Осыдан аз уақыт бұрын президент Тоқаев «2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды. Жоспарды былтырғы тапсырмадан кейін Стратегиялық даму және реформалар агенттігі әзірлеген. Жарлыққа сәйкес, Үкіметтен бастап мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысында Ұлттық даму жоспарын басшылыққа алуы тиіс. Оның орындалуын бақылау тікелей Президент әкімшілігіне жүктелген.
Тың құжаттың халықты «орташа табыс тұзағынан» құтқарарлық қауқары бар ма? Осы сұраққа жауап іздеген Ulysmedia.kz тілшісі ұзын-сонар құжатқа, оның бірнеше бағытына үңіліп, сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.
ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНІҢ УАЙЫМЫ
«Орташа табыс тұзағы» деген мемлекет басшысының өз аузынан шыққан сөз. Бұл сөзді Тоқаев 2023 жылғы жолдауында айтып, экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыруды тапсырған-тын. Бұған себеп те белгілі: Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін дәстүрлі сауда тізбектері «бырт-бырт» үзіліп, әлем елдерімен экономикалық байланысты күшейтуге тура келді. Ресейге салынған санкциялардың бір ұшы Қазақстан экономикасының да басына «тоқ» ете қала ма деген уайым да күшейіп келеді. Осының бәрін құжатты әзірлегендерге ескеру керек болды.
Құжатта елдегі проблемалар біршама ашық жазылғанын атап өту керек: жалпы Қазақстанның ұлттық экономикасының орташа жылдық өсім қарқыны 2014 жылдан бастап баяулап барады. Бүгін де 5%-дан аз. Инвестиция жетпейді, инновация мен экономика өнімділігі төмен. Айналып келгенде елдің қорлары азайып, олардың орнын толтыру – Үкіметтің бас ауруына айналған.
Мемлекет әлі де негізгі табысын қазба байлықтан табады. Ал қазба отындарына әлемде сұраныс азайған сайын қаржы саясатын сауатты жүргізу керек. Ол аз десеңіз, 10 жылда үлкен шығындарды жұмсау арқылы экономиканы дамытуға арналған бюджеттің өз үлесі төмендеген. Халықтың жалпы кірісі ішінде мемлекет қолдауының үлесі 2010 жылы 14%-дан 2022 жылы 23%-ға дейін өскен. Үкіметтің Ұлттық қорға үңіле беретіні де сол.
«Аталған сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары әзірленді. Өндірілетін тауарларды ұлғайтып, негізгі капиталға және еңбек өнімділігіне инвестицияның еселеп ұлғаюы – экономикалық өсудің сапалық құрамдауыш бөлігі болады», - деп үміттенеді жоспарды жазушылар.
СОНЫМЕН, ЖОСПАРДЫ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫРҒАЛЫ ОТЫР
Құжатқа үңілсек, құрылымдық жаңару мен экономиканың тұрақты өсімі – елдің әл-ауқатын жақсартуда іргелі міндет ретінде көрсетілген. Ұлттық жоспар экономикалық қайта құрудың негізінде жатқан бес бірізді қағидатты айқындапты. Олар:
Ұлттық даму жоспары көзделген нәтижелер мен іске асыру тетіктерінің ортақ болған соң, 4 блокқа топтастырылған дамудың 17 бағытын қамтиды.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 39 көрсеткішін қамтитын негізгі ұлттық индикаторлардың картасы қалыптасқан.
МӘМС ЖЫРЫ, МЕДИЦИНАДАҒЫ ҰРЛЫҚ: ҚҰЖАТ ҚАНДАЙ ШЕШІМ ҰСЫНАДЫ
Құжатта денсаулық сақтау саласының проблемалары ашып жазылған. Қазақстанда адам өлімі көбінесе қан айналымы, жүйке жүйесі, тыныс алу және ас қорыту органдары ауруларынан болатыны, фармацевтика саласының дамуы әлсіз екені атап көрсетілген. МӘМС енгізілгелі салаға 4,4 трлн теңге бағытталғанымен, бұл соманың аздығы, кадр тапшылығы, медицина инфрақұрылымының тозып, ескіріп кеткені де, цифрландырудың әлсіздігі ұмып қалмаған. Тағы бір проблема - медициналық ұйымдардың бөлінетін қаражатты ашық әрі тиімді жұмсамауы, ұрлық пен қосып жазу түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.
