Мемлекет мүлкін қайтарған Сатыбалдының иелігінде не қалды

Ілияс Бақыт

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі мемлекетке шамамен триллион теңгенің мүлкі мен басқа да байлығын қайтарып берді. Бұл тек табылғаны ғана. Бірақ бұған дейін оған тиесілі мүлік пен компаниялар сенімді адамдары немесе туыстарының атына жазылғаны туралы бірнеше рет айтылды. Ulysmedia.kz процестік келісімнен кейін Қайрат Сатыбалдының меншігінде не қалғанын анықтауға тырысты.

Коллаж: Ulysmedia.kz

БОСТАНДЫҚТЫҢ ҚҰНЫ

Өткен аптаның соңында экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының бостандыққа шығатыны жөніндегі ақпарат желіні ұлардай шулатты. Ол жазаның 1/3 бөлігін өтеді. Судья оған жылы қабақ танытып, темір торда отыруы тиіс 3 жыл 3 ай мерзімі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Мұндай «ғажайыптарға» үйренген қазақстандықтар таңырқай қоймады. Сатыбалдының көп отырмасын жұрт әу баста-ақ тұспалдаған. Сонда да халықтың құлағын үйрету үшін оның мемлекетке қайтарған миллиардтары жайлы ақпараттар таратылды. «Жаңа Қазақстанда» мұндай оқиғалар бұған дейін де болған. Сатыбалдының аттасы Қайрат Боранбаевтың да бостандығын «сатып алғанына» көп уақыт бола қойған жоқ. Оған пробациялық бақылаудағы өмірі арзанырақ түсті – 134 млрд теңге.

– Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын. Осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерімді саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болды. Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр.Мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын, - деді Сатыбалдыұлы сотта.

Оның бұл сөздері қаншалықты шын, Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры мен оның бүкіл отбасы түрмеден кейін расында да қарапайым өмірді қанағат тұта ма – салмақтап көрейік.

БАЙЛАР ТІЗІМІНЕН НЕГЕ АЛЫНДЫ

Forbes жыл сайын елдің ең бай адамдарының тізімін жариялайды. Қайрат Сатыбалды бірнеше жыл қатарынан сол рейтингте болды. Бірақ көп уақыт емес: 2016 жылдан 2018 жылға дейін. Содан кейін тасада қалды –салмақты басылым оны Қазақстанның ең дәулетті азаматтарының тізімінен алып тастады. Соңғы рет 2018 жылдың қазан айындағы Forbes мәліметі бойынша Сатыбалдының мына компанияларда үлесі болды:

  • «Kaspi.kz» АҚ 30%-ы арқылы ол «Kaspi Bank»АҚ-да үлеске иелік етті;
  • «Alatau Capital Invest» ЖШС арқылы «Қазақтелеком» АҚ-да үлесі болды;
  • «Әмір LTD» ЖШС;
  • «Корпорация Дүние» ЖШС;
  • «Дүние-Кузет» ЖШС;
  • «Дүние-Агро» ЖШС.

БӘРІ ЖАБЫЛДЫ МА

«Әмір LTD» логистикалық компаниясы өз қызметін тоқтатты.

«Корпорация Дүние» ЖШС құрылтайшыларының арасында Назарбаевтың немере інісі жоқ. Тіпті, ұйым өз қызметін тоқтатқан. «Дүние-Кузет» ЖШС-нің соңғы рет 2016 жылы қайта тіркеуден өткен, құрылтайшысы Таукен Айтбаев деп көрсетілген. «Дүние-Агро» ЖШС кейбір деректер бойынша қазір «Steppe AgroMeat» ЖШС-ке айналған. Оның құрылтайшылары арасында Дамир Қалибекұлы мен «Prime Capital RE Karasay» ЖШС бар. Бұл активтің түпкі иесі – елбасының тағы бір туысы – Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол.

«Kaspi.kz» АҚ-дағы үлесіне келсек, Қайрат Сатыбалды 2015 жылы Kaspi акцияларын сатып алып, Ким және Baring Vostok компаниясымен бірге негізгі үш акционердің бірі болғаны белгілі. Бірақ 2019 жылы IPO-ға шықпас бұрын ол акцияларын сатты. Ким 39,9 миллион акция сатып алып, Ломтадзеның атына жазып берді. Шамасы, бұл қитұрқылық листинг кезіндегі бас аурулардың алдын алу үшін жасалса керек. Қайрат Сатыбалды әлі күнге дейін еліміздегі ең табысты банктердің бірінен қандай да бір пайда көре ме, жоқ па – біз бұл сұраққа жауап ала алатынымыз күмәнді.

МЕНШІГІНДЕ НЕ ҚАЛДЫ

«Alatau Capital Invest» ЖШС-де Қайрат Сатыбалды әлі күнге дейін құрылтайшы ретінде тіркелген. Болжам бойынша, компанияның өткен жылы табысы 16 млн теңгені құрады.

Осы компания және Skyline Investment Company S.A арқылы ол 2022 жылы мемлекетке берген «Қазақтелеком» АҚ-ның 25%-ына иелік еткені белгілі. Ол құрылымдағы өз адамдары арқылы жұмыс барысын қадағалап, өз мүдделерін ілгерілетіп отырды.

Сондай-ақ, оның «Қайрат» қайырымдылық қоры бар. ЖШС-тің жұмыс істейтін-істемейтіні белгісіз.Бірақ Statsnet порталы оның өткен жылғы кірісін 44 млн теңге деп көрсетіпті.

