Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде: Алматыда 16 қабатты тұрғын үй сейсмикалық сынақтан өтті

Сырым Қаржас

Алматыдағы  16 қабатты RIVIERA Plus тұрғын үй кешеніне вибро-динамикалық сынақ жүргізілді. Сынақ кезінде ғимараттағы тербеліс шкаласы 9 баллға жетті. Вибродинамикалық сынақ дегенді көбіміз түсінбеуіміз мүмкін. Сол себепті барынша тарқатып айтып берейік. Толығырақ Ulysmedia.kz материалында.

Ұйымдастырушылардың фотосы

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ – құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты BAZIS-A құрылыс компаниясымен бірлесіп, 16 қабатты ғимаратқа вибродинамикалық сынақ жүргізген. Тексеру үшін ғимараттың шатырына арнайы вибромашина орнатылды. Ол 9 балдық жер сілкінісі кезіндегідей ғимаратты тербеуі қажет. Осы тұста айтып өтейік, тербеліс барынша жоғары шкалада болды.

Вибро-динамикалық машина қалай жұмыс істейді

Вибромашина ғимаратты бар күшімен дірілдетеді. Алдын ала арнайы орнатылған 60 құрылғы ғимараттағы вибрацияны (дірілді) тіркейді. 
Алынған мәліметтердің арқасында ҚазҚСҒЗИ мамандары тестілеу кезінде ғимараттың негізгі құрылымдық және қосалқы элементтері қалай әрекет ететінін бақылай алады.

Сынақ қалай өтті

Сынақ басталмас бұрын барлығы арнайы инструкциядан өтті. Мамандар жағдайды жіті түсіндіріп, адамдарға желет пен қорғаныс каскаларын берді. Әрине, жер сілкінісі кезінде адамдарда қобалжу, үрей, абдырау болады. Мамандар инструкция кезінде осы мәселені алдын ала ескертіп, психологиялық жағынан қолдау көрсетті. 

Бұдан кейін сынаққа қатысушылар 15-ші қабатқа көтерілді. Бұл жерде бір пәтер шынайы өмірдегідей жиһаздарымен жабдықталған. Ас үй, қонақ бөлмесі, балалар бөлмесі бөлек-бөлек жабдықталған. Үй ішіндегі заттар, кәдуілгі өмірде қолданылатын тұрмыстық бұйымдар – бәрі-бәрі қойылған. Олардың кейбірі сынақ кезінде сынды.  

Сынақ 3 минутта аяқталды. Бастапқыда ақырын басталған діріл уақыт өте келе ұлғая түсті. 2-ші минутта жер сілкінісі 9 балдық шкала жетті. Ыдыс-аяқ қирап, компьютер мониторы құлады.

Төбе жерге құлап түсердей болған имитациялық сынақ сәтті аяқталды. Бұл, әрине, сынақ жүргізген мамандар пікірі.

Қатысушылар орындарынан тұрғаннан кейін қонақ бөлме қабырғасында сызат пайда болғаны байқалды. 

– Сынақтан кейін біз температуралық компенсаторлардың жұмысын көреміз. Бұл жерде әртүрлі материалдар кездеседі. Ғимарат қаңқасының өзі толығымен сынақтан өткенін ескеру керек. Ақау анықталған жоқ. Қонақ бөлмедегі сызатқа келер болсақ, бұл құрылыс материалдарының әртүрлілігіне байланысты. 
Өйткені бұл жерде әртүрлі материал кездеседі. Біздің жағдайда ол гипсокартон және бетон. Оның жарылуы кездейсоқтық не салғырттықтан емес. Себебі ол салмақ түсетін колонна емес. Сондықтан ғимарат жалпы қауіпсіз және толық сынақтан өтті деуге болады, - дейді техникалық қадағалау өкілі Игорь Погорелов.

Нәтижесі

Сынақ сәтті өткенін ҚазҚСҒЗИ Көпқабатты үйлердің сейсмикалық төзімділігі зертханасының меңгерушісі Жасұлан Омаров та растады. 

– Сынақтар сәтті өтті. Біздің тапсырма орындалды. Базис-А қабылдаған шешімдер расталды. Жобалық шешімді 1,25 есе асыра орындадық. Бұны тоғыз балдық жер сілкінісімен салыстыруға болады, - деп түсіндірді Омаров.

