1,3 млрд теңге бонус: Ұлттық банк басшылығының жалақысы 60% өсті

Ілияс Бақыт

Қазақстанда қарапайым еңбек адамдарының жалақысына арагідік тиын-тебен қосылса, ұлттық компаниялар мен банктер басшыларының сыйақысы жыл сайын миллиондап өседі.

Айталық, Ұлттық банк топ-менеджерлерінің табысы өткен жылы 62%-ға көбейген. Бас банктің тізгінін ұстап отырғандардың шотына бір жылда 1 млрд 379 млн теңге аударылыпты. Бұл – әлдекімнен естіген сыпсың дерек емес, Ұлттық банктің жария есебінде көрсетілген мәлімет.

Ulysmedia коллажы

ҰЛТТЫҚ БАНК ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТ АТҚАРАДЫ

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi» туралы заңға сүйенсек, Ұлттық банк – Қазақстан Республикасының орталық банкi және елдегі банк жүйесiнiң жоғары деңгейі. Мекеме мемлекет басшысына тікелей бағынады және есеп береді, оның құрылымын және жалпы штат санын президент бекітеді. Ұлттық банкке мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу міндеттері жүктелген.

Ұлттық банк басшысын Сенат келісімімен президент 6 жыл мерзімге тағайындайды. Қазіргі төраға Тимур Сүлейменов бұл қызметке 2023 жылдың 4 қыркүйегінде тағайындалды. Қаржы саласының тісқаққан маманы. Әр жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Экономикалық даму және сауда вице-министрі, Бүкіләлемдік банктің Қазақстан бойынша басқарушысының орынбасары қызметтерін атқарған. Ұлттық экономика министрлігін 2 жыл басқарды. Бас банк тізгінін алғанға дейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды.

1,4 МЛРД ТЕҢГЕ КІМДЕРДІҢ ҚАЛТАСЫНА ТҮСТІ

Құжатқа сүйенсек, елдің орталық банкіндегі басшылардың табысының өсу қарқынына көз ілеспейді. 2021 жылы олардың жиынтық сыйақысы 813 млн теңге болса, 2022 жылы 949 млн теңгеге жеткен. Ал 2023 жылы тіпті 1,4 млрд теңгеге жуық еңбекақы алған. Ұлттық банкке бағынышты ұйымдардың басшылары да табысын миллиондармен есептеп үйренген.

Сүлейменовтің 5 орынбасары бар. Оның біреуі банктің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігін басқарады. Өзге төртеуі – басқарма мүшелері: Ақылжан Баймағамбетов, Әлия Молдабекова, Данияр Вагапов, Берік Шолпанқұлов. Сондай-ақ, Ұлттық банк басқармасының 9 мүшесінің қатарында президенттің кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, Қаржы министрі Мәди Тәкиев бар.

Басқармадан бөлек, Ұлттық банктің басқару органдарының құрамына Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет пен Директорлар кеңесі енеді.

Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет базалық мөлшерлемені белгілейді, ақша-кредит саясатының негізгі операциялары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілейді,Ұлттық банк басқармасының айрықша құзыретіне жатпайтын ақша-кредит саясатының өзге де мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды. Комитетті банк төрағасы, яғни Сүлейменовтің өзі басқарады. Комитетке оның үш орынбасары және 5 департамент директоры мүше.

Ал Директорлар кеңесі – Ұлттық банктің жедел басқару органы. Кеңес құрамын банк төрағасы бекітеді. Директорлар кеңесі банктің орталық аппараты бөлімшелерінің, оның филиалдары мен өкілдіктерінің құрылымын, сондай-ақ еншілес ұйымдардың жарғыларын бекітеді, Ұлттық банктің ішкі аудит және қауіпсіздік бөлімшелерінің есептерін қоспағанда, орталық аппараты бөлімшелерінің, филиалдарының және өкілдіктерінің істелген жұмысы туралы есептерін тыңдайды. Сондай-ақ, банктің ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру, атауын және құқықтық мәртебесін өзгерту, жарғылық капиталын ұлғайту не азайту, тарату және иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды.