«2029 жылға дейінгі мақсат – халық денсаулығының жалпы деңгейін арттырып, орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Денсаулық сақтау саласын 2029 жылға дейін дамыту сырқаттардың алдын алып, өлім-жітімді азайтып, МӘМС жүйесін жетілдіруге, оның тартымдылығын сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады», - дейді құжатты әзірлеушілер.
Ұлттық даму жоспарында десе де, саланың проблемаларын реттеу жалпы сипатта жазылған. «Мәселе болса – соны шешеміз» сипаты. Мысалы, жұқпайтын аурулардың алдын алуды күшейту және халық арасында өлім-жітімді төмендету мәселесін шешу үшін «күш-жігер жұқпайтын аурулардың алдын алуға және негізгі қауіп факторлары бойынша өлім-жітімді азайтуға, медициналық көмекті жетілдіруге, ана мен бала өлім-жітімін азайту жөнінде кешенді шаралар қабылдауға бағытталатын болады» делінген.
«Аурулардың алдын алу. Профилактикалық медицинаның негізі - халықтың салауатты өмір салтын ұстанудағы сауаттылығын арттыру, репродуктивті және ментальді денсаулықты нығайту және мінез-құлық қауіпі факторларының алдын алу, вакциналау, халықтың нысаналы тобын профилактикалық тексеру және скринингтеу болады. Жастар арасында осындай негіздерді қалыптастыру білім беру ұйымдары деңгейінде басталып, жастардың денсаулық орталықтарында жалғасады.
Сондай-ақ салауатты өмір салтын таңдау үшін әртүрлі экономикалық ынталандырулар қарастырылады, балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен қамтуды кеңейту шаралары қабылданады», - делінген құжатта.
Бір қарасақ, мұның бәрі бұрын айтылған, бүгін де – 2029 жылға дейінгі құжатта жазылып тұр.
Балалардың мүгедектігін төмендету мақсатында жүктіліктің ерте кезеңінде генетикалық патологияларды анықтаудың диагностикалық рәсімдер кешені кеңейтіледі. «Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтардың еңбекке қабілеттілігінен айырылу қаупін төмендететін жағдайлар жасалады» делінген құжатта. Бірақ қандай жағдай жасалатыны тағы ашылып жазылмаған.
Медицина мәселелерін тізе келе қажетті жұмыстар жөнінде құжатты жазушылар «профилактикалық жұмыс күшейтілетін болады» деп жазады. Нәрестенің шетінеу деңгейін төмендету үшін перинаталдық диагностика жүйесін жетілдіріп, заманауи тиімді перинаталдық технологияларды қолдануды кеңейту жоспарланып отыр.
Медицина саласында назар аударар бір мәселе – дәрі-дәрмек өндірісін жергілікті жерлерге орналастыру шаралары қабылданатында.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін жетілдіру бағытында құжатта «қалтадан төленетін шығынды азайту» көзделгені аталып өткен. Әр азаматтан ұсталатын аударым азая ма, әлде жұмыс берушілер олар үшін төлей ме – тағы ашып жазылмапты.
БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕҢБЕК НАРЫҒЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ ӘЛСІЗ
Ұлттық даму жоспарында «Қазақстанның білім беру жүйесінің еңбек нарығымен байланысы әлсіз» екені аталып көрсетілген. Құжатта сондай-ақ, елдегі мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарына едәуір жоғары жүктеме (тиісінше бір педагогқа 25 және 15 бала) жүктелгені жазылған. Мамандарға жоғары жүктеме басқа факторлармен қатар тәрбие мен оқыту сапасына теріс әсер ететіні, білім беру қызметтерінің сапасын бақылаудағы шектеулерге байланысты жеке бақшаларда сапаны қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар туындайды.
Құжатта сонымен бірге, ғылымға Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 0,12 пайызы ғана бөлінетіні жазылған.
