Жаңарған ALAпорт: Алматы әуежайында жаңа терминал ашылды

Айнель Аянова

30 жыл бойы сыналып келе жатқан Алматы әуежайы бүгінде Орталық Азияда бірінші болып Excellence in Design for Greater Efficiencies (EDGE) сертификатын иеленді. Әңгіме тек терминал жайында, бірақ сең қозғалды. Әрі қарай жұмыс та дұрыс бағытта жүретін шығар деген сенім бар.

Халықаралық әуежай басшылығының айтуынша, жаңа терминал құрылысы сапалы жүргізілген, экологиялық таза материалдармен салынған.

Тағы бір атап өтетін тұсы, басшылық бұрынғы менеджерлерге қарағанда барынша ашық секілді. Ulysmedia.kz әуежайға қатысты барлық ақпаратты біліп қайтты.

Коллаж Ulysmedia.kz

Не салынды?

Жаңа терминал сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі тұрғысынан барынша сенімді. Өйткені ол магнитудасы 10 баллдық жер сілкінісіне шыдас береді. 53,5 мың шаршы метр аумақта 50 регистрация үстелі, 2 fast-track, тіркеуді өзі жасап алуға арналған 5 дүңгіршек, жолжүгін орауға арналған 5 орын бар. Жолжүкті жолаушыға жеткізетін француздық Alstef жүйесі орнатылған. Әр сағат сайын 2250 дана жолжүгі жөнелтіліп, әуежайға қонған жолаушыларға 3900 дана жолжүгі табысталады.  Терминалдың өткізу қабілеті сағатына 24 мың жолаушының ұшып кетуіне, 33 мың жолаушының Алматыға ұшып келуіне шамасы келеді.  Жаңа терминалдың телескопиялық баспалдақтары бір уақытта жеті ұшақтың жолаушыларына қызмет көрсете алады.

Қолданыстағы терминалды жаңартқанның арқасында әуежайдың өткізу қабілеті артып, жылына 14 миллион жолаушыны қабылдай алады, - дейді  әуежай басшылығы.

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе компания атына айтылып жатқан сын пікірлердің бәрімен таныс екенін, біреуге әлеуметтік желілердегі дизайны ұнамайтынын, біреуге қызмет көрсету саласындағы жұмыстар ұнамайтынын айтып өтті.

- Біз сынға дайынбыз, бұл бізге дамуға көмектеседі. Жаңа терминалға көшу жұмыстары жолаушыларға жайсыздық тудырғанын білеміз. Бірақ басқа амал жоқ еді, егер біз тез көшіп алмағанда, бұдан да көп рейстер тоқтатылушы еді.  Ғимараттағы жарықшақтарды айтып жатыр, оны да түсіндіріп өтейін: ғимараттың өзі барлық қауіпсіздік ережелерін, соның ішінде сейсмикалық ережелерді сақтай отырып, темірбетон конструкцияларының негізінде тұрғызылған. Сондықтан оның «отыруы» қалыпты жағдай. Ал эскалаторларға келетін болсақ, бұл да шешілетін мәселе. Біз жаңа ғимаратқа көшу кезінде орын алатын кез келген мәселені шешуге тырысамыз.

Гөкер Көсенің айтуынша, осыған дейін бұзылған технологиялық тізбекті қалпына келтіруге көп күш жұмсалған.

- Жақын арада бәрі шешіледі және сіз қонғаннан кейін 45-50 минуттан аспайтын уақытта жүктеріңізді алатыныңызға сөз беремін.  Бұл норма халықаралық нормадан сәл көптеу, бірақ оны уақыт өте келе төмендетеміз деп ойлаймын.

Әуежай – қалаға кірер қақпа

Гөкер Көсе әуежайға қатысты сын-ескертпелердің бәрімен таныс, оның пікірінше, әуе хабына айналу үшін әуежайдың барлық мүмкіндігі бар.

