Төтенше жағдайлар сабақ болмағаны ма немесе Қазақстанда су тасқынына қарсы шаралар неге уақытылы жасалмайды

Ulysmedia

«Дежавю» деген термин бар (өтіп жатқан оқиға бұрын болған сияқты). Бірақ мұның, өкінішке қарай, көктем келіп, қар ерігенше қол қусырып отыратын біздің билікке қатысы жоқ. Олар «мұндай үлкен су тасқынының болатынын кім білген» дейді. Ulysmedia.kz қазіргі су тасқынының хронологиясын және онымен байланысты проблемаларды еске түсіруді жөн көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Жағдай қиын 

Қарғын суға байланысты төтенше жағдай еліміздің батыс, шығыс және орталық бөлігінде жарияланды. Әсіресе, Ақтөбе облысы көп зардап шекті. Ең қиын жағдай Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында байқалады.

– Мен қарғын судан зардап шеккен аймақтарды аралап шықтым, апаттың ауқымы мен шығынын көрдім. Қарғын судан адамдардың мүлкі мен инфрақұрылымына зор зиян тиді. Жолдар мен көпірлерді су шайып кеткен. (...) Жағдай, жоғарыда айтып өткенімдей, қиын, – деді Президент Қ.Тоқаев. 

Бірде көл, бірде шөл 

Еліміздің мұхитқа шығар табиғи мүмкіндігі болмаса да, жеріміз қоңыржай белдеуде орналасса да, су тасқыны мәселесі жыл сайын алдымыздан шығады да отырады. Көктемде судың көптігінен жолдар мен көпірлерді ғана емес, тұтас ауылдарды да шайып кетеді. Ал жазда егін суаруға тамшы су таппай қиналамыз. Бір ғасыр артқа шегінсек, «1921 жылы шілденің 8-нен 9-ына қараған түні таудан аққан сел сол кездегі Верный қаласын шайып кетті. ... Сел суының бір бөлігі жолындағы бау-бақша мен саяжайларды, елдімекендерді шайып барып, Весновка өзеніне барып құйылды», - деп жазылған қала хроникаларында. 

Қайғылы оқиғалар тізбегі

 – 1994 жылдың көктемінде қардың тез еруі, нөсер жаңбыр және жергілікті жұмысшылардың салғырттығының кесірінен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі су тасқыны болды. Ресми мәлімет бойынша, 669 елдімекен зардап шекті, оның ішінде 41 облыс орталығы мен 11 қала бар. 10 адам қаза тапты, тағы 12,7 мың тұрғын эвакуацияланды, 30 мыңға жуық адам баспанасынан айырылды. 

Ақтөбе су қоймасының бөгеті бұзылды, соның салдарынан Атырау облысы да зор шығынға ұшырады. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары қатты зардап шекті. Судың көп келгені сонша, су қоймасының ендігі тағдыры не болар екен деген қорқыныш болды. Апатты болдырмау үшін су қоймасы бөгеттері ашылды. Су секундына 1500 текше метр жылдамдықпен ақты.

2008 жылдың ақпаны. Күннің күрт жылынуы, қардың тез еруі елдің оңтүстігінде ауқымды су тасқынына әкелді. 2,5 мыңнан астам үйді су басып, 13 мың тұрғын зардап шекті, бір адам қаза тапты. Сарапшылар шығынды 130 миллион долларға бағалады. Бұл Қазақстан тарихындағы ең «қымбат» су тасқындарының бірі болды. 

2010 жылдың 11 наурызында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқынының бірі болды. Алматы облысындағы Қызылағаштағы бөгет жарылды.

Қардың тез еруі, толассыз жауған жаңбыр, сондай-ақ жергілікті биліктің салғырттығы бөгеттің шайылып кетуіне және Қызылағаш өзенінің жоғарғы ағысындағы Қызылағаш су қоймасының жарылуына әкелді. Бір айта кетерлігі, плотина мен  Қызылағаш су қоймасының өзі 2004 жылы жекенің қолына өткен. Қызылағаш ауылын екі метрлік толқын көміп тастады.  Оған қарағанда көрші елдімекендер аз зардап шекті. Алматы-Өскемен тас жолындағы көпірді де су шайып кеткен. 45 адам шейіт кетті, 23 мыңнан астам ірі және ұсақ мал қырылды. 

Сол жылы елдің шығысында қатты су тасқыны болды. Шығыс Қазақстан облысында алты ауданның 24 елдімекенін су басып, 1160-қа жуық тұрғын үйге су кірді, оның 536-сы қирады. Жалпы 22 мыңнан астам ірілі-ұсақты мал қырылды.

