Сот төрелігі сыналған шақ: адвокаттар сот процесін трансляциялау тәжірибесіне қандай баға береді

Ulysmedia

Қазақстан тарихындағы ең атышулы іс болып саналатын Қ.Бишімбаевтың соты әлеуметтік желідегі қаралым саны бойынша ресейлік «Встать, суд идет!» телешоуынан асып түсті.

Ашық сот отырысын талап еткен бұрынғы ұлттық экономика министрі істің осыншалық танымалдылыққа ие болатынын білді ме, білмеді ме, ол жағын айту қиын. Алайда 1 наурыздан бері әлеуметтік желінің миллиондаған қолданушысының назары Астананың қалалық сот ғимаратында болды.

Енді, міне, Бишімбаев ісіне нүкте қойылар сәт жақындағанда, олардың көкейінде «сот процестері енді осылай өте ме?» деген сұрақ жауапсыз қалып барады. Сұрақтың қойылуы заңды, өйткені осынау трансляцияның өзі сот органдарының шат-шәлекейін шығарды. Жоғары сот ашық трансляцияны енді дәстүрге айналдырса, ол неге әсер етеді? Бұл сұрақтың жауабын білмекке біз еліміздегі танымал адвокаттарға хабарластық.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Джохар Өтебеков: қоғам құқықтық сауаттылыққа үйренеді

Адвокат Джохар Өтебековтің айтуынша, Бишімбаев сотының ашық өтуі құптарлық іс. 

– Бұл халықтың судьялар, прокурорлар мен адвокаттардың жұмысына деген қызығушылығын оятып, құқықтық білімін арттырды», - деп түсіндірді Өтебеков.

Джохар Өтебеков/Sputnik

– Бұл оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын және онымен күресті насихаттаудың маңыздылығын көрсетті. Тікелей эфирде өткен сот отырысында сот жүйесіндегі көптеген кемшіліктер де айтылды. 

Бұл ретте заңгер трансляция тарату кезінде сот билігі заң шеңберінде жүруі керек, оның саясиланып кетуіне тосқауыл қойған жөн деп санайды.

– Сот жүйесі қоғамдық пікірге бағынбауы керек. Әрбір отырыста судья дәлелді шешім қабылдауы тиіс. Бұл жағдайда судьяның мемлекеттік айыптаушылармен бірге сот тергеуінің қарапайым стандарттарын  қамтамасыз етпегеніне және көптеген куәгерлерден жауап алмағанына бәріміз куә болдық. Бірқатар маңызды дәлелдер зерттелмеді. 

– Сіздің әлеуметтік желідегі жазбаларыңыз қорғаушылардың да, прокурорлардың да назарынан тыс қалмады. Сіздің ойыңызша, процеске қатысушылар үшін әлеуметтік желілердегі «кеңестер» қалай әсер етті?

– Нұсқаларды жан-жақты тексеру – соттың міндеті. Мен судья Құлбаеваның Бишімбаевтың телефонына техникалық сараптама тағайындамағанына таң қалдым. Содан кейін сотта судья куәгер Бишімбаевтың уатсабына “раушан” деп жұмбақтап жазған фотосуретті талдауы керек еді. Бұл фото осы жұмбақ хабарламаның мән-мағынасын түсіндірер еді.

Көрермендердің юриспруденцияға қызығушылығының артуын Өтебеков оң және теріс әсері бар деп есептейді. 

– Мен бала кезімнен заңгер болуды армандадым», - дейді ол.

– Бұл салада 21 жылдан бері жүрмін. Халықтың, әсіресе, жастардың сот-құқықтық ғылымға деген қызығушылығы мені, әрине, қуантады. Бірақ олардың осы процесте болып жатқан барлық нәрсені сыни тұрғыдан қабылдауы маңызды. Өкінішке қарай, Бишімбаев соты әдеттегі стандарттардан айтарлықтай ауытқығанын және көптеген процедуралық бұзушылықтармен жүзеге асырылғанын атап өткім келеді.

Виталий Воронов: Бишімбаев ісі – ашық сабақ

Адвокат Виталий Воронов ашық сот отырысының тікелей эфиріне жалпы оң баға берді.

Виталий Воронов/“Гиперборей” YouTube-арнасынан скриншот

– Мен Жоғарғы Сот жасап жатқан прецедентті құптаймын», - дейді Виталий Иванович.

