Бірақ қазіргі жағдайда, футболшыларымыздың жеңілісінен кейін, Қазақстан футбол федерациясының президенті өз міндетін дұрыс атқарып жатыр ма деген сұрақ бірінші орынға шығуы керек секілді. Сіз қалай ойлайсыз, футбол жанкүйері?