АЭС саламыз ба, салмаймыз ба: Энергетиктер керек дейді, жұртшылық әлі күмәнмен қарайды

Ulysmedia

Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Кейбіреулер қауіпсіздік мақсатында АЭС-ке үзілді-кесілді қарсы болса, енді біреулері қолжетімді энергиясыз ел энергетикалық дағдарысқа ұшырайды деп қорқа ды. Президент Тоқаев атом электр стансасын салу мәселесін референдумға шығаруды ұсынды, бірақ референдумда талқылау үшін халық мәселені жан-жақты білуі керек. Себебі бұл «иә», не «жоқ» деп белгілей салатын жай мәселе емес, елдік мәселе.

Ulysmedia.kz журналисі мән-жайды бір білсе, Тимур Жантикин біледі деп, хабарласқан еді. Атом өнеркәсібі нысандарының жобалық құжаттамасын әзірлеумен, инженерлік зерттеулермен айналысатын «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының басшысы Тимур Жантикин Ulysmedia.kz сайтының сұрақтарына жауап берді. Маман атом электр станциясын кім, қайда және қашан салуды жоспарлап отырғанын түсіндірді.

 

Коллаж: ulysmedia.kz.

Кім салады?

Атом электр станциясының құрылысына қазақстандық мамандар тартылады деген сөз жоқ. Жауапты істі шетелдіктер атқарады, бірақ нақты кім істейді? Жантикиннің айтуынша, тізімде Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей және Франция бар. Олар заманауи ядролық реакторлардың жетекші әзірлеушілері болып саналады.

2022 жылы жобалар жаңартылып, қазір қазақстандық тарап әрбір ұсынысты жан-жақты зерделеуде. Техникалық-экономикалық көрсеткіштер, сондай-ақ операциялық персоналды оқыту мүмкіндігі, қызмет көрсету жағдайлары, оқшаулау деңгейі, қаржыландыру мүмкіндіктері және басқа да параметрлер бағаланады.

Қазақстандық АЭС-ті нақты кім салатыны әзірге белгісіз. Мүмкін ресми түрде солай айтылып та жатқан шығар. Бірақ қалай болғанда да, станция елімізде орналасатындықтан, оның жұмысынан қазақ баласы оқшау қала алмайды.

Тимур Жәнтекин

- Белгілі бір жұмыстарға құрылыс салушы ұйымның мамандарын тарта отырып, техникалық қызмет көрсету атом электр станциясын пайдаланатын қазақстандық компанияның жауапкершілігінде болады. Реактор мен оның жүйелерін қоспағанда, станцияның электр энергетикалық бөлігіне – турбиналар, генераторлар, технологиялық құбырлар, басқару жүйелері және басқа да көптеген жабдықтарға қазақстандық мамандар қызмет көрсетеді, деп түсіндірді Жантикин.

«Қазақстанның АЭС» компаниясының басшысы тәжірибеміз жеткілікті деп отыр. Ақтауда Маңғыстау атом электр станциясының құрамында әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды ядролық реактор сәтті жұмыс істеп тұр, ал қазақстандық жоғары оқу орындарында студенттер үш ғылыми реактор мен сынаққа арналған стендте (арнайы құрылғы) кәсіби біліктілігін жетілдіруде.

Қайда салынады?

Бастапқыда сарапшылар атом электр стансасын салуға болатын екі орынды – Абай облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылын белгілеген. Учаскелер жойқын табиғат құбылыстарының жиілігі, гидрометеорологиялық жағдайлар, флора мен фаунаға әсері және аумақтың гидрографиясы негізінде таңдалды.

Зерделей келе МАГАТЭ миссиясы Үлкен ауылын қолайлырақ деп санады, өйткені онда қазірдің өзінде жұмысшылар ауылы, салқындатқыш тоған, теміржол вокзалы, ұсақтау және бетон зауыты бар. Кеңес өкіметі кезінде Балқаш жағалауында Оңтүстік Қазақстан МАЭС салу жоспарланған. Жобаны аяқталмады, бірақ дайындалған инфрақұрылымның бір бөлігі қалды.

Редакциядан: Айта кетейік, МАЭС деп отырғанымыз – мемлекеттік аудандық электр станциясы (бұл аббревиатура өткен ғасырдың 20-жылдарынан бері сақталып қалған, дегенмен мұндай станциялар енді мемлекеттік емес және аудандарға емес, тұтас аймаққа қызмет етеді).

Үлкен ауылының тұрғындары АЭС салуды қолдайды, бірақ барлығы бірдей емес. Бастапқыда энергия өндіру арқылы дамиды деген елдімекен әлдеқашан тозып кеткен. Жергілікті тұрғындар АЭС құрылысы өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін береді деп үміттенеді.

Балықшылар атом электр стансасы Балқаштың флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізеді деп қорқады. Ал балықтар көлден кетсе, көптеген ауыл тұрғыны соңғы нәпақасынан айырылады.

Қашан салады?

Референдумның нақты күні әлі анықталған жоқ. Бірақ «Қазақстан АЭС» компаниясы ұсынған жоспарға сәйкес, референдум 2024 жылы өтуі керек.

– Референдумда оң шешім шыққан жағдайда, біз таңдаған құрылыс алаңын үкімет бекітеді деп сенеміз. Осыдан кейін атом электр станциясының жеткізушісін анықтап, техникалық-экономикалық негіздемесін пысықтап, мемлекеттік сараптамаға тапсыру керек. Бұл бір жарым-екі жылды алады. Содан кейін техникалық-экономикалық негіздеме құжаттары мен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы үкіметке жолданады, үкімет құрылыс туралы шешім қабылдауы керек. Осыдан кейін біз станцияның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кірісіп, құжаттарды қайтадан мемлекеттік сараптамаға тапсырамыз. Құрылыстың өзі таңдалған жобаға байланысты 5-6 жылға созылады», - деді Тимур Жантикин.

