Moody's: несие рейтингіндегі тарихи жетістік және шынайы өмірдегі қарама-қайшылық

Ulysmedia

9 қыркүйекте Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі несие рейтингінде Қазақстанның Baa2 деңгейінен Baa1 деңгейіне көтерілгені туралы хабарлады. Қазақстан бұл рейтингте осыған дейін Ваа1 деңгейіне жетіп көрмеген. Сондықтан бұл жаңалық Қазақстан үшін маңызды әрі  тарихи десек те болады.

сурет ашық дереккөзден

Moody's АГЕНТТІГІ ЖАЙЛЫ

Moody's — бұл халықаралық кредиттік рейтинг агенттігі, ол әртүрлі елдер мен компаниялардың кредит қабілетін бағалайтын және талдайтын ұйым. Moody's компаниясы қаржы және инвестиция әлемінде маңызды рөл атқарады, себебі оның рейтингтері инвесторларға белгілі бір елдің немесе компанияның қаржылық тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Жоғары рейтинг – елдің не ұйымның қаржылық тұрақтылығын және қарызды төлеу қабілетін білдіреді, ал төмен рейтинг риск жоғары екенін көрсетеді.

Moody’s ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕЙТИНГІН НЕ ҮШІН КӨТЕРДІ? ҚЫСҚАША...

Moody’s сарапшыларының айтуынша, бұл өзгерістер елдегі институционалдық және саяси ортаның нығаюы, табысты реформалар жүргізу және экономиканы диверсификациялау арқылы тұрақтылықтың артуы арқылы мүмкін болып отыр. Moody’s-тің пікірінше, ел экономикасына кері әсер ететін факторлар - геосаяси жағдайдың нашарлауы мен екінші реттік санкциялардың болу ықтималдығы, сондай-ақ ішкі саяси тұрақсыздықтар аталған халықаралық несиелік рейтингтің алдағы көрсеткіштеріне теріс әсер етуі мүмкін.

БАСҚА АГЕНТТІКТІҢ ЕСЕБІ БҰҒАН ҚАРАМА-ҚАЙШЫ

Беделді халықаралық рейтинг агенттігінің осындай оң бағасын алу қай елге болмасын абырой екені күмәнсіз. Алайда жақында жарияланған S&P Global несиелік рейтингінде Moody’s-тің қорытындыларына қарама-қайшы келетін тұстар да жоқ емес. S&P несиелік рейтингі бағалауы бойынша Қазақстан көрсеткіші төмен болғанымен (BBB-), агенттік ел экономикасындағы бірқатар негізгі мәселелерді атап өткен екен. Бір қызығы, олар Moody’s-тің талдауында кездеспейді. Әсіресе, мемлекеттік органдар да, сарапшылар қауымы да бірауыздан мойындап отырған фискальды саясаттағы кемшіліктер туралы.

Moody’s-тің УӘЖІ: МҰНАЙҒА ТӘУЕЛДІЛІК АЗАЙДЫ, ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС, ТАҒЫ БАСҚАСЫ. КЕҢІРЕК...

Қазақстан үкіметінің ұлттық және шетел валютасындағы эмитенті рейтингі, басқаша айтқанда, мемлекеттік несиелік рейтингі Baa2-ден Baa1 деңгейіне көтерілгенін жоғарыда атап өттік. Рейтингте көтерілуге әсер еткен факторларды атап өтейік (Moody’s баяндамасына сәйкес):

- Экономиканың мұнай секторына тәуелділігі биыл айтарлықтай төмендеді: агенттік бағалауы бойынша, соңғы онжылдықта мұнайдан өзге сектордың үлесі 75%-дан 84%-ға өсті. Соңғы жылда ІТ, транспорт және өңдеу өнеркәсібінде үлкен прогресс байқалады. Транспорт және логистика саласында позитивті болжамдар бар, әсіресе Транскаспий халықаралық транспорттық бағыты арқылы жүк тасымалдары көлемінің артуы мен Ресейден бөлек жеткізу тізбектерінің (логистика) пайда болуы да әсер етті.

- Украинадағы әскери қақтығыстың салдарынан сауда және инвестициялық ағымдардың Қазақстанға бағытталуы экономиканы одан әрі әртараптандыруға көмектесті. Сондай-ақ шикізат экспорттаушы басқа елдерге қарағанда Қазақстанды тиімді позицияға шығарды.

- Ештеңені жасырмай, ашық болу, сыбайлас жемқорлықпен күресу, басқару принциптерін жетілдіру секілді институционалдық реформалар жүргізілуде. Moody’s атап өткендей, Қазақстан – Еуропа кеңесінің (ГРЕКО) жемқорлықпен күресетін елдер тобына кіретін Орталық Азиядағы жалғыз ел.