«Саланы 2029 жылға дейінгі дамыту мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыруға, орта білім беру сапасын арттыруға, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ТжКБ жүйесін жетілдіруге, жоғары білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін арттыруға және Ұлттық ғылым моделін қайта жүктеуге бағытталады. Іргелі білімге, цифрлық технологияларға және жайлы білім беру инфрақұрылымына тең қол жеткізуге негізделген сапалы білім беру жүйесі құрылатын болады», - делінген Ұлттық даму жоспарында.
ҚАЗАҚСТАНДА МҰҒАЛІМДЕР КӨБЕЙЕДІ
Ең алдымен, мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар санын ұлғайту көзделген. Балабақшалардағы тәрбие мен оқыту бағдарламалары жетіліп, білікті педагогтарды тартып, материалдық-техникалық базаны жарақтандыру көзделген.
Оқушылардың сауатын арттыру үшін PISA нәтижелері бойынша өңірлер арасындағы, қала мен ауыл арасындағы қазақстандық оқушылардың алшақтығын қысқарту, білім беру бағдарламаларын мониторингтеу, сондай-ақ мектептерді дамытуға сараланған тәсілдерді енгізу болып айқандалған.
«Педагог кадрларды дамытудың бүкіл тізбегі бойынша шаралар кешенін іске асыру қажет. Атап айтқанда, мұғалімнің құзыреттілігін кәсіби дамытудың жеке траекториясын құру тетіктерін жасау, педагог кадрларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларды жетілдіру, сондай-ақ фрагменттік оқытудан педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуына көшуді жүзеге асыру жоспарланады. Шекті деңгейден өтпеген педагогтарға басым қолдау көрсетіле отырып, біліктілік тестілеуінің тәсілдері жетілдіріледі», - делінген құжатта.
Одан бөлек, мектеп директорларының біліктілігін арттырып, сертификаттау жоспарланған. Мектеп директорларының кадрлық резервін қалыптастыру бағдарламасы күшейтіледі. Ол үшін педагог мамандарды мектеп басшылығына тарту көзделген. Жалпы педагогтардың санын арттыру жоспарда бар.
Ұлттық даму жоспары барлық мектептер 2027 жылға дейін жылдам интернетке және қажетті интерактивті жабдықтар жиынтығына қол жеткізуді көздейді.
Ұлттық даму жоспарына сәйкес, озық кәсіпорындар базасында педагогтарды тағылымдамадан өткізу бағдарламалары күшейтіледі, өндірістен тартылған мамандардың үлесін арттыру жөніндегі шаралар жалғасады. Оқытушылардың академиялық ұтқырлығы енгізіліп, арнаулы пәндер педагогтары мен өндірістік оқыту шеберлерін аттестаттау трансформациясы жүргізіледі.
ЖОО-ЛАР АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ БАҒДАРЛАМАЛАР САНЫН АРТТЫРАДЫ
Білім беру процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін онлайн және аралас оқыту жүйесі белсенді енгізілгелі жатыр.
«Оқытушыларды көтермелеу жүйесін енгізу, оқыту сапасын бағалау өлшемшарттарын жетілдіру, пікірталас платформаларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Шетелдік ЖОО профессор-оқытушылар құрамын ұсынады, өзінің оқыту әдістемелерін енгізеді, жергілікті оқытушыларды оқытады, зерттеулер жүргізеді. Шетелдік әріптестермен пәнаралық, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуды қамтамасыз етеді. Интернационалдандыру шеңберінде танылған органдар аккредиттеген, оның ішінде жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз етудің еуропалық тізіліміне кіретін ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының санын арттыруға ерекше назар аударылатын болады деп күтілуде», - делінген құжатта.
«КЕДЕЙЛІК ҚЫСҚАРАДЫ»
Ұлттық даму жоспарында әлеуметтік қолдау саласына жеке блок берілген.
Қазақстанда әртүрлі осал санаттағы азаматтарға төлемнің 40-тан астам түрі беріледі. Құжатты жазушылар «қабылданып жатқан шаралардың арқасында 2006 - 2022 жылдары абсолютті кедейлік деңгейі 18,2%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді» деп жазады. Қазір Қазақстанда 5 млн-ға жуық зейнетақы және әлеуметтік төлем алушы бар. 2029 жылы төлем алушылар саны 6 млн азаматқа жетеді деген болжам бар.