– Дегенмен, менің ойымша, бұл «эксперименттің» нәтижелерін қорытындылауға әлі ерте. Ең бастысы, оның нәтижесі – алқабилердің үкіміне негізделген заңды, негізді және әділ сот үкімі. Осыған ұқсас өзге де сот процестері процессуалдық және басқа да заңнамаларда бекітілген ашықтық қағидасынан айқын ауытқулармен жабық есік жағдайында бұдан әлдеқайда нашар өтетініне келісерсіз деп ойлаймын.

Сонымен бірге, Воронов бұл сот процесінің ашық өтуі құқықтық білімнің кең таралуына, жалпы құқықтық мәдениеттің өсуіне, қолданыстағы сот жүйесіне және қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу механизміне қызығушылықты дамытуға әсері бар деп санайды. 

– Мен үшін Бишімбаев ісі бойынша өткен трансляциялар көп уақытымды алды. Оны қарауың керек, талдауың керек. Негізгі «минус» сот үкімі жарияланғаннан кейін айтылады деп ойлаймын. Егер сот үкімі әділетсіз болса, онда соттарға деген сенім қалмайды. Тіпті алқабилер сияқты институттың қажеттілігіне күмән тууы мүмкін.

Виталий Вороновтың айтуынша, жалпы алғанда, онлайн сот ісін жүргізудің, әсіресе қылмыстық істер бойынша, шынайы сот төрелігін жүзеге асырумен ортақтығы шамалы.

– Елімізде күн сайын мыңдаған заңды және жеке тұлғаларға қатысты жүздеген істер қатардағы соттар мен қарапайым процестерде қаралады. Онда драмалар мен шоулар да бар. Тек эфирлік сот процестерінің экрандарында ғана емес, оларда біз сот төрелігі сапасының жақсарғанын байқағанымыз маңызды. Жасалған прецедент сот жүйесінің өзіне де, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге де жалпы пайдалы әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын.

Адвокат Бишімбаев ісі бойынша нақты уақыт режимінде трансляцияланған сот отырысы судьялар, прокурорлар, адвокаттар, заң факультетінің студенттері үшін «ашық сабақ» болғанын баса айтты. 

– Бұл да жақсы. Процесске қатысушылардың қателіктерінен сабақ алған жөн, қателік олардың арасында да көп болды.

Олег Чернов: қателермен жұмыс

Заңгер Олег Чернов жаңа форматты заманның үрдісі деп есептей отырып, сот процесін тікелей трансляциялау прецедентін бағалауда әріптестерімен бірдей көзқараста екенін айтты. Алайда ол бірнеше ескерту жасады:

– Қылмыстық процесте азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтары сақталуы керек, - деп атап өтті адвокат.

Олег Чернов

– Қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары бұзылды деп есептеймін. Мен жеке өмірдің құпиялылығын, жеке хат алмасуды және т.б. атар едім. Әрине, бұл процесс эксперименталды болды және, мүмкін, болашақта бұл формат жалғасатын болса, жіберілген қателермен жұмыс істеу керек.

Чернов оң факторлардың қатарында сот процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуді, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды, қылмыстық процеске қатысушылардың тәртібін, сондай-ақ белсенді бәсекелестікті атап өтті.

– Сонымен қатар, мен сот істерін тек жәбірленуші мен сотталушының пікірін ескере отырып көрсетуге болады деп есептеймін және ол бірауыздан болуы керек», - деп атап өтті Олег Чернов.

Адвокат сонымен қатар Бишімбаев ісі бойынша сот процесін онлайн трансляциялау нәтижесінде пайда болған әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы сот процесіне жеке қатысушылардың «культін» оң фактор деп санады. Ол тіпті жаңа форматтың өзі сот жүйесінің «жаңа кейіпкерлерін» анықтауға көмектескенін мойындады.

– Мемлекеттік айыптаушылардың белсенді рөлін атап өтпеу мүмкін емес», - дейді Олег Чернов.

– Маған олардың жұмыстары ұнады. Прокурор Аймағанованы жастардың көпшілігі өзіне үлгі санауы дұрыс. 

Ал, әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, Айжан Аймағанованың пікірталастағы сөзін көптеген көрермен түсінбей қалды. Бұл мемлекеттік айыптаушы үшін ерекше - эмоционалды және бейнелі болғаны сонша, кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының қабылдамауына себеп болды. Пікірталас кезінде прокурордың мұндай әдеттен тыс ақпарат беруін қалай бағалайсыз?

