Дата анализ: Украинадағы соғыс қазақ «Фейсбугіндегі» деколонизацияға қалай әсер етті

Айжан Қалиева

Назира Байырбек АҚШ-тың Пенсильваниядағы Индиана университеті, Коммуникация және медиа зерттеулері бойынша PhD бағдарламасында оқып жатыр. Бізді оның ғылыми зерттеу тақырыбы аса қызықтырып, әңгімеге тартқан едік. Көлемді сұхбатта Украинадағы соғыстың қазақтарға әсері, отар елдерге тән комплекстер, медиадағы лингивстік теңсіздік, ұлттық идентификация туралы айтылды.

ulysmedia

ЗЕРТТЕУ ТАҚЫРЫБЫ

Назира, зерттеу тақырыбыңыздың «Украинадағы соғыстың Қазақстандағы Facebook-тегі деколонизация жайындағы контентке ықпалы» екенін жаздыңыз. Бұл тақырыпты таңдауыңызға не түрткі болды?

– Негізгі зерттеу тақырыбын бекітерде профессор бізге зерттеу тақырыбын таңдарда «жазбасам болмайды, жаныма маза бермейді» деген мәселелеріңді ойлаңдар, ол мәселе сендердің тәжірибелеріңмен бала күндеріңдегі ойларыңмен, сұрақтарыңмен байланысты болсын деді. Менің бала күнімнен ең көп сауалдарыма себеп болған нәрсе осы –  тәуелсіз қазағымыздың отарсыздануы еді. Өзім оңтүстік өңірдегі кішкентай ғана Арыс деген қалада өссем де, бала күнімде айналамда лингвистік теңсіздік барын байқайтын едім. Ел тәуелсіз болса да, көбі орыс тілінде сөйлейтін. Ал қазақша сөйлейтін адамдар орысша сөйлейтіндерге қарағанда кем бағаланатын, төменде ұқсап тұратын. Ең өкініштісі, бұл экономикалық теңсіздікке де себеп болатын. Орыс тіліндегі газет редакциясының қызметкерлері, орыс тіліндегі телеарна қызметкерлері немесе басқа да қызмет орындарындағы орыс тілінде жұмыс істейтін бөлімдегілердің жалақысы қазақ бөліміне қарағанда көбірек, артығырақ болатын да, олардың тұрмысы да қазақ тілінде қызмет ететіндерден жоғарырақ болатын.

“ДЕРЕКТЕРДІ ТАЛДАУ” КЕРЕК БОЛДЫ

Лингвистік теңсіздік отандық медиада әлі де көрініс тауып отыр. Аталған мәселе қанша көтерілсе де, саяси элита алдымен өзіне ыңғайлы тілде ақпарат беруін тоқтатпай келеді.

Өкінішті жәйт... Ең сорақысы – бізге мықты мотиватор, Астанада көп журналистің қанатын қатайтқан Талғат Батырхан ағамыз айтпақшы – генератор бола білген редакторлар «ал, жазыңдар», «жарайсыңдар», «ананы неге жазбайсыңдар», «мынаны неге жазбайсыңдар» деп қамшылап отырып, ұлттық мүддені қорғайтын мықты-мықты мақалалар жаздыратын да, үкімет, Ақ орда жақтан бір бұйрық келсе тілшілерді қорғай алмайтын. Кешегі елім, ұлтым деп отырған кісілерден үн  шықпай қалатын. Оның бәрінің артында Қазақстанды уысында ұстағысы келетін, Қазақстанда қазақ тілі көтеріле бастаса «ойбай, Қазақстанда орыс тілі қысым көріп жатыр» деп байбалам салып, әдейі кедергі келтіретін Ресей саясаткерлері, Қазақстандағы қазақтың азаттығы мен тәуелсіздігіне пысқырмай, баяғы кеңестік кезді, Кремльдің туын көксеп отыратын сепаратистік пиғылы бар этникалық ұлттардың ұйымдары, санасы отарланған қазақтар тұратын. Ал соңғы зерттеуімнің тақырыбын «Украинадағы соғыстың Қазақстандағы Facebook-тегі деколонизация жайындағы контентке ықпалы» деп алғаным, тура мен зерттеуіме кірісер тұста Украинада соғыс басталды да, Қазақстандағы Facebook контенті соғыстан бұрынғы кезге қарағанда көп өзгеріске ұшырады. Әлеуметтік желіде отарсыздану бағытындағы посттар, посткеңестік елдердің қағаз бетіндегі тәуелсіздігі мен шын тәуелсіздігі, Ресейдің Орта Азиядағы немесе посткеңестік аймақтағы бүгінгі орны, ықпалы, мүддесі мен саяси мақсаты жайлы жазбалар, дискуссия кең етек алды. Осының бәрін сандық талдау жүйесімен зерттеп, нәтижесін анықтағым келді.