Бұл жағдайда атом электр станциясының құрылысы шамамен 2029 жылы басталып, 2035 жылға қарай пайдалануға беріледі.

АЭС не үшін қажет?

30 жыл бойы Қазақстан атом энергиясын тұтынбай-ақ тыныш өмір сүрді, енді елге атом электр станциясы не үшін қажет? Мамандардың айтуынша, мұның бәрі энергия тапшылығына байланысты.

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, елде 220-ға жуық электр станциясы жұмыс істейді, дегенмен жабдықтың 56 пайызы тозған. Ведомствоның болжамы бойынша, 2030 жылға қарай елімізге 28,2 гигаватт электр энергиясы қажет, ал энергетикалық инфрақұрылым тек 22-сін ғана қамтамасыз ете алады, бұл жаңа қуат көздерін қосуды есепке алғанда.

Дефициттің орнын толтырудың екі ғана жолы бар: не жаңа энергия көздерін құру, не электр энергиясын шетелден қымбат бағамен сатып алу.

Бұл қауіпсіз бе?

Атом энергетикасы саласының маманы АЭС-да апаттардың жиі болатынын жасырмайды. Әйгілі Чернобыльдан кейін Фукусимада апат болды, одан бұрын АҚШ-тағы Три-Мэйл аралындағы атом электр станциясында апат болды. Бұл әзірге өндірістік нысандардағы ең қауіпті апаттар емес. Бірақ атом энергетикасының ерекшелігі – барлық төтенше жағдайлар, тіпті ең болмашы жағдайлар да ашық талқыланады. Материалдар қолжетімді ресурстарда бар және олармен кез келген адам таныса алады. Бұл, бір жағынан жақсы, бір жағынан жаман. Өйткені ақпаратты әртүрлі арандату мақсатында қолдануы мүмкін.

- Барлық апаттар 2-ші буын реакторларында болды, сондықтан біз қауіпсіздікті арттырып, экономикалық көрсеткіштерді жақсартқан 3 және 3+ буын реакторларына арналған жобаларды ғана қарастырдық. Заманауи атом энергетикасында ауыр апаттың ықтималдығы жылына 10-7 оқиғаны құрайды – бұл атом электр станциясының эксплуатациясы 10 миллион жыл деп қарасақ,  ауыр зардаптары бар апат бір рет болуы мүмкін дегенді білдіреді. Мұндай төмен көрсеткіш бүгінде еш жерде жоқ», - деп түсіндірді Жантикин.

ҚАЭС компаниясының басшысы Т.Жантикиннің айтуынша, атом электр стансасы халықтың денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян тигізбеуі тиіс. Бірақ басқа салалардағы секілді, оның да қауіпсіздігіне ешкім 100% кепілдік бере алмайды.

Ал егер олай болмаса ше?

Жантикин барлық қазақстандықтардың атом электр стансасының құрылысын қолдамайтынын, сондықтан референдумның нәтижесін болжау мүмкін еместігін айтады. Маман ел бұл жобадан бас тартса, энергетикалық тұрғыдан ғана емес, экономикалық мәселелерге де тап болуы мүмкін деп есептейді. Әсіресе әлемдік қауымдастық талап етіп отырған жасыл трансформация және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелері бар.

Қазақстан көмір станцияларын тұтынуды азайтып, атом электр станцияларына біртіндеп көшуді әлденеше рет талқылаған. Өйткені қазба отын (көмір) жобаларын қаржыландыру бүгінгі күні қиындау. Әлем елдері экспортқа шығатын тауарларға «Көміртек салығын» енгізсе, онда біздің экономикамызға айтарлықтай зияны тиеді. Бұл еліміздің экспорттық мүмкіндіктеріне нұқсан келтіреді, - деп санайды сарапшы.

– Көпшілік үкіметтің энергетика саласын дамыту ниетін қолдағанымен, бірқатар тұрғындарда атом электр станциясын салудың қауіпсіздігі мен экономикалық мақсатқа сай екендігі туралы сұрақтар туындайды. Бұл негізінен радиофобия мен ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуінен, – дейді Тимур Жантикин.

Басқа қандай жол бар?

Халық референдумға барғанда АЭС – бұл энергия өндірудің жалғыз жолы еместігін біліп барғаны дұрыс деп ойлаймын. Үкімет газ бен көмір энергиясын пайдалана алады. Ол үшін атмосфераға шығарылатын көміртегін азайту қажет. Өйткені Қазақстанда тек уран ғана өндірілмейді. Рас, энергия өндірудің мұндай әдістері парниктік газдар шығарындылары мәселесін шеше алмайды.

- СО2-ны сүзетін, яғни ауаға шығатын мөлшерін азайтатын технологиялар бар, бірақ экономикалық тұрғыдан олар да арзанға түспейді. Оларға кететін шығынды республикалық бюджет көтере ала ма? Ал ауыртпалық тарифтердің өсуіне әкеліп, халықтың қалтасына салмақ салмай ма? Бұл мәселе енді басқа әңгіменің тақырыбы, - дейді Тимур Жантикин.

Атом энергетикасының маманы ретінде Тимур Жантикин, әрине, энергия өндірудің басқа әдістері елімізге тиімсіз деп санайды.  Алайда қазақстандықтар не жақсы, не жаман екенін референдумда өздері шешуі тиіс.

Байтас Құрманов