– Алматының перспективасы өте жақсы. Егер біз Стамбул немесе Франкфурт әуежайларындай халықаралық хабтардың болашағы туралы айтар болсақ, бізге сенім арта алатындай жергілікті тасымалдаушы қажет. Біздің жағдайымызда ол Эйр Астана болады. TAV компаниясы Алматыны әуе жүк тасымалының орталығына айналдыру үшін truck-to-air және air-to-air projects жобасымен жұмыс істейді.

Сондай-ақ жаңа шетелдік әуе компанияларын тарту жұмыстары жүргізілді. Халықаралық әуе компанияларының саны 21-ден 35-ке дейін өсті. Бұл 2023 жылы халықаралық бағыттардың географиясын 67-ге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Ұшулардың жалпы саны (АТМ) да 57 мыңнан (2021) 79 мыңға (2023) дейін ұлғайтылды.

Қытаймен визасыз режим іске қосылып, Оңтүстік-Шығыс Азиядан туристер көбейген сайын рейстер мен бағыттардың саны артады деп күтілуде.

Ақша

Жаңа халықаралық жолаушылар терминалы жобасына 220 миллион доллардан астам инвестиция тартылды. Бастапқыда оны 2024 жылдың жазының соңында пайдалануға беру жоспарланған, бірақ жолаушылар ағынының қарқынды өсуіне байланысты және жазғы демалыс кезеңінде жолаушыларға барынша жайлылық пен қолайлылықты қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстар жеделдетіліп, 1 маусымнан бастап алғашқы рейстер қабылдана бастады.

– Әлемдік тәжірибеде мұндай көшулер сирек кездеседі. Мысалы, Еуропада жаңа терминал ашу өте қиын, ол үшін кемінде бес жыл қажет. Алматыда екі жылда аяқтадық. Сондықтан мен қазір ұшу-қону жолағындағы тағы бір мәселені шешіп жатқан өз командамды мақтан тұтамын. Енді біз бір мезетте 14 ұшақты қондыра аламыз, 16 ұшақ бір мезетте ұшып кете алады. Бірақ барлық жұмыстар аяқталған соң бұл сан 80-ге дейін артады.

Әуежай жұмысын кім атқарады?

Гөкер Көсе қазір құрылысшылар жұмыс істеп жатқанын, кейін терминалдағы жұмыстар аяқталғасын, мұнда жергілікті және шетелдік мамандар тұрақты жұмыс істейтінін айтты. Айтуынша, шетелдік мамандардың үлесі 20 пайыздан аспайды. 

- Біз әлемдік компания болғандықтан, бізде Франция, Үндістан және Түркия азаматтары жұмыс істейді. Жергілікті азаматтар да бар, олар жұмыспен тұрақты қамтылған.

Төлқұжатты тексеру аймағында жалпы 52 кабина жұмыс істеп тұр. Қазақстандықтар үшін тексеру құрылғысымен жабдықталған автоматтандырылған 4 кабина орнатылған.

Жаңа терминалдың жаңа мүмкіндіктері

VIP-Оңтүстік аумағында 226 орындық автотұрақ бар. Көлік бағыттары жақсы ойластырылған,  жолаушыларға арналған эстакада ұзартылған. Жалпы, автотұрақ ауқымы 46%-ға ұлғайды. Барлық жұмысты 2024 жылдың 15 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда.

Компания жайлы

TAV Airports 2020 жылдың мамырында Тимур Құлыбаевтың Venus Airport Investments B.V. компаниясымен $415 млн-ға келісімшартқа отырған.

TAV Airports – Стамбул қор биржасында тіркелген ашық компания.

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе TAV Airports холдингінде 20 жылдан бері жұмыс істейді. 2017 жылы Groupe ADP-да Инвестиция және қаржылық жоспарлау директоры болды, сондай-ақ Париждегі Шарль де Голль және Орли әуежайларында инвестициялық жобаларды басқарды. Ол сонымен қатар Groupe ADP-тің үнділік еншілес ұйымы GMR Airports бизнесін дамытуға қатысты.

Гөкер Көсе Таяу Шығыс техникалық университетін бітірген және Стамбулдағы Босфор университетінде МВА дәрежесіне ие.

Байтас Құрманов