82 ПАРАҚ НЫСАНАҒА АЛЫНДЫ

Украинадағы соғыстан кейін менде Қазақстандағы орыстілді қазақтардың ана тілін оқуға деген ынталарын байқадым, тіпті орыстардың өзі қазақша амандаса бастады. Біраз уақыттан кейін бұл үрдіс тоқтап қалды. Қазақстандағы Facebook-тегі деколонизациялық контенттерді соғысқа дейін және кейін деп қарастырсақ жағдай қалай өзгерді? Зерттеу барысында өзіңіз анықтаған ерекшеліктер қандай?

Кейбір зерттеулердің нәтижесі оңай, даусыз жалпыластырылады, ал енді кейбірі зерттеу нысанының  ауқымына, түріне қарай кейсті талдау ретінде қабылданады. Менің қазіргі соңғы зерттеуіме Қазақстандағы 82 Facebook парақшасы қатыстырылды. Олар жеке тұлғалардың парақшасы болғандықтан, тақырыбымды АҚШ заңына сай, институттық комиссияның қабылдауын алдым. Зерттеу кезінде Facebook-тегі соғысқа дейінгі деколонизация тақырыбындағы посттар мен соғыс басталғаннан кейінгі  деколонизация тақырыбындағы посттарды талдау үшін екі кезеңдегі контент жинақталған. 

Деколонизация төңірегіндегі контентке Украина соғысының қалай ықпал еткенін анықтайтын кезек ретінде 2022 жылғы 20-ақпан мен 15-наурыз арасы таңдап алынса, соғыстан бұрынғы деколонизацияға қатысты контентті талдау үшін 2021 жылғы 20 ақпан мен 15 наурыз таңдалды. Себебі, 2022 жылы Украина соғысы басталғанға дейін барлық әлеуметтік желі Алматыдағы Қаңтар оқиғасының ықпалында болды. Сонда 2021 жылдан –  126, 2022 жылдан – 262, яғни барлығы 388 пост жиналып, зерттеуге алынған. Осы сандардан ақ көрініп тұрғандай, Ресейдің Украинаға басқыншылығы, Қазақстан азаматтарының, атап айтқанда, Facebook те деколонизация тақырыбында көбірек пост жариялап, деколонизация мәселелерін көбірек талдауына ықпал етті. Деколонизация мәселесіне арналған посттар 112%-ға артыпты.

АМЕРИКАДА ТАҒЫ ЕКІ МАҚАЛА ЖАЗЫЛДЫ

Украинадағы соғыс Қазақстан азаматтарының әлеуметтік желі арқылы деколонизациялауға ұмтылысын күшейтті десек болады ғой?