Вибрациялық машина жайлы

Біздің институтта вибрациялық машиналардың 3 түрі бар. Бұл ғимарат үшін v-3 типті инновациялық тербеліс машинасы пайдаланылды. Оның міндеті - ғимараттар үшін динамикалық әсерлердің болуын зерттеу. Бұл әдіс сонау КСРО кезінен қолданылып келеді. Біздің өңір үшін бұл әдіс тиімді әрі өзекті, - деді Омаров.

Шетелдік серіктестер

Қонақтардың арасында сейсмикалық сынақтың сапасын жоғары бағалаған басқа елдердің өкілдері де болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Бейжің құрылыс және сәулетшілер университетінің профессоры Ли Айцюн Алматы сияқты «белсенді» аймақта сейсмикалық қауіпсіздіктің аса маңызды екенін атап өтті. 

Ол сондай-ақ өз әсерлері туралы айтып, Қытайдың сейсмологиялық сынақтардағы тәжірибесімен бөлісті. 

– Біз ғимараттың ең жоғарғы жағында болдық. Жалпы алған әсеріміз керемет. Ғимараттың жоғарғы жағындағы діріл күші өте күшті болды. Жер сілкінісін имитациялау кезінде бөлмедегі жиһаздар сынып, заттар құлай бастады. Бүгінгі көргеніміз қауіпсіздік мәселелерінің нәтижесі. Ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігі адамдардың аман қалуының кепілі. Қазіргі уақытта Қытайда антисейсмикалық шараларға қатты көңіл бөлінеді. 

Бұрыннан келе жатқан практика

Ал, Bazis компаниясының негізін қалаушы Александр Белович мұндай сынақтар жүйелі түрде жүргізілетінін айтты. Сынақтар алғаш рет 2002 жылы ҚазҚСҒЗИ-мен бірлесіп өткізілген. 

– Біз мұны өз еркімізбен жасаймыз, сонда біздің клиенттер құрылысты сапалы әрі қауіпсіз етіп салып жатқанымызға сенімді болады. ҚазҚСҒЗИ мамандары сынау үшін шатырға вибрациялық машина орнатып, ғимаратқа сенсорларды іліп, құрылыс сапасын тексереді. Аяқтағаннан кейін олар талдау жасайды және құрылыс нормаларын реттейді. Осылайша біз ғылымды жетілдіруге көмектесеміз, - дейді «Базис» компаниялар тобының негізін қалаушы Александр Белович.

Практикалық бөлігі

Сейсмикалық сынақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің барлығында дерлік жүргізіліп тұрады. Биыл оған Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғыз, Өзбекстан және басқа да ТМД елдерінен құрылыс саласындағы 30-дан астам отандық және халықаралық сарапшылар, сондай-ақ Канададан, Германия мен Қытайдан жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар қатысты. 

Сейсмикалық сынақ аяқталғаннан кейін ҚазҚСҒЗИ мамандары мен халықаралық сарапшылар ғимаратты тексеріп, ешқандай ақау жоқтығына көз жеткізді.

ҚазҚСҒЗИ 

Сондай-ақ, ТМД-ның Экономикалық кеңесі 2019 жылы маусымда ҚазҚСҒЗИ-ға ТМД елдеріндегі жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласында еңбек ететін базалық ұйым мәртебесін берген.

Институт Достастық елдерінде жер сілкінісіне төзімді құрылысты дамыту мәселелерін шешудің негізгі алаңына айналды.

Bazis-А

BAZIS-A 2002 жылдан бері ҚазҚСҒЗИ серіктесі және аталған ғылыми мекемеге сынақ жүргізу үшін өзінің құрылыс алаңдарын ұсынады.

Сейсмикалық сынақтардың нәтижелері ҚазҚСҒЗИ мамандарына жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда жобалау және құрылыс нормаларын жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Ғимараттардың толық ауқымды вибро-динамикалық сынақтарынан басқа, ҚазҚСҒЗИ және БАЗИС-А тұрақты түрде стендтік сынақтарды жүргізеді, оның нәтижесі тек БАЗИС-А үшін ғана емес, сейсмикалық аймақтардағы ғимараттарды салуда жаңа құрылыс материалдарын пайдалануға мүмкіндік туғызады.