  • 2011 жылы Батыс Қазақстан облысында бес ауданның 38 елдімекенін су басып, 2600 тұрғын үй мен 7146 саяжай зардап шегіп, жүздеген мал қырылды.
  • 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тоғыз ауданның 23 елдімекенін су басып, 254 үй мен мың қора-қопсыға су кірген.
  •  
  • 2013 жылы еріген қар суының жылдам ағып келуінен Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылындағы су қоймасының бөгеті жарылған. Бес адам қаза тауып, 150-ге жуық үйді су басып, 40-қа жуық үй қирап қалды. Шаруа қожалықтарында жүздеген сиыр, қой қырылды. Сол жылы Қостанай облысында су тасқыны болып, үш аудан зардап шекті. 
  • 2014 жылы Ақмола облысындағы 13 елді мекенге тасқын су келіп, 430-ға жуық тұрғын үйді су басқан. 
  • 2015 жылы Қарағанды облысында болған су тасқынынан өңірдің 9 ауданындағы 50-ге жуық ауыл, облыс орталығы Қарағанды қаласы, Теміртау, Шахтинск қалалары мен екі қыстау қатты зардап шекті. Су басқан 1120-ден астам үйдің 170-і қираған. 
  • 2017 жылы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ірі су тасқыны болса, 2018 жылы дәл осы аймақтарда өткен жағдай қайталанды. 
  • 2020 жылдың мамыр айында қатты жауған жаңбыр салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, көршілес жатқан Түркістан облысының Мақтаарал ауданы су тасқынына ұшырады. Мыңнан астам үй, мектеп, балабақша, аурухана және басқа да нысандар зардап шекті. 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.
  • 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында 185 тұрғын үйді, 78 саяжайды және екі әлеуметтік нысанды еріген қар суы басқан. Құтқарушылар 1165 адамды эвакуациялады. Ақтөбеде ондаған ауыл су астында қалды. 
  • 2023 жылдың көктемінде Қазақстанда мыңдаған адам су тасқынынан зардап шекті. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, еліміздің сегіз облысындағы 24 елді мекенде су тасқыны болды. Оның басты себебі - жауын-шашынның көп түсуі және қыс бойы көп мөлшерде жауған қардың еруі. Салдарынан жолдар мен көпірлерді су шайып, үйлер мен электр желілеріне зақым келген. 
  • 2024 жылы елдің тең жартысы қарғын сумен алысып жатыр. Су шайған аймақтар күннен-күнге артуда. Бұрын айтылған аймақтарға жаңадан құрылған Абай және Ұлытау өңірлері де қосылды. 

Бірінші рет көргендей

Қайғылы оқиғалар хроникасына қарап отырып, оның жыл сайын бір сценариймен қайталанып отыратынын байқау қиын емес. Бірақ осындай сценарийдің өзіне біздің атқарушы билік ешқашан дайын болмай шығады. Ал су тасқыны кездейсоқ болмайтынын бәрі біледі. 

Жауын-шашын мөлшерін, қардағы судың үлесін, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігінің көрсеткіштерін, сондай-ақ өзен мұздарының қалыңдығы мен еруін талдау арқылы су басу қаупі бар аймақтарға алдын-ала баға беріледі. Ал бізде тұрақты тәуекел аймағында он облыс бар: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы және Жетісу. Қалған жетеуі орташа және төмен тәуекел аймағында. 

Біз ескерттік

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Шынымды айтсам, су күтпеген жерден, яғни далалық өңірлерден келді», – деді.

Ашығын айтқанда, бұл түсініктеме кеңес жазушысы Гайдардың бір шығармасындағы кейіпкерді еске түсіреді, онда ол былай деп жазады: «Проблема біз күтпеген жерден келді. Қарғыс атқыр буржуиндар Қара таулардың арғы жағынан бізге шабуыл жасады. Оқтар ысқырып,  снарядтар жарылып жатыр...». Бірақ мұны көшедегі қарапайым адам немесе оқиғаның куәгері айтуы мүмкін, ал мүйізі қарағайдай министр үшін оқиғаларға мұндай баға беру дұрыс емес.

- Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқынына қарсы жыл сайынғы дайындық жазғы-күзгі кезеңде басталып, үш бағытта жүруі тиіс.  Біріншіден, бұл – болжамдық және аналитикалық сипаттағы шаралар. Гидрометеорологиялық қызмет болжамдық деректерді мұқият талдап, алдағы су тасқыны кезеңіндегі жағдайдың даму сценарийін тұжырымдауы қажет, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан аумақтарды әуеден барлап қайтқаннан кейін.

Осы сөздердің айтылатынын білгендей, «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлімбаева сейсенбі күні синоптиктер әкімдіктерге алдағы уақытта өңірлерде су тасқыны болатынын ескерткенін айтты.