– Дәл солай. Соғыстан бұрын елде тіл, көше, елді мекен, қала аттарын ауыстыру, елді отарсыздандыруды жалғастыру үшін елдегі кеңестік кезден қалған монумент пен ескерткіштерді ауыстыру, білім саласын отарсыздандыру секілді мәселелер жиі көтерілген болса, соғыстан кейін елдің саяси, экономикалық тәуелсіздігін нығайту, қауіпсіздікті күшейту сияқты мәселелер күн тәртібіне ұсынылған. Олардың ішінде ақпарат қауіпсіздігі арқылы ұлттық қауіпсіздікті сақтау, Ресей пропагандалық телеарна мен радиоларын жабу, Қазақстанды ЕЭҰ, ҰҚШҰ секілді елді Ресеймен тығыз байланыстыратын ұйымдардан шығару секілді мәселелер көтерілді. Мұның бәрі Украинаға басқыншылықтан кейінгі қазақстандықтардың Қазақстанды Ресей ықпалынан толық арылтып, Кремльден іргесін алыстатуды мықтап және ашық талап ете бастағанының көрінісі. Менің зерттеуімнен кейін АҚШ та осыған ұқсас екі зерттеу мақаласы жарияланды. Олардың бірі Ресейдің Украинаға соғысы Қазақстанды «лингвистік тұрғыда оянуға» катализатор болды десе, екіншісінде Украинадағы соғыс Қазақстанда отарсыздандыру бағытындағы күресті арттырды деген. Бірақ ол зерттеулер үш төрт тұлғамен сұхбат ала отырып, сандық емес, сапалық талдау жүйесімен жасалған.

РУХАНИ ОТАРСЫЗДАНУ

Қазақстан азаматтарының Украинадағы соғысты қабылдауы отарсыздануға түрткі болды десек, оның қазіргі нәтижесі қандай? Пікірлер полярлығы қоғамда кімнің кім екенін айқындағандай.

– Кез келген кризис жағдайындағыдай Ресей Украинаға шабуылдағанда елде ертеңгі күнге деген белгісіздік, оның ар жағында бізге де осылай жасамай ма деген үрей болды. Бірақ Украинаны әлемнің тоқсан пайызы қолдап отырғандықтан, Қазақстанда көзіқарақты азаматтар арасында бұл соғысқа азаматтық, құқықтық тұрғыда баға беруге ден қойғандар көп болды. Бірақ, бізде сепаратистік пиғылдағы азаматтар мен отарланған санамен өімр сүріп отырғандар да аз емес екен.  Соғыстан қорыққан кейбір азаматтардың әлеуметтік желідегі жазбаларының ар жағында «біздің Ресейсіз күніміз жоқ», «Ресей біздің аймақтың басты қорғаушысы»  деген де ой жатқаны анық еді. Оны айтпағанда, Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесін қозғасаң «Украинадағы жағдай да тілден басталған. Бізге тыныштық керек, тіл, тіл дей бермеңіздер» деген пікірлер де көп болды. Үлкен ауқымдағы халықаралық саясатқа қатысты көзқарас пен ұстаным жағынан пікір үйлеспеушілігі де көп. Украинадағы соғыс –  деколонизация, елдің тәуелсіздігін нығайта түсу, саяси тәуелсіздікке ұмтылу ғана емес, экономикалық, мәдени рухани тәуелсіздікті күшейту, барлық саланы, сананы отарсыздандыру бойынша қозғаушы күш болды.

FACEBOOK НЕГЕ САЯСИ ПЛАТФОРМАҒА АЙНАЛДЫ

Көптеген шет мемлекеттерде Твиттер ғана саяси платформа, ал біздің елдегі әлеуметтік желілердің, оның ішінде Facebook-тің саяси алаңға айналуы неден деп ойлайсыз?

– Капиталистік елдерде әлеуметтік желінің бәрі негізінен екі мақсатта қолданылады.  Біріншісі –  бизнесін жарнамалап, бизнесін дамыту, тұтынушымен байланысу. Екіншісі – саяси мүдде үшін елдің сеніміне кіріп, сайлаушының қолдауын табу, сайлаушымен байланысу үшін. Одан кейінгі үшінші топтағылар көңіл көтеру, жалғыздық сезімінен арылып, айнала елмен байланысты сақтау үшін пайдаланады.  Ақпарат алу, пікірін айту үшін де пайдаланатынлар бар, бірақ әлеуметтік желілер қоғамдық пікірге манипулация жасаудың қайнар көзі ғой. Оны да ел біліп қалды. Әр елде әлеуметтік желілердің қолданылу үрдісі де әр түрлі.  Мысалы, бізде Linkeldn- онша пайдаланылмайды.