Директорлар кеңесінің құрамына төраға мен оның 4 орынбасары және банктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, нақтырақ айтқанда 20 департаментінің басшылары – барлығы 25 адам кіреді.

ТӨРАҒА НЕ ДЕП ЕДІ

Топ-менеджменттің жиынтық сыйақысы туралы ақпарат арқылы компаниялардың негізгі басқару персоналына жұмсайтын сомаларының динамикасын көргенімізбен, қай басшы қанша жалақы алатынын біле алмаймыз. Ұлттық банк те, оның еншілес ұйымдары да ондай дерек ұсынуға міндетті емес. Бас банктің баспасөз қызметіне сұрау жолдап, бір білгеніміз – жоғарыда көрсетілген сомаға топ-менеджерлердің айлық жалақысы, мерекелерге, түрлі деңгейдегі жетістіктерге орай алатын сыйақысы, іссапар төлемдері – қысқасы, жеке шотына аударылған бүкіл қаражат кіреді.

Жуырда төраға Тимур Сүлейменов елдегі ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдірген-ді.

«Қазақстанда ең төменгі жалақы өсіп келеді: 5-6 жыл бұрын ол жалпы алғанда 28 500 теңге болса, кейін біртіндеп өсті. Сондықтан ең төменгі жалақы өсіп жатыр, ары қарай өсуі керек, біз оны көтеруіміз керек. Бірақ жалақы өскен сайын еңбек өнімділігінің де өсуін қамтамасыз етуіміз керек», - деді ол.

Былайғы жұрттың жалақысы еңбек өнімділігіне сай болуын талап еткен Ұлттық банк төрағасы қоластындағылардың табысы неге сүйеніп өсіп жатқанын түсіндіре алатын шығар.

БАС БАНККЕ ҚАРАСТЫ БАСҚА ҰЙЫМДАРДА ЖАЛАҚЫ ҚАЛАЙ ӨСТІ

Ұлттық банкке қарасты ұйымдар мен еншілер кәсіпорындар саны – 9. Жалақыны жаппай өсіру науқанынан олар да қалыс қалмаған.

Мәселен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жетекшілерінің жалақысы 56%-ға өсіп, 190 млн теңгеге жеткен. Қысқаша Kdif деп аталатын қордың төрағасы  Әділ Өтембаев. Оның үш орынбасары бар.

Мемлекеттік кредиттік бюро басшыларының жылдық табысы да бірден 50%-ға артып, 154 млн теңгені құрады. Ол жердің Басқарма төрағасы Линара Әнуарбекова.

Ұлттық банк 47 пайыз үлесіне иелік ететін KASE басшыларының еңбекақысы 2022 жылы 248 млн теңге болса, былтыр 402 млн теңгеге дейін өскен. Мекеменің Басқарма төрағасы Алина Алдамберген. Оның 4 орынбасары бар. Директорлар кеңесіне 10 адам кіреді.

P.S: Ұлттық банк басшылары ғана емес, ұлттық компаниялар жетекшілерінің сыйақысы да ондаған миллионға жетеді. Бұған олардың өздері жариялаған жылдық есебі дәлел. Ulysmedia.kz әрқайсына жеке тоқталып, қай компания басшыларына қанша жалақы төленгенін жазған еді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма мүшесі орта есеппен 43,2 млн теңге сыйақы алса, KEGOC басшыларына шамамен 52,5 млн теңге, «ҚазАтомӨнеркәсіп» топ-менеджерлеріне 91,3 млн теңге төленген.

Экономикалық сарапшы Олжас Құдайбергеновтың пікірінше, мұндай мәселелерді талқылау кезінде бір этикалық нюанс бар – егер басқармада немесе директорлар кеңесінде отырған адал адамның арқасында ұрлық азайып, пайда өссе – мұндай адамға қомақты сыйақы төлеу орынды. Маман қомақты сыйақы төлеу тәжірибесі мемлекеттік секторға адал мамандардың келуіне жол ашады немесе, керісінше, олардың жеке секторға кетуіне тосқауыл қояды деп есептейді.