- Қарыз деңгейінің төмен болуы және несиелік ресурстарға жоғары қолжетімділіктің арқасында фискалдық  көрсеткіштер тұрақты болып тұр. Агенттік сарапшыларының пікірінше, жаңа Бюджет Кодексі қазынадан қаржыландыруды енгізу арқылы бюджет саясатының есеп берушілігін және тиімділігін арттырады. Агенттік Жаңа Салық Кодексі дифференцияланған корпоративтік салық жүйесі енгізіледі және салықтық жеңілдіктер қысқарады деп үміттенеді. Сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялау бейресми секторды қысқартуға және салықтық базаны кеңейтуге ықпал етеді.

- Ұлттық қор активтерінде едәуір фискалдық буферлер бар, 2024 жылдың шілдесінде олар $61,1 миллиардты құрады және Moody’s баяндамасына сәйкес, алдағы бірнеше жылда (мұнай өндіру көлемінің артуы есебінен) өсуі тиіс. Бұл алдағы сын-қатерлер кезінде фискалдық икемділікті қамтамасыз етеді. Агенттік орта мерзімді перспективада республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5-3% деңгейінен аспайды деп болжам жасады.

S&P УӘЖІ: БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ, ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ЖҮГІНУ...

Жоғарыда аталған барлық фактор бұрынғы реформалар мен экономиканың ағымдағы жағдайына және болашақ сценарийлерге позитивті қарайды. Дегенмен, бұл факторлар елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өзгермелілігін, әлемдегі ең жоғары нақты пайыздық мөлшерлемелерді және бюджеттік дағдарыс туралы жалғасып жатқан пікірталастарды ескергенде, тым оптимистік болып көрінеді. Біздің пікірімізше, жақында жарияланған S&P-тің осыған ұқсас баяндамасы бұл мәселеде әлдеқайда толық және объективті сияқты.

Біріншіден, S&P экономиканың негізгі өсу көзі мұнай секторы екендігін атап өткен, бірақ сонымен қатар мұнайға тәуелділік, елдегі экономиканы диверсификациялауға қарамастан, Қазақстан экономикасының осал тұсы болып қала береді дейді олар. S&P жақын арада Қазақстан экономикасында құрылымдық оң өзгерістер бола қоятынына сенбейді.

Екіншіден, S&P баяндамасында елдің фискалдық саясатына үлкен көңіл бөлінеді, негізгі мәселелерге - мемлекеттік шығындардың өсуі және мұның жаман дәстүрге айналуы, бюджеттік тапшылықты жабу үшін жоспарланбаған трансферттерді көбірек алу, салық түсімдерінің аз болуы, бюджеттік тапшылықтың өсу қаупі жатады. Өкінішке қарай, Moody’s баяндамасында осы мәселелерге назар аударылмаған. Moody’s аналитиктері елде фискалдық саясаттың күрделі мәселелері жоқ деп есептейді, ал мемлекеттік қарыз деңгейі мен бюджеттік тапшылық төмен деп санайды. Біз елдің бюджет саясатының проблемалары, атап айтқанда оның циклдылығы, болжамдардың әлсіздігі, үздіксіздігі және трансферттердің өсуі сияқты мәселелер өте маңызды екенін және олар жүйелік сипатқа ие болуы мүмкін деп санаймыз. Бұл мәселелер мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығы тарапынан мойындалып, көптеген алаңдарда тиімді шешімдерді әзірлеу мақсатында талқылануда.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАНДАЙ РИСКТЕР БАР?

Moody’s баяндамасында негізгі тәуекелдер ретінде аймақтық геосаяси тәуекелдер мен екінші реттік санкциялар аталған. Сонымен қатар әлеуметтік толқулардың елге шетелдік инвестициялар мен ұзақмерзімді экономикалық перспективаларға теріс әсер етуі мүмкін ішкі тәуекелдер де сақталады. Біз геосаяси тәуекелдер туралы пікірмен келісеміз, бірақ бұл мәселе туралы толық түсіндіру болған жоқ. Біздің пікірімізше, сондай-ақ S&P-тің пікірінше, негізгі геосаяси тәуекелдер мұнай секторымен байланысты, атап айтқанда КТК арқылы мұнай тасымалдау тәуекелімен байланысты. Екінші реттік санкциялар туралы айтқанда, мұндай тәуекелдің бар рас болса да, Қазақстанда санкциялық комплаенс енгізілуде, әсіресе банктік секторда, біз оны басты тәуекел деп есептемейміз.

Рейтингке теріс әсер етуі мүмкін факторлар арасында Moody’s мұнай өндіру мен экспорт көлемінің төмендеуі, мұнай бағаларының төмендеуі, оны түзету едәуір қиын болатындығын атап өтеді. Сонымен қатар, институционалдық реформалардың баяулауы немесе табиғи ресурстарды өндіруде үзілістерге әкелуі мүмкін әлеуметтік толқулар рейтингті немесе болжамды нашарлатуы мүмкін.

Мәдина Кабжалялова – «Halyk Finance» Аналитикалық орталығы