– Ол жай ғана процестің форматына бейімделді. Барлығы спектакль күтіп тұрды, ол соны орындағысы келді. Ол қоғамның сұранысын орындады, барлығы заң аясында болды. Бұл процесс прокурорларға өзінің кәсіби қасиеттерін жалпыға танытуға мүмкіндік берді. 

Адвокат Чернов судья Айжан Құлбаеваның жұмысына ең жоғары баға берді.

– Ол тамаша жұмыс жасады, ол осы қиын тапсырманы орындап шықты. Әрине, бұл оның аса ауыр қылмыстар туралы істерді бірінші рет қарауы емес, бірақ бұл жерде істің резонансын да, судьяның иығына түскен қоғамның эмоционалдық ауыртпалығын да ескеру қажет. 

Сергей Уткин: артықшылықтары көп

Құқық қорғаушы Сергей Уткин «Бишімбаевқа» қатысты сот процесін тікелей трансляциялау туралы Жоғарғы соттың шешімін қолдайды.

– Сот отырыстарының жариялылығы сот процесіне қатысушылардың барлығына мұқият дайындалу дегенді білдіреді», - деді ол сот процестерін өткізудің жаңа форматының «артықшылықтарын» тізбелеп.

Сергей Уткин

– Нағыз бәсекелестік пайда болады, судьялар заңға сай әрекет етпеуге ұялады. Бұл болуы мүмкін ең әдемі нәрсе! 

Сергей Уткиннің айтуынша, процеске қатысушылардың «камерадағы» жұмысы тек сот процесін жақсартады, өйткені әрбір тарап жұртшылықтың көңілінен шығуға тырысып, ақырында сотты өз ұстанымына сендіруге тырысады, ықпал етеді.

– Шынайы өмірде судьялар сот отырысына көбіне алдын ала шығарылған шешіммен келеді (сыбайлас жемқорлық, жоғарыдан келген нұсқау, т.б.), мұндай сот отырыстарында судья бір жағын басып, екінші жағын көтеруге тырысады. Қысым көрген тарап қарсы жақпен емес, тікелей судьямен күресуге мәжбүр болады. Ал соттың бәрі Бишімбаев ісіндегідей ашық трансляцияланса, судьялар мұндай қадамға ойланып барады. Әрі белден басу әлдеқайда қиындай түседі.

Дегенмен, құқық қорғаушының пікірінше, сот процесіне төрағалық етуші Құлбаева алдын ала жоспарланғандай, айыптаушы тараптың Бишімбаевқа ең ауыр жаза беру туралы мүддесіне қарай жұмыс істеген.

– Мен сарапшылардың мұны әлдеқайда ерте байқағанына сенімдімін», - дейді Уткин.

– Тікелей эфирге байланысты судья үнемі бейтараптық танытуға мәжбүр болғанымен, Нүкенованың өз қолымен жазған, Бишімбаевқа белгілі бір құқық бұзушылықтарды мойындап, болашақта олардың орын алуына жол бермеуге міндеттенетін хатты қорғаушы тараптың іс материалдарына қоса беруден бас тартқанын есте сақтаңыз. Судья бұл құжатты іске қосудан еш негізсіз бас тартты, сондықтан қорғаушы жарыссөзде оған сілтеме жасай алмады. Енді елестетіп көріңізші, Нүкенованың ағасында Бишімбаев жазған осындай хат болса, оны судья іс материалдарына қосудан бас тартар ма еді?

Сергей Уткиннің айтуынша, тараптарға тең қарамау жағдайы осы сот процесінде көп байқалған.

– Қорғаушы судьямен күресу үшін көп күш жұмсады, ал қарсы тарапқа, яғни жәбірленуші тарапқа қарсы сөйлеуге оларда күш қалмады, - деп атап өтті құқық қорғаушы.

– Сондықтан, менің ойымша, бұл процестің нағыз «жұлдыздары» жәбірленуші тарап пен айыптаушы тарап емес, қорғаушылар болды. 

Процесске қатысушылардың танымалдылығы, оның пікірінше, Қазақстанда тек заң ғылымында ғана емес, сонымен қатар барлық басқа салаларда, соның ішінде саясатта да жетіспейтін репутация институтының дамуына ықпал етеді.

Уткин тікелей трансляция мемлекеттік органдар мен көпшіліктің мүдделері сәйкес келетін сот процестері үшін ғана емес, сонымен қатар қарама-қарсы сот процестері үшін де ұйымдастырылады деп үміттенетінін айтты, өйткені мұндай сот істерінде ғана қоғам шын мәнінде біздің елде сот шешімдерінің әділ шығарылатынына сенімді болады. 