«Осы басымдық шеңберіндегі жұмыс әлеуметтік қолдау шараларын толық, атаулы және проактивті көрсетуге бағытталады. 2029 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі кешенді түрде проактивті нысанда ұсынылады. Бірқатар әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейту мәселелері біртіндеп пысықталады», - делінген жоспарда.
Мемлекет 2029 жылға дейін атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру үшін мұқтаждықты бағалап, әкімшілендіру тетіктерін жетілдіруді көздейді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-ті тағайындау үшін кедейлік шегі медиандық кіріс негізінде айқындалады.
Құжатта инклюзивті қоғам құрудағы басымдықтар айқындалған. Жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту көзделген. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру түрлерін кеңейтіледі. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдер үшін қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 70%-ға дейін, ең жоғары зейнетақы мөлшерін 100%-дан 120%-ға дейін сатылап жеткізу жалғасады. Ал ең төменгі жалақы мөлшерінің шамасына қарай есептелетін, мемлекет кепілдік берген ең төменгі зейнетақы мөлшерін енгізу жоспарда бар.
САРҚЫЛҒАН КЕНДЕР МЕН ӘЛСІЗ ГЕОЛОГИЯ
Ұлттық даму жоспарында мұнай мен газ өндірісі Қазақстан экономикасына қосатын жоғары үлесін сақтап отырғаны аталып өткен: 2022 жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы қосылған құны ЖІӨ-нің 11%-ын құрады, бұл ретте сектордың тауарлардың жалпы экспортындағы үлесі 50%-дан, инвестициялардың таза ағынында 40%-ға жуықтан асады.
«Жыл сайын Қазақстанда мұнай өндіру перспективалары үмітті ақтамай жатыр. Бүгінгі таңда өзекті болжамға сәйкес, ірі кен орындарындағы өндірістерді жаңғыртуды ескере отырып, өндірудің ең шарықтау деңгейі 2030 жылға дейін 104 млн тоннаны құрайды. Жұмыс істеп тұрған ірі кен орындарының ішінде өндірістің негізгі төмендеуі Қашағанға қатысты болжануда: 2021 жылғы өндірісінің ең жоғары күтілетін көлемі 2017 жылғы болжамнан 40%-ға қысқарды», - делінген құжатта.
Басқа кен орындарының едәуір бөлігі сарқылу үстінде. Мысалы, халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес 2030 жылға қарай «ҚазМұнайГаз» тобының бірқатар ірі компаниясы бойынша мұнай өндірісі деңгейі 15-30%-ға төмендеуі күтіледі.
Ұлттық даму жоспарында геологиялық барлаудың әлсіз екеніне назар аударылған. Сонымен бірше, Ұлттық жоспарды жазушылар елде шикізат тапшылығы қаупі барын ескертеді.
Жалпы ел экономистері мұнай экспортында Транскаспий және Қытай бағытынан үлкен үміт күтеді. Бүгін де Ақтау порты арқылы 2,2 млн тонна мұнай айдалса да, оның әлеуеті – 7 млн тонна. Ал Атасу - Алашанькоу мұнай құбыры арқылы (10 млн тонна транзитті қоса алғанда) жылына шамамен 11 млн тонна мұнай айдалады. Бұл ретте аталған мұнай құбырының техникалық мүмкіндігі жылына шамамен 17,5 млн тоннаны құрайды.
МҰНАЙ-ГАЗ МАҢЫЗЫН САҚТАЙДЫ
Ұлттық даму жоспарында 2029 жылға қарай мұнай-газ саласы экономика құрылымында өзінің маңызын сақтайтыны жазылған. Бұған мұнай өндірісінің өсіп, тауарлық газ өндіру көлемінің едәуір ұлғаюы ықпал етеді.