Біз ашық ақпарат көздерінен Қайрат Сатыбалдының меншігіндегі өзге компаниялар жайлы дерек таба алмадық. Оның активтерінің бір бөлігі туыстарына, оның ішінде ұлы Бауыржан Нұрсұлтан мен әйелдерінің бірі – Әсел Бақтиярқызына берілгені хабарланған. Кейбір активтері әйелінің туыстарының атына да жазылған.

БІТПЕЙТІН ҚИТҰРҚЫЛЫҚ

Қайрат Сатыбалды мемлекетке шамамен триллион теңгенің мүлкі мен басқа да байлығын қайтарып берді. Бірақ неге екені белгісіз, оның иелігінде әлі дәл осынша соманың дүние-мүлкі қалды деген сезік бар көптің көкейінде. Сонымен қатар, оның үлкен әкімшілік ресурсы бар: компанияларын басқарған адамдар, жылжымайтын мүлкі мен бизнестеріне қағаз жүзінде иелік ететін әйелдер де аз емес.

Мәселен, темір торда отырып Назарбаевтың немере інісі Алматының орталығындағы Hilton қонақ үйін сатып ала алды. Алдымен оны «Baidala V.» ЖШС төмен бағамен сатып алды, кейін Сатыбалдының атынан мәмілені Әділет Әбілай жүзеге асырды. Әлібай – «Alatau Capital Invest» ЖШС басшысы.

Қонақ үйді тиын-тебенге сатып алу бақыты бұйырды-ау деп топшылады жұрт. Бірақ «Baidala V.» ЖШС құрылтайшысы – Бақытжан Құлбаев. «QS Holding»ЖШС-тің де иесі сол.

Бірнеше жыл бойы бұл компанияны Тимур Атабаев басқарды. Интернеттің жадынан ештеңе өшпейді, бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде ол жайлы:

– Компанияны «Тартіп» АҚ негізгі құрылтайшыларының бірі, 32 жастағы Кемал Эфенди басқарады. Kaz Waste Management компаниясы арқылы ол Бөлегенов Асқар Оңдасынұлымен және Атабаев Тимур Даниярұлымен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету, кәдеге жарату және көму жөніндегі кәсіпорынның бағалы қағаздарының 66,02% -ын иеленеді. Қазір кәсіпорын Алматы қаласы аумағының 70%-ын (52 учаске) тазалайды, ал қалған 30%-ы басқа 39 шағын ұйымға бөлінген, - деп жазылған.

Ал, Кемал Эфенди деген кім? Оған іздеу жарияланған. Антикор дерегінше, Кемал Эфенди – Сатыбалдының ерекше сенімді адамы. Қазақстанның бұрынғы президентінің бауырында тағы қанша сенімді адам бары – басы ашық мәселе.

Kaspi үлескерлері жайлы 2018 жылғы құжатта Әсел Бақтиярқызы және Саида Қанатбекқызы атты екі әйел бар. БАҚ-тағы мәлімет бойынша олар – Қайрат Сатыбалдының жұбайлары. Олар – «Айсам Ко. ЛТД» құрылтайшылары. Қазір кейбір деректерге сүйенсек, ЖШС Qaz Agro Centre деп аталады.

Құрылтайшының кім екендігі көрсетілмеген, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында компания Болат Назарбаевтың ұлының бақылауында екені жазылған.

Осы құжатта Қайрат Сатыбалдының меншігі деп есептелетін «Корпорация «Дүние» ЖШС-нің құрылтайшысы Елеусізұлы Естайдың аты аталған. Сондай-ақ, ол – «Agri holding Astana» ЖШС құрылтайшысы, көтерме саудамен айналысады.

Табысы салыстырмалы түрде көп емес:

Бір кездері елбасының немере інісімен байланысқан мұндай адамдардың қатары аз емес, олар шын мәнінде Қайрат Сатыбалдының мүддесіне жұмыс істей ме, жоқ па – белгісіз.

МЕМЛЕКЕТКЕ НЕ ҚАЙТАРДЫ

Қайтарылған активтер қатарында жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, автомобильдер, акциялар және ақша бар. Атап айтқанда, мемлекетке Қазақстандағы 115 жылжымайтын мүлік берілді. Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде:

  • «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8%-ы –  93,8 млрд;
  • «ЦТС» АҚ – 30,2 млрд;
  • төрт компаниядағы үлесі – 10,3 млрд;
  • Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд;
  • эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд;
  • қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд;
  • Австриядан қайтарылған ақша – 36,8 млрд;
  • Лихтенштейннен қайтарылған ақша – 116,7 млрд;
  • БАӘ-ден қайтарылған ақша – 6,3 млрд;
  • Түркиядан қайтарылған ақша – 2,2 млрд;
  • бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд.

ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ

Қазір Қайрат Сатыбалдының иелігінде қалған дүниелерді табу өте қиын. Анонимді арналар 300 түрлі бизнес құрылымдарда үлесі барын хабарлады. Бұл рас па? Қолымызда дәйек болмаған соң кесіп айта алмаймыз. Бірақ қалған дүние-мүлкі мұқият жасырылғаны анық. Толық бостандыққа шыққаннан кейін Қайрат Сатыбалдының тағы да қымбат мүліктің түр-түрін сатып алғаны жайлы талай еститініміз күмәнсіз.