Аукцион: екінші деңгейлі қай банктер сатылымға шығарылады

Сырым Қаржас

Еліміздегі банк саласында үлкен өзгерістер болғалы жатыр. Соған қарағанда, билік банкирлерге жылы-жылы сөйлесең, түсінбейтінін, оларға қабағы қату саясат ұстану керектігін түйсінген секілді. Мемлекет басшысы осыған дейін тұтынушылық несиемен қалтасын қампайтып, ел экономикасына несие беруге келгенде қырын қарайтын банктерді қолдауды тоқтатамыз деген еді. Биыл 2 қыркүйекте жасаған Қазақстан халқына жолдауында да осындай ескерту жасады. Олардың орнына шетелдік корпоративтік банктерді нарыққа шақырамыз деп соңғы рет ескертті. Банк саласындағы реформалар жайдан-жай жасалынбайды, алдымен, заңдық негізі жасалып, тиісті заң қабылданады. Қолданыстағы заң отыз жылдан бері жаңартылмаған. Толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп жатса да, қазіргі заман талабына, мемлекет мүддесіне сай келмейді. Ал мемлекет мүддесі – халық мүддесі.

Алайда мәселе бұдан да тереңірек. Ulysmedia.kz-ке жақын инсайттардың айтуынша, екінші деңгейлі банктердің иелері де ауысады. Біз бұл өзгерістер қандай банктерді қамтитынын зерттеп көрдік.

Ulysmedia коллажы

БАНК САЛАСЫНДАҒЫ ТРАНСФОРМАЦИЯ

Қазақстанның қаржы нарығында 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Бұл 2024 жылдың 1 тамызына дейінгі дерек. Олардың арасында 8-і еншілес банк. Тек 2-уі ғана 100 пайыз мемлекет үлесінде.

“Береке банк” АҚ-ын (бұрын ресейлік Сбербанктің иелігінде болған) катарлық бизнесмендер сатып алмақшы болып жатқаны ешкімге жаңалық емес.  Катарлық Lesha Bank қазақстандық Bereke Bank-ті толығымен сатып алады. Елдер арасындағы тиісті келісім мәжіліс мақұлдауынан өтіп, Сенатқа жолданды.

Бұдан бөлек, Kaspi.kz иелерінің бірі Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновтен Jusan Bank-ті сатып алғалы жатыр деген ақпарат БАҚ-та тез тарады. Егер бұл келісім іске асса, онда Вячеслав Ким Jusan Bank-тің акция пакеттеріне иелік етеді.

Дегенмен сату-сатып алу туралы келісім болмай қалды деген де ақпарат жоқ емес, соған қарағанда банк активтерін басқа инвестор алған болуы мүмкін. Бұл ақпаратқа қатысты әзірге ешқандай тарап пікір білдірмеді. Тек 18 қыркүйекте Jusan Bank акцияларының басым көпшілігіне ие Ғалымжан Есенов Директорлар кеңесінің құрамынан шығып кеткені туралы белгілі болды.

– Банктің ірі акционері Ғ.Есеновтың директорлар кеңесінің құрамынан шығу туралы шешімі корпоративтік басқарудың үздік әлемдік тәжірибесіне сәйкес келеді, яғни инвестор банктің басқару ісіне араласпайды, – деп атап өтті Jusan Bank.

Бұл Jusan Bank-те өзгерістер болатынына дәлел ме, әлде кезекті техникалық шаралар ғана ма, әзірге әліптің артын бағу керек.

Өзгерістер тағы кімдерге қатысты болады?

Өзгеріс болады-ау деп күтіліп отырған тек жоғарыда аты аталған банктер ғана емес. Ulysmedia.kz-тің инсайтының айтуынша, Bank RBK, Home Credit Bank және «Нұрбанкті» де осындай өзгерістер күтіп тұр. Нақ осы үштік келесі аукционда сатылымға шығарылады. Мұндай өзгерістер әрі саяси, әрі экономикалық тұрғыдан жасалып жатқанға ұқсайды.

Еске салайық, Bank RBK-нің қожайыны – елге кеңінен танымал, “Қазақмыс” пен “Қазминералстың” бас акционері, олигарх Владимир Ким.

Фото: Андрей Лунин / Forbes

Белгілі бір ортада Кимді “Назарбаевтың әмияны” деп атайды. Банк саласындағы реформа осындай себептермен де жасалуы әбден мүмкін.  “Нұрбанктің” басым үлесі Эльдар Сәрсеновтің еншісінде. Ол Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның іскерлік әріптесі Рашид Сәрсеновтің ұлы.

Home Credit Bank акциялары чех кәсіпкері Иржи Шмейц басқаратын PPF халықаралық инвестициялық-қаржылық корпорациясының топ-менеджментіне тиесілі. Дереккөздің айтуынша, чех бизнесмендеріне Қазақстан нарығы «қызықсыз» болып қалған, сондықтан банктің акциялары сатылуы мүмкін.

Фото: Андрей Лунин / Forbes

Банктердің сатылымға шығуына тағы бір себеп ретінде олардың бәсекеге шыдай алмауын жатқызуға да болады. Олар беделі күннен-күнге өсіп келе жатқан Kaspi-мен әділ нарықта бәсекелесуге тайсақтайтын секілді.  

Банктерді реттеу жұмыстары қатаңдатыла ма?

Отандық банктердің ауадан ақша жасайтын заманы осымен аяқталатын шығар.  Билік бүгінде қазақстандық банктер жер асты ресурстарына бай мемлекеттердің арасында ең бақуатты күй кешіп жатқанын, енді екінші деңгейлі банктерге әділ салық салудың уақыты келгенін ашық айтуда.

Ұзақ уақыт бойы Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін ұстанған жоғары базалық мөлшерлеме саясаты банкирлер үшін ақша табудың жақсы құралы болды, ал мемлекеттен миллиардтаған доллар қаржы құю олардың ең қиын кезеңдерде де шалқып жүруіне мүмкіндік берді.

Осыған қарамастан, банктер биліктің экономиканың нақты секторын несиелендіру қажеттілігі туралы өтініштерін іс жүзінде елемеді және қаражаттарын тұтынушылық несиелендіруге құюды жалғастырды, осылайша елдің қаржы жүйесі дағдарысқа ұшырау алдынды тұрды, қазақстандықтардың банктер алдындағы қарыз жүктемесі биліктің бас ауруына айналды.

Жақында Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке «Банктер туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырған мемлекет басшысы банктердің төлейтін салықтары олардың акционерлерінің дивидендтеріне пропорционалды болуы керектігін айтқан еді.

Сондай-ақ Ұлттық банк жаңа заңда екінші деңгейлі банктерге экономиканы несиелендіруді ұлғайтуды міндеттемек. Мәселен, бұған дейін Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ведомствоның банк кірістерінің әрқайсысына бөлек сараланған (дифференияланған) КТС (корпоративті табыс салығы) мөлшерлемелерін енгізуді ұсынғанын мәлімдеді.

“Банктің бизнесті несиелендіруден тапқан табысына КТС төмен мөлшермен, тұтынушылық несиелендіруден тапқан табысына КТС жоғары мөлшермен алынады” деген өзгерістер енуі керек. Сонда банктердің халыққа беріп жатқан несиелері өз қалталарына да біраз салмақ түсіреді. Жаңа заң 2025 жылы әзірленеді деген жоспар бар.

Ulysmedia.kz осы саладағы оқиғаларды жіті бақылауға ұстайды.