«Теңіз бен Қарашығанақта жоспарланған кеңейту жобалары салыстырмалы түрде төмен тәуекелдерге ие. Жаңа ірі нысандардың құрылысын қоса алғанда, жоғары инвестициялар Қашағандағы игеру жобасының кешігу немесе тоқтап қалу қаупіне себеп болады. Өндіріс көлемін 2030 жылға қарай күніне 700 мың баррельге дейін жеткізу үшін North Caspian Operating Company инвестицияларын растау орта мерзімді кезеңде басты мәселе болып отыр», - делінген құжатта.
Қашаған мен Қарашығанақта да газ өңдеу қуаттарын ұлғайту көзделген. Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр газды қайта өндеу жобасы салынып жатыр. Сондай-ақ, 2030 жылға қарай қуаты 2,5 млрд текше метр газды құрайтын газ өңдеу зауытын іске қосу күтіледі.
«Отынға деген артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету жұмыс істеп тұрған МӨЗ жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру, ішкі нарықта газ жеткізудің залалсыздығына сатылап қол жеткізу, сондай-ақ энергия тасымалдаушыларға сұранысты бақылау жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды талап етеді. Газ және мұнай өнімдеріне баға белгілеу реформасы және атаулы субсидиялауға көшу маңызды элемент болады», - делінген құжатта.
ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫН 77 ЖАСҚА ЖЕТКІЗБЕК
Дәл осындай сипатта Ұлттық даму жоспарында минералды-шикізат базасы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, өсудің жаңа нүктелері, көлік-логистика кешені, агроөнеркәсіптік кешен, инновациялар, цифрлық және креативті экономика, туризм, экономика мен қоғамның түпкілікті түрленуі, серпінді кәсіпкерлік орта құру, жаңа инвестициялық цикл, экологиялық орнықтылықты арттыру, тиімді мемлекеттік қаржы, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру бөлімдері жазылған. Барлығында әуелі саланың проблемалары жазылады да, сол мәселелерді реттеудің басымдықтары көрсетіледі.
Салық-бюджет саясаты арқылы 2029 жылы ЖІӨ-ге қатысты мұнай емес тапшылықты 5,5%-ға дейін біртіндеп төмендету жоспарда бар. Жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай 225 млрд АҚШ долларынан 450 млрд АҚШ долларына жеткізу, экономиканың нақты өсу қарқынында екі есе өсіру көзделген. Халықтың жан басына шаққандағы табысын 11 мың доллардан 21 мың долларға, өмір сүру ұзақтығын 74 жастан 77-ге жеткізу жоспарда бар.
«ҮЛКЕН БЮРОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰЖАТ»
Ulysmedia.kz тілшісі осы құжат жөнінде бірнеше экономиске хабарласты. Сарапшы Жарас Ахметов әуелі «кездейсоқ бәрі орындалып кетуі әбден мүмкін» дейді.
Жарас Ахметов/forbes.kz
«Әйтсе де, жоспарға жоспар ретінде қарайтын болсақ, ол әрине әлсіз. Өйткені ол бұрынғы құжаттарды қайталайды. Бұрын бес жылдық стратегиялық құжаттар бар еді. Қазір оның атауы – Ұлттық даму жоспары. Бұрын жұмыс істемеген құжаттар қалай дәл қазір іске аса қалады? – дейді ол.
Жарас Ахметов Ұлттық даму жоспарын – үлкен бюрократиялық құжат деп атайды. Оны мемлекеттік органдардың бәрімен келісіп, мақұлдау керек.
«Бәлкім, құжатты жазған адамдар бәрін дұрыс жазған шығар!? Алайда меморгандармен келісу үшін оны Үкіметке, Президент әкімшілігіне, министрліктердің бәріне кіргізді. Біреу түзеді, күзеді, қосты, алды – соның нәтижесінде осындай, аса мазмұны ерекшеленбейтін бюрократиялық құжат шықты. Әйтпесе, жан-жақты саланың проблемалары жақсы жазылған», - дейді ол.
«ТОҚАЕВТЫҢ БАҒДАРЫ»
Тағы бір экономист Сапарбай Жобаев құжатқа әріптесіндей скептикалық көзқарас танытпайды. Ұлттық даму жоспары стратегиялық құжатқа енетіндіктен, сарапшылар ондай құжаттарды міндетті түрде оқиды дейді ол.