Мұрат Адам: сот процесі ток-шоу немесе телехикая емес!

Заңгер Мұрат Адамның пікірі әріптестерінің пікірінен түбегейлі ерекшеленеді. Ол Жоғарғы Соттың Бишімбаев ісі бойынша сот процесін тікелей эфирде көрсету туралы шешімін үлкен қателік деп атады.

– Сот отырысы ашық болуы керек, бірақ ток-шоу форматында емес», - деді адвокат.

Мұрат Адам

– Соның салдарынан көптеген келеңсіз зардаптарға тап болдық. Біріншіден, халық өзінің заң саласында сауаты бар-жоғына қарамастан, судьялардың, адвокаттардың, прокурорлардың кәсіби жарамдылығын жаппай бағалауға көшті. Бұл ақымақтық емес пе? Екіншіден, әлеуметтік желі қолданушылары сотқа, заңгерлерге қатысты негативті жазбалар, роликтер түсіріп, тарата бастады. Оны сіз де көрдіңіз, солай ма? Үшіншіден, адвокаттарды бір-біріне айдап салу басталды. Иә, мұны да көрдіңіз. Төртіншіден, «анти-қаһарман» Бишімбаевты ғана емес, оның қарт ата-анасын да қорлады. Сөздің бір ұшы марқұм Салтанат Нүкеноваға да тиіп кетті. Кейбір комментаторлар ол неге осының бәріне шыдап, онымен бірге өмір сүруді жалғастырды деп пікір білдірді. Тіпті оның отбасына да тиісті. Бесіншіден, судья Айжан Құлбаеваны қорқытқандар да болды. Әлеуметтік желідегі комментаторлар оның сот процесін өткізу сапасын сынап, алқабилердің эмоцияларын жасырмағаны туралы теріс пікір білдірді. Алтыншыдан, оның жеке өмірі туралы мәліметтер ашыла бастады. Бірақ адамдар өзгелердің жеке өмірін білуге құмар!

Мұрат Адам бір ғана нәрседен артықшылық көргенін жасырмады.

– Судьялар ашық сот процесінде дөрекілік таныта алмайды, ал прокурорлар халық үшін жұмыс істей бастайды. Бұрын қалай еді? Прокурорлар сот процесінде судьяға арқа сүйеп, ұйықтап отыратын. 

Алайда, заңгер сот процесін телехикаялар форматына түсіп кетуден сақ болып, судьяларды актерге айналдырмау керек деп санайды. 

Іс жүргізудің бұл форматынан пайда көретін біреу болса, ол – адвакаттар дейді М.Адам.

– Процесс басынан аяғына дейін трансляцияланбауы керек еді. Адамдар шоу көргісі келеді. Бұл бұрыннан бар әдет. Бұл жерде Жоғары сот судьялардың тәуелсіз болуын қамтамасыз ете алмаған секілді. Себебі эфирді миллиондардың көріп отырғаны бәрібір судьяның мысын басады. 

Неге екені белгісіз, бұл үдерісте қазақстандық журналистерге сот залынан орын бұйырмады. Аяғынан тік тұрып тыңдады. Тек ресейлік К.Собчакқа ғана отыруға рұқсат етілді. Мұндай ашық сот талқылауы қаншалықты орынды деп ойлайсыз? 

– Бұл таза кемсіту. Ата Заңның 14-бабынан бастайық. Біздің қазақ журналистерінің бір бұрышта тұрып, керісінше, Сыртқы істер министрлігінен тиісті аккредитациясын алмаған журналистердің отыруы қайдан байқалды? Біз қандай да бір себептермен кемсітуге жол бермейміз. Бұған Конституцияның 14-бабында тікелей тыйым салынған. Жалпы бұл үшін қылмыстық жауапкершілік те, әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Бұл ретте осы процесті басқарған және мұндай кемсітушілікке жол берген судьяның біліктілігі мен кәсібилігіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Ксения Собчакты сот залына Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің жетекшісі өзі алып келді. Неліктен біздің журналистерге көп көңіл бөлінбеді? Неліктен бұл артықшылық Ресей Федерациясының журналистеріне берілген? Бұл таза кемсітушілік және шетелдік журналистерге басымдық беру. Бұл тікелей заң бұзушылық, оған жол беруге болмайды!

Ulysmedia.kz Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты соттың хроникасын әрі қарай да жалғастырады.

Байтас Құрманов