Ал, АҚШ та ол кәсіби орта қалыптастыру, жұмыс іздеу, жұмысшы іздеу мақсатында көп пайдаланылады.  Бірақ әлеуметтік желінің пайдаланылуы өзгеріп отырады. Мәселен, осы Linkeldn-де бір саяи тақырыптағы посттардың астынан «мынау Linkeldn соңғы жылдары Facebook ке айналып кетті» деп ренжіп жазып отырғандарды көресіз.

Сонда Facebook батыста онша тексерілмеген, кәсіби расталмаған ақпараттар мен пікірлерді жаза беруге болатын алаң ретінде саналатын болып тұр ғой?

– Иә, әлеуметтік желі мен оның қолданысы жайлы көп қызық нәрсе айтуға болады. Бірақ мен мынаны ғана айтайыншы, әлеуметтік желілердің бәрінде пост жариялау, сурет, видео бөлісуде өзінің шегі, яғни, лимиті бар ғой. Сөз санына қойылған лимит бойынша Facebook көп сөз жазғысы келетіндер үшін ең тиімді әлеуметтік желі. Дамымаған ел, дамушы және дамып жатқан ел, сосын дамыған елдердің осы әлеуметтік желілерді қолдануын қарасаңыз, бір ортақ мінездемелерді байқауға болады. Біздің Facebook-ке әуестігіміз пайдасыз іске уақыт, энергия шығындамайтын, бәрінің құнын есептеп, миында автоматты түрде конвертация жасалып жататын, дамыған елдердің желіні қолдану дағдысына қарағанда өзгешелеу. Бірақ бәрібір қоғам осы желіні билікпен, үкіметпен коммуникациясына, сондай-ақ, саяси өзгерістерді талап ету жолында тиімді құрал ретінде жап-жақсы пайдаланып отыр. Ал, өз халқымен жақсы коммуникация орнатып, еліне қызмет еткісі келетін билік халық қайда, сонда баруға міндетті.

ҰЛТТЫҚ ИДЕНТИФИКАЦИЯ

Америкада өмір сүріп жатқаныңызға бірнеше жыл болды. Батыстықтар  ұлттық идентификация элементі деп нені қарастырады?

– Ұлттық идентификация дегенде көпшіліктің ойына алдымен – қоғамдағы адамдардың сөйлейтін тілі, киетін киімі, сақтайтын дәстүрі, қолданатын ыдыстары, тұрмыс салттағы бұйымдары, одан кейін олардың сенімі, азаматты деген нәрселер түседі. Көбінесе батыс елдерінде адамның ұлттық идентификациясы оның қай қоғамға тиесілі екенін көрсететін элементтер. Мысалы, мен қазақ қоғамына тиесілімін, өзімнің қоғамымның құндылықтарын өз бойыма алып жүремін. Осы менің ұлттық идентификациям.

Қазақстанда ұлттық идентификация мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?

Идентификация ретінде бір ғана элементті ала алмаймыз. Мәселен, тілі қазақ емес, бірақ қаны, жаны қазақ, елдің патриоты, осы елдің тұрғыны ретінде өзінің азаматтығын жоғары бағалайтын, құнын білетін азаматтарда бар. Тіл тірі организм, екі-үш жыл бұрын Америка өзінің америкалық ағылшын Merriam Webster сөздігіне кәрістердің алты сөзін қосып алды. Оған себеп – кәрістердің америкалық эстрадаға қосып жатқан үлесі. Американ тілі Ұлыбританиядан бастау алған, бірақ олар өздерін рухани жағынан, идентификация жағынан тәуелсіз ел ретінде сезіну үшін америкалық ағылшын тілі деген бөлініс жасады. Бұл тенденция Қазақстанда да байқалады. Орыстілді қазақтардың ішінде де елдің шын патриотына айналған, бірақ өздерінің орысшаларын ресейлік орысшадан бөлек етіп қарайтындары бар. Мен бұл құбылысты бір-екі атақты тұлғалардан байқадым. Тілді идентификацияның негізгі элементі ретінде қарағанда бізде өкінішке қарай жікке бөліну бар. Ұлттық идентификацияның тағы бір элементі дінді алатын болсақ, бұл жағынан да бізде жіктелу бар. Өзіңіз білетіндей, исламды ұстануымыз да әртүрлі. Біреулер қазақтың мәдениетін, тілін, дәстүрін бағаламай исламды бәрінен жоғары қояды. Кейбір топтар дәстүрлі исламды ұстанады. Сондықтан дінді де ұлттық идентификацияның элементі ретінде алғанда, бізде бұл жағынан қиындық барын мойындау керекпіз.