Сапарбай Жобаев/ortalyq.kz
«Стратегиялық жоспарлар болу керек. Бұрын 2030-2050 жылдарға арналған деп шығарған едік. Сол кезде «кім бар, кім жоқ» деп күлген еді. Су мәселесі, кедейлікті төмендету, халықтың саны бойынша БҰҰ 3 мың жылдық жоспарды жасаған. Үндістан 2019 жылы «100 жылдық жоспарды» жасаған. Сондықтан, мұндай бағдарламалар бұрыннан бар. Ал 2029 жыл – қол созым жер. Президенттің өзі де 2029 жылға дейін болайын деп отыр. Өз жоспарымен жалпы ішкі өнімді көтереміз деді. Ал қайтіп екі есе көтереміз? 2025 жылғы бюджетті қабылдадық. Сол кезде 2026-2027 жылдың да болжамы қосылады. Сонда 2029 жылдың өзі жақындап қалды. Ол кезде ЖІӨ-ні қалай жеткіземіз – алда көрінеді», - дейді ол.
Сапарбай Жобаев негізгі бағыттарға, энергетика, халықтың тұрмысы, әлеуметтік жағдай бағыттарына үңілгенін атап өтеді. Бюджеттегі қазіргі күрделі мәселелерге назар аударады.
«Инфрақұрылым мәселесі өте қиын ғой. Кең дала бар. Күшіміз жетпей жатыр. Теміржолға көңіл бөліп жатырмыз. Келесі жылы Ұлттық қордан 5 трлн теңгеге жуық ақша алғалы жатырмыз. Біреулер «қашанғы ала бересің» деуі мүмкін. Бірақ теміржолды біреу салып бере ме деп күтіп отырамыз ба!? Мәселе сонда», - дейді сарапшы.
«БӘРІ ОСЫЛАЙ БОЛАДЫ» ДЕП ШЕГЕЛЕП ЖАЗУ ӨТЕ ҚИЫН
Сенат депутат Альберт Рау сөзсіз, құжат экономиканың барлық секторы мен әлеуметтік саладағы бойынша басымдықтарды нақты айқындағанын атап өтеді.
Альберт Рау/parlam.kz
«Жалпы, бәрі де ұғынықты деңгейде жазылған. Бәлкім, сандар аз шығар... ЖІӨ-нің екі есе өсетіні жайлы жазылды. Алайда бәрі де соған, халықтың жағдайын орнықты түрде көтеруге бағытталғандай көрінеді. Бәрі де мәселенің бәрі – детальда! Сол себепті қазір оны іске асыру жоспары әзірленіп жатыр. Бәлкім. Сол кезде нақтырақ айтуға болар. Әйтпесе, құжат жалпы қазір тек бағыт-бағдар береді. Ұлттық даму жоспарына дәл қазір тек осылай баға бере аламыз. Бұрындары жазылған құжаттарда «тек экономика жазылған, ал ішінде адамы қайда» деп сынайтынбыз. Қазір сын ескерілгенін байқаймыз», - дейді ол.
Депутаттың сөзінше, тәуелсіз Қазақстан тарихында да, басқа елдердің тарихы алдында да «нені қалаймыз?» және «оны қалай іске асырамыз?» деген сұрақ тұрады.
«Бұл мәселе қашан да күрделі. Әлемде болып жатқан үрдістерді есепке алғанда тіптен оңай емес. Бәрін «осылай болады» деп шегелеп жазу өте қиын. Жаңалықтардың өзі бір күнде ескіріп қалған заманда депутат үлкен құжат жазудың оңай болмайтынын атап өтеді. Әйтсе де, бір құжат бәрібір болуы керек дейді.
«Ол менің жұмыс үстелімде. Күн де қараймын. Неге? Өйткені қай саланы не күтіп тұрғаны жазылған. Ал қалғанын нақты сол уақытта туындаған жағдайларды ескере отырып, нақты бюджетке сүйене, жіті жазу керек», - дейді Альберт Рау.
«КӨЛІГІҢ ЖҮРМЕЙ ТҰРСА – ЖӨНДЕУГЕ ӨТКІЗ»
Экономист Айдархан Құсайынов Ұлттық даму жоспарына мүлде сенбейді. «Жұмыс істемейтін құжат» деп атайды.