– Біз желтоқсан айынан бері Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су басу қаупі жоғары болады деп қайта-қайта ескерттік.  Айтқандай, дәл осы аймақтарда су тасқыны қаупі жоғары болды», - деді Д.Әлімбаева. 

Ол бұл ақпарат барлық жергілікті атқарушы органдарға жіберілгенін айтты. Болжауға болатын нәрсенің барлығын «Қазгидромет» болжады, ақпарат бердік», - деп қосты бас директор.

Олар немен айналысады? 

– Қазір алдымызда тұрған өзекті мәселе салаға қажет кадрлардың жеткіліксіздігі. Кезінде білім саласында осы бағытты босаңсытып алдық. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, гидротехниктерді, суарушыларды және сумен қандай да бір түрде байланысы бар барлық мамандарды шұғыл түрде оқыту керек», - деді Тоқаев.

Қазақстанда су мамандарын бірнеше жоғары оқу орындары дайындаса, гидротехник мамандарды Су шаруашылығы және табиғатты пайдалану институты базасында тек М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ғана оқытады. Айта кетейік, бұрын институт Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты деген атпен танымал болған. Сонымен қатар, ашық мәліметтерге сәйкес, мұнда «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Мелиорация, жерді тыңайту және қорғау» салаларында 10-ға жуық ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты, 7 PhD докторы, оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының академиктері жұмыс істейді. Олардың атақ-дәрежесіне назар салсаңыз, Жаратылыстану ғылымдары, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі академиясы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы, Халықаралық басқару академиясы секілді іргелі ғылыми мекемелердің білдей мүшелері.

Сонымен қатар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыты бойынша Диссертациялық кеңес құрылған.

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазҒЗИ) Қазақстанда 1950 жылдан бері жұмыс істейді. Ол су ресурстарын басқару, мелиорация және ирригация, суару технологиялары мен техникасы, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын мемлекеттік ғылыми ұйым. 

Сондай-ақ «Казгипроводхоз» институтында су шаруашылығы проблемалары бойынша ғылыми-ақпараттық орталық жұмыс істейді.

Алматы қаласында орналасқан «География және су қауіпсіздігі институты» да бар. 

Президент - маман

Жалпы алғанда осының бәрі мамандардың жоқтығынан. Әйтсе де Президентіміздің өзі дайын тұрған маман екен. Батыс Қазақстанда өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

    - Қардың жылдам еруі мен жердің терең тоңы еріген қар суын сіңдірмей тұр», - деді Тоқаев.

    - Көктемде өзендердің қауіпті учаскелеріндегі қарды тазалау, мұзды ою, еріген су ағынын қалыптастыру және басқа да қажетті шараларды алдын ала жүргізген жөн. Жазғы-күзгі кезеңде өзен арналарын уақтылы тазалауды, тереңдетуді, автомобиль және темір жол төсемдерінің астындағы су өткізу құрылыстарын жаңалауды қамтамасыз ету қажет. Қорғаныс құрылыстары мен су ағызатын арықтар, каналдар салынуы керек», - деп қосты Қазақстан Президенті. 

Шығындарды бақылау 

Келіп түскен ақпаратқа қарағанда, жағдай әлі түзелмейді. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, жақын арада қалпына келеді. Бірақ сәуірде таулы аймақтарда сел жүруі мүмкін. Әзірге таулардағы мұз әлі ери қойған жоқ, бірақ ауа температурасының көтерілуінен еріген су тау бөктеріндегі елді мекендерге ағып келе бастады. Осы ретте тағы бір мәселе туындайды: су тасқынының зардаптары мен залалдарын жоюға бөлінген қаржы қаншалықты тиімді жұмсалады? Бұл туралы кезінде Мәжілістің экс-депутаты Айқын Қоңыров та айтқан. 

– Бізде төтенше жағдайдың алдын алғаннан гөрі оның зардаптарымен күрескен әлдеқайда тиімді. Арнайы резервтен ақша бөлінеді. Оны «игеру» басталады. Сәйкесінше, мұның барлығы төтенше жағдай режимінде жасалғанда, оның қайда жұмсалып жатқанын ешкім сұрап жатпайды, бәрі хаос режимінде болады», - деп еді бұрынғы депутат.

Біз мақаламызды үмітсіздік жағдайында аяқтағымыз келмейді. Бірақ Президент Тоқаев болжамды бағалау пессимистік екенін және бұдан да ауыр жағдайларға дайын болуымыз керектігін айтты емес пе? Оның үстіне көршілес Ресейден келетін өзен суларының мәселесі бар. Ол алдағы күннің еншісінде болғанмен, табиғаттың жазулы сценариі биыл болмай қалмайды. 

Ulysmedia.kz редакциясы қарғын судан зардап шеккен аймақ тұрғындарының барлығына амандық-саулық тілейді.