ИДЕНТИФИКАЦИЯ - ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫН МОЙЫНДАУ

Біздің халықтың идентификация түсінігі көп жағдайда ұлттық оюлар, ұлттық әшекей-бұйымдармен байланысты сияқты...

Ұлттық оюларды да бір элемент ретінде алатын болсақ, бұл жерде қызық мәлімет айтқым келеді. Мен қазақтарда ғана бар деп жүрген ою-өрнектерді өткен жылы орталық Американы аралап жүргенде сондағы әшекей бұйымдардан көп көрдім. Мысалы, қошқар мүйіз салынған кепка, сөмкелер. Мұның таралуына америкалық бәлкім америкалық үндістер себеп болған шығар, оларды баяғы түркі халықтары деп жатады. Кім кімнен алғанын уақыттың тығыздығына байланысты анықтай алмадым. Осы жазда Аустралияға Жаңа Зеландияға ғылыми конференцияға бардым, сол жолы әшекей дүкенінен қазақы оюы бар күміс сырға алдым. Біздің апаларымыз, әжелеріміз әшекей арқылы қазақ екендерін көрсеткісі келіп, арнайы тағып жатады ғой. Мен алған қазақы сырға Индонезияда жасалған болып шықты. Бір ғана оюды да қазақылықтың идентификациясы деп айтуға болмайды екен. Киіз үйді, астауды алсақ та солай.

Мәселен, оюы жоқ ағаш астауды америкалық дүкеннен сатып алдым. Америкадағы көп штаттарда киіз үйде тұруға заң бойынша рұқсат етілген, бірақ ішінде өзіне тән ерекшеліктері бар. Қырғыз, моңғол, америкалық үндістерде киіз үй бар.  Мұнымен өзімізде бар құндылықтарды «бізге тән емес» деп жоққа шығарып тастайын деп отырғаным жоқ, бірақ идентификация түсінігіне кеңірек қарауымыз керек. Батыстықтарда ұлттық идентификацияның белгісі – бір қоғамға тиесілі екенін мойындау, бір қоғамның құндылықтарын бойына сіңіріп бағалау деп қарайды. Менде солай кеңінен қарау керек деп ойлаймын. Себебі, ұлттық идентификация қай кезеңде де өзгеріске ұшырап отырады. Оған экономиканың дамуы, технологияның дамуы, иммиграциялық үрдістер көп себебін тигізеді.

ТІЛ...

  Шетелде жүрген қазақтар өздерінің идентификациясын қалай сақтайды?

  Ұлттық идентификациямыздың ең үлкен белгісі – тіл. Тілді сақтаудың ең негізгі жолы қазақ тілін – технология саласына енгізу. Барлық кезде экономикасы мықты, тауар өндіретін елдердің тілі кеңінен тарайды. Қазіргі таңда елімізде технология саласын жетік меңгерген жастар көп. Сосын көбіне отарлау кезеңіне өткен, отарсыздану бағытында жаңадан ізденіп жатқан, әлі санасы толық емделмеген халықтарға тән ортақ мінезі – ата-бабасының жетістігімен мақтану. «Біздің ата-бабамыз күшті болған» деген сөзді жиі айтады. Жаңа Зеландиядағы конференцияда үндістер сияқты жергілікті маори деген халықтың осындай сөзді көп айтатынын байқадым. Қазіргі заманда ата-бабамен мақтану, рухани құндылықтарды дәріптеу үшін тарихты айтып толғана мұң шағу жеткіліксіз. Ең бастысы – технология саласына бет бұрып, аталған салада ғылым-білім жинап еңбектену керек. Өнім өндіруге тырысу керек. Сонда ғана шынымен сана отарсызданып, өзін өзі сақтай алады.

  Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!