Айдархан Құсайынов/ашық дереккөзден
«Бұл мүлде жұмыс істемейді! Ставка сияқты. «Бәрі жақсы болады» деген әңгіме. Біріншіден, мұның бәрі бір кездері жазылғаны түсінікті. Өйткені бүкіл құжат – ертегі. Бізге «жақсы өмір сүреміз» дейді. Ол үшін спортпен айналысып, тауға шығып, әр таңда күлімдеп жүреміз дейді. Сізге біреу «жақсы өмір сүретін боламыз» десе, сенесіз бе? Сол сияқты «бұл жерде сәл әкімшілік тұсын өзгертсек болды – өнеркәсіп орнынан тік көтеріледі» делінген. Бұл болмайтын әңгіме. Ол жерде нақты әрекет жоқ – әңгіме ғана», - дейді экономист.
Айдархан Құсайынов жоспардың іске асырылуын жүрмей тұрған көлікке теңейді.
«Егер көлігің 10 жылдан бері жүрмей тұрса, дұрыстап тұрып оған қарасақ – жүріп кетеді деп ойламау керек. Сен себебін тап та, жөндеуге өткіз, иә, бір апта көліксіз жүретін шығарсың, бірақ бір күні жүргізерсің. Міне, жоспар деген осы!» – дейді ол.
Айдархан Құсайынов жоспар жобасы талқыланған отырыстардың бірінде болып, осы сөзін сол жерде де айтқанын еске алады. Құжатта жазылғанды бұрынғы құжаттардың көшірмесі іспеттес дейді.
«ЖОСПАРДЫ ӘРЕКЕТПЕН ШАТАСТЫРМАУ КЕРЕК»
Экономист, AERC бас директоры Жәнібек Айғазин бірінші кезекте Ұлттық даму жоспары – стратегиялық құжат екенін атап өтеді. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес, бұл деңгейі жоғары құжат.
Жәнібек Айғазин/aerc
«Бізде 2050 жылға арналған стратегия бар. Алайда 2029 жылға арналған жоспар 2050 жылға дейінгі стратегияның ұзақ мерзімді мақсаттарын ескеріп отыр. Ұлттық даму жоспары – орта мерзімдегі нұсқаларды көрсетеді. Президенттің мандаты да осы құжаттың уақытын қамтиды. Қазіргі президенттің сайлау алдында берген уәделері осы жоспарда көрсетілген», - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, құжат экономикалық өсім арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді көздейді. Жұмыс орындарып ашып, салық түсімін арттыруды жоспарлайды. Жәнібек Айғазин бұл стратегиялық құжаттың орындалу барысы өзінен кейінгі құжаттарда – министрліктердің даму жоспарларында ашық жазылуы керектігін атап өтеді. Яғни, стратегиялық жоспарлау бөлінген бюджетпен интеграцияға түсіп, әрекеттер жоспарына айналады.
«Үкімет белгілі бір уақыттан кейін тиісті жол картасын немесе әрекет жоспарын жариялайды. Көп адам әлбетте, «бұған қол жеткізу мүмкін емес», «логикаға сыймайды» немесе «нақты сектор неге жазылмаған?» деп сын айтады. Бірақ менің айтарым – бұл әрекет жоспары емес, тек жоспар, стратегия. Мұны шатастыруға болмайды. Жылдық бюджет секілді тактикалық құжаттарды стратегиялық мақсаттардан бөле қарау керек», - дейді ол.
Жәнібек Айғазин мемлекеттік органдар осы құжат шеңберінде бюрократияны қысқартып, құжаттардың қайталануын азайтуы керек деп есептейді. Осы уақытқа дейін қаншама жоспарлы құжат жарияланып, бір-бірін көбі қайталағанын айтады. Стратегиялық жоспар көп елде барын, нақты кейінгі жол карталары – осынау стратегиялық құжаттың іс жүзіне айналған түрі болатынын атап өтеді. Ұлттық даму жоспарында елдің ұзақ мерзімді жоспарымызға қайшы келмейді дейді.