Қазақстанда кімдер өтей алмаған қарызы үшін үйінен айырылуы мүмкін

Ulysmedia

Қазақстанда несиенің үстіне несие алып, айдан айға ілдебайлап жүргендер аз емес. Мәжілісмендердің мәліметінше, 2021 жылдың қаңтарында қазақстандықтар жалпы алған несие сомасы 5 трлн теңгені құраса, 2024 жылдың 1 қаңтарына қарай 18 трлн теңгеге жетіп жығылған. Яғни, үш жыл ішінде халықтың қарызы 3,5 есе өскен.

Бұл бағытта заңға енгізіліп жатқан тың өзгерістер қарызды еңсеруге көмектесетін шараларды көздейді, бірақ берешекті өз бетінше өндіріп алуды да жоққа шығармайды. Демек, Қазақстан азаматтарының қарызы үшін үйінен айырылу қаупі қала бермек.

Өзекті мәселенің мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісіне заңгер, Әділет жолы республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалын басқаратын басшысы Рүстем Тәнішпеков айтып берді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Пәтерді кепілге қойдың ба – тапсыр

– Қазір Конституцияға сәйкес, тұрғын үйіңізді ешкім ала алмайды, – дейді заңгер.

– Сот шешімі болмаса, тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Бірақ сот көшіру жөнінде шешім қабылдауы мүмкін екенін түсіну керек. Мысалы, ипотека қарызын алу кезінде берешекке шартта көрсетілгендей, 90 күннен асып кетсе, яғни қарыз өтелмесе, банктің тұрғын үйді алып қою шарттары жазылуы мүмкін. Бұл жағдайларда келісімшартқа қол қою арқылы сіз міндеттемелерді бұзған жағдайда үйіңізді банкке беруге келісесіз.

Рүстем Тәнішпеков

– Ал басқа несиелік міндеттемелер бойынша төлемегені үшін де тұрғын үйді алып қоюы мүмкін бе?

– Егер сіз тұтынушылық несиелерді, мысалы, телефон, тұрмыстық техника, киім-кешек және басқаларын сатып алсаңыз, онда несие сомасы, әрине, пәтердің құнына сай келмейді. Ал пәтер сізден тәркіленбейді. Бірақ егер сіз қарыз алып, үйіңізді кепілге қойсаңыз, онда сіз қарызды төлемеген жағдайда кепіл мүлкімен өтейсіз.

– Кепілсіз несиелер бойынша берешек болған жағдайда немесе, мысалы, айыппұлдар немесе алиментке қатысты жайттарда тұрғын үйден айыруы мүмкін бе?

– Банктер мен басқа мекемелер бірінші кезекте борышкердің жалғыз тұрғын үйін алуға мүдделі емес екенін түсіну керек. Ең жағымсыз сценарий – борыш міндеттемелері бойынша мәжбүрлеп өндіріп алуды іске асыру кезінде алдымен автокөлік, жер учаскелері және т.б. қамауға алынып, тәркіленетін болады.

Аязда далаға шығарып жібермейді

– Сот қарызды өтеу туралы шешім қабылдаған тұрғын үйде тұратын борышкердің отбасы мүшелерінің құқығын қалай реттейді?

– "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 29-бабына сәйкес, борышкердің тұрғын үйге меншік құқығы тоқтатылған кезде меншік иесі және алынатын тұрғын үйде тұратын барлық адам басқа тұрғын үй-жай берілместен, көшіріледі. Алайда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды Қазақстан аумағындағы жалғыз тұрғын үйге меншік құқығы мәжбүрлі түрде тоқтатылған кезде, жылыту маусымында көшіруге тыйым салынады.

– Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері де жалғыз тұрғын үйінен айырылуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, бұл проблемаға халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері көбірек ұшырайды. Өйткені олардың табысы атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік бейімделу шаралары, кепілдендірілген әлеуметтік пакет және тағы басқа қолдау бағдарламаларына қарамастан, несиені жабуға жете бермейді.

– Халықтың әлеуметтік осал топтарына қандай санаттағы азаматтар жатады?

– "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; басқа мемлекеттер аумағындағыевых қимылдарының ардагерлері; бірінші және екінші топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; мүгедек балалары бар адамдар жатады. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін аурулар тізімінде көрсетілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратындар; жасы бойынша зейнеткерлер; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған адамдар да бар. Мұндай адамдарды әскери қызметке шақырған кезде жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады. Қандастар; экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар; "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, көп балалы отбасылар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар да осы санатта.

Көшіру азайып келеді

– Бүгінгі таңда мемлекет азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен толық шығарудан қорғау үшін не істеп жатыр?

– Осы проблемаларды шешу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың әлеуметтік осал топтарының жалғыз тұрғын үйін сатуды тоқтата тұру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылғалы жатыр. Бірақ бұл банк пен қарыз алушы арасындағы қарым-қатынастағы көп мәселені шешпейді. Аталған проблеманы депутаттар бірінші жыл көтеріп отырған жоқ, бірақ биыл оны ілгерілетіп, "Кредиттеу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелерді азайту мәселелері бойынша" заң жобасында көтере алады.

Заң жобасында атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқығын қорғауды күшейтудің мынадай тетіктері көзделген: кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу, сондай-ақ қарыз алушының банк шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-ден 2 есеге дейін (87 мың теңге) ұлғайту енгізіледі. 

– Сіздің тәжірибеңізде несиесін жаба алмай, үйінен айырылатын жағдайлары жиі кездесе ме?

– Қоғам өкілі ретінде мен халықтың проблемалары бойынша әлеуметтік желілердің мониторингімен тұрақты түрде айналысамын. Банк отбасыларды жалғыз тұрғын үйінен көшеге шығарған кезде наразылық туғызған жайттар 2022 жылға дейін кездескен. Мен бұл фактіні банктердің адамдарды жалғыз тұрғын үйінен шығаруды тоқтата тұру туралы меморандумдар жасай бастаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жұмысымен байланыстырамын. Мүмкін, мұндай жайттар бар шығар, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланбауы мүмкін. Пәтерлерінен айырылған азаматтар менен заңгерлік көмек сұрайды, бірақ бұл банктермен емес, көбінесе алаяқтық әрекеттермен байланысты болады.

Байтас Құрманов