Әлемде журналистер өлімінің 85% құпия күйінде қалады - БҰҰ

Сырым Қаржас
pixabay.com

2023 жылдың тамызынан 2025 жылдың мамырына дейінгі аралықта ЮНЕСКО 163 журналистің өлімін тіркеген, олардың ішінде 109 адам (12 әйел) қақтығыс аймақтарында қаза тапқан. Көбі Газа секторында (46 адам), Суданда (13) және Украинада (8) журналистік қызмет атқарып жүріп мерт болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Журналистерге қарсы қылмыстар үшін жазасыздыққа жол бермеу күні 2013 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен бекітілген. Бұл күн жыл сайын 2 қарашада атап өтіледі және 2013 жылы Малида өлтірілген екі француз журналисін еске алу мақсатында белгіленген.

Аталған күн қоғам мен билікке ақпарат алу құқығы мен сөз бостандығының маңызын, сондай-ақ журналистерге қарсы зорлық-зомбылыққа төзбеудің қажеттілігін еске салады.

БҰҰ МЕН ЮНЕСКО ҰСТАНЫМЫ

- Мен Газада журналистердің қаза табуын қатаң айыптаймын, олардың көптігіне қатты алаңдаймын және тәуелсіз, әділ тергеу жүргізуге шақырамын. Сондай-ақ халықаралық журналистердің Газада жұмыс істеуіне тыйым салу – қабылдауға болмайтын шешім, – деді БҰҰ бас хатшысы биылғы баяндамасында.

ҚАУІПСІЗ АЙМАҚТАР ДА ҚАУІПТІ

Журналистердің өлімі тек соғыс жүріп жатқан елдерде емес, бейбіт мемлекеттерде де тіркелуде. Мысалы, Мексикада жағдай көптеген қақтығыс аймақтарынан да қауіпті: соңғы кезеңде 15 БАҚ өкілі өлтірілген.

Өңірлер бойынша ең көп оқиғалар араб елдерінде (82 жағдай) тіркелген. Одан кейін Латын Америкасы және Кариб бассейні (34), Азия-Тынық мұхит аймағы (30), Африка (5) және Еуропа мен Солтүстік Америка (12) елдері тұр.

ЖАЗАСЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ

БҰҰ мәліметінше, журналистердің 85 пайызының өлімі ашылмаған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда бар болғаны 1 пайызға ғана азайған. ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, ең жоғары жазасыздық деңгейі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, одан кейін Азия-Тынық мұхиты мен Африкада байқалады.

Мамандар мұны құқық қорғау және сот жүйелерінің әлсіздігімен, жемқорлықпен, саяси ерік-жігердің жоқтығымен және қылмыстық топтар мен саяси элита арасындағы байланыспен түсіндіреді.

- Бұл Халықаралық күні біз журналистердің қауіпсіздігі, тәуелсіздігі мен олардың миссиясын орындаудағы қорғанысы – бейбітшілік пен әлеуметтік прогресті сақтау үшін аса маңызды екенін еске салғымыз келеді, – деді ЮНЕСКО басшысы Одре Азуле.