Кедейлік, білім деңгейі және жыныстық сауат: 16 жаста отбасын құрғандар қай өңірде көп

Ілияс Бақыт

Қазақстанда соңғы жылдары кәмелетке толмаған ұл-қыздардың некелесуі жиіледі. Бұған ұлттық статистика бюросының дерегі дәлел. Былтырғы көрсеткіш сәл төмендегенімен, оған дейін жыл санап өскен. Буыны бекімеген бозбалалар мен оң-солын танып үлгермеген қыздардың отбасын құруға асығуына не себеп? «Он үште отау иесі» деген көнерген тәмсіл жаңа заманның қаталдау талаптарына қайшы емес пе? Бесіктен белі шықпай жатып үйленіп, оқу-тоқудың орнына тұрмыс күйттеуге кіріскендер ұлтты ұшпаққа шығара ала ма?

Ulysmedia/ЖИ

ЮНИСЕФ дерегі бойынша, әлем бойынша 650 миллионнан астам әйел ерте тұрмыс құрған. Жыл сайын кем дегенде 12 миллион қыз кәмелетке толмай күйеуге шығады. Яғни, әр минут сайын 28 қыз. Дамуы артта қалған елдерде бұл көрсеткіш тіпті жоғары: қыздардың 40%-ы 18 жасқа дейін, ал 12%-ы тіпті 15 жасқа толмай тұрмысқа шығады. Бұл тәжірибе әсіресе қақтығыстан көз ашпайтын және гуманитарлық дағдарыс жағдайындағы мемлекеттерде кең таралған.

Соғыс пен аштықтан аман болғанымызбен, біздің елдегі статистика да көңіл көншітпейді. Соңғы 5 жылда кәмелетке толмай отау құрғандар саны айтарлықтай өскен. Мәселен, 2019 жылы 16-18 жас аралығындағы 7406 қыз тұрмысқа шықса, 2022 жылы кәмелетке толмаған 8502 қыз некеге тұрған. Мектеп бітірер-бітірместен шаңырақ көтерген бозбалалардың саны да артты. 2019 жылы елімізде 750 жігіт үйленсе, былтыр бұл көрсеткіш 901-ге жетіп жығылды.

Өңірлер бөлінісіне келсек, қыздардың ерте тұрмысқа шығу статистикасы жөнінен Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары «үздік» үштікке енеді. Түркістан облысында 2023 жылы 18-ге толмаған 1332 қыз күйеуге шықса, Жамбылда – 886 қыз, Алматы облысында 688 қыз тұрмыс құрған. Ұлытау облысындағы көрсеткіш жалпы республикалық статистикадан біршама төмен: онда былтыр 16-18 жас аралығындағы 116 қыз некеге тұрыпты.

Ал кәмелетке толмай үйленген бозбалалар саны жөнінен Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Аймақта 2019 жылы 74 жігіт ерте шаңырақ көтерсе, былтыр 119 бозбала үйленген. Сондай-ақ, өткен жылы Алматы облысында – 74, Солтүстік Қазақстан облысында 69 ұл балиғатқа жетпей күйеужігіт атанған.

ЖАТ ЖҰРТТЫҢ ЗАҢЫ – ЗАҢ, БІЗДІКІ...

Әлем елдеріндегі статистикаға көз салсақ, кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беру дерегі көбіне Африкада тіркеледі екен. Одан кейінгі кезекте Оңтүстік Азия, Латын Америкасы елдері тұр. Кейбір дамыған елдер ерте некенің зиянын бағамдап, күрес жүргізуді бастап кеткен. Айталық, көршілес Ресей Федерациясында неке құру жасын 21-ге ұзарту туралы мәселе талқыланған. Швеция елінде кәмелеттік жасқа толмағандардың некелесуіне қандай жағдай болмасын мүлдем рұқсат берілмейді екен. Ал біздің елімізде жасөспірімдердің шаңырақ көтеруіне заң бойынша тыйым салынғанымен, оның жеңілдіктері де қоса қарастырылған. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс бойынша елімізде неке қию жасы – 18 жас. Бірақ заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – қыз жүкті болғанда, екіншісі – ортақ бала туған кезде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, жыл сайын әлемде балиғатқа толмаған 16 миллион қыз жүкті болады. ДДСҰ жариялаған статистиканың көшбасшылары қатарында Қазақстан да бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы 18 жасқа толмаған 2105 қыз жүкті болды. Жүкті қыздар көбіне Түркістан, Маңғыстау мен Алматы облыстарында тіркелген. Мәселен, Маңғыстау облысында былтыр аяғы ауыр 193 жеткіншек есепке алынды.

Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Дәрігерлердің айтуынша, тек 19 жасқа толған қыздың денесі жеткілікті түрде қалыптасқан және бала көтеруге, тууға толық дайын. Ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70%-ы жасанды түсік жасап, 15%-ы түсік тастайды. Қыздардың тек 15%-ы ғана айы-күні толып, сәбилерін аман-есен босана алады.

Тағы бір алаңдатарлық жайт, Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе көп. Мысалы, өткен аптада Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы  Шәкизат Халықова жариялаған дерекке сүйенсек, биылғы 9 айда 257 жеткіншек құрсағындағы шаранасын алдыртқан. Аборттың соңы бедеулікке, түрлі айықпас дерттерге ұласуы ғажап емес. Денсаулықтан айырылатыны өз алдына, ерте жүкті болған, жасанды түсік жасатқан жасөспірімдер әдетте оқшауланып, қоғамнан алшақтайды. Білім алмайды, интеллектуалды дамуы тоқтайды. Сала мамандарының балаларға жыныстық тәрбиені 12 жастан бастап жүйелі, сауатты түрде жүргізу керек деп дабыл қағатыны сондықтан.

ЕРТЕ НЕКЕ – ЗОРЛЫҚШЫНЫ АҚТАУ АМАЛЫ

Қазақстанда жасөспірімдер некесінің бәрі жеткіншектердің ақымақтығы немесе албырттығы нәтижесінде құрылады десек, әсте қателесеміз. Кей жағдайда неке жыныстық сипаттағы қылмыстарды бүркемелеп, жауапкершіліктен жалтару тәсілі ретінде қолданылатыны жасырын емес. Мәселен, қылмыскердің жақындары зардап шеккен қыздың ата-анасының аузын жауып, істі полицияға жеткізбеу үшін қомақты ақша ұсынады, апыр-топыр екеуін үйлендіреді. Осылайша құқыққорғау органдарына зорлау дерегі бойынша арыз түспейді, қылмыс ресми статистикалық деректерге енбейді.

ІІМ дерегінше, кейінгі он жылда кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар 3 есеге жуық азайған. Дей тұрғанмен, оның үштен бір бөлігі жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар екенін баса айтқан жөн. Мектеп оқушыларын зорлау деректері көбейген соң жыл басында Тоқаев жазаны қатаңдатуды тапсырды. Сәуірде заңға түзетулер енгізіліп, жасөспірімдерге қатысты қылмыстың зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық сияқты түрлері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Сондай-ақ, тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыс жасалғанын біле тұра жасырғандарды бұдан былай 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы күтіп тұр.

ПРОБЛЕМАНЫҢ БӘРІ МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМГЕ КЕЛІП ТІРЕЛЕДІ 

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабектің пікірінше, елдегі көп проблема секілді ерте некелесушілердің көбеюі де экономиканың дамуы мен білім деңгейіне келіп тіреледі.

«Қыздардың кәмелетке толмай тұрмысқа шығуына қандай факторлар әсер етеді дейтін болсақ, ең алдымен экономикалық жағдайды айтуға болады. Экономикалық дамуы төмен, кедейлік деңгейі жоғары елдерде ерте күйеуге шығу көп кездеседі. Жұмыссыздықтан, жоқшылықтан қажыған отбасылар қызын ертерек тұрмысқа беруді тығырықтан шығу жолы ретінде қарастырады», – дейді маман.

Әлеуметтанушы тарқатқан екінші фактор – білім деңгейі.

«Дамыған елдерде, әсіресе, сапалы жоғары білімге қолжетімділік жоғары мемлекеттерде азаматтар кеш шаңырақ көтереді. Білімнің қолжетімдігі қыздардың тұлғалық дамуына, кәсіби қалыптасуына көп мүмкіндік ашады. Сондықтан сапалы білімі дамыған қоғамда қыздар тұрмысқа шығуға асықпайды. Ал, керісінше, балалары орта біліммен шектелетін, тіпті орта білім алуға мүмкіндігі жоқ елдерде ата-ана үшін перзентін адам қылудың жалғыз жолы – тұрмысқа беру», – дейді Айсұлу Молдабек.

Маманның айтуынша, отбасын ерте құруға асығушылардың артуына ықпал ететін үшінші фактор – құқықтық жүйенің әлсіздігі.

«Азаматтардың құқығы, әсіресе әйелдер мен балалардың құқығы тиісінше қорғалмайтын қоғамда ерте отау құрушылар көп болады», – деп атап өтті ол.

Айсұлу Молдабектің дерегінше, әлемде қыздардың ерте тұрмысқа шығу көрсеткіші жөнінен Нигерия бірінші орында тұр.

«Онда арулардың 76%-ы ерте күйеуге шығады. Үндістанда 18-ге толмағандарға некеге тұруға тыйым салынғанына қарамастан, елдің кедей аудандарында және білім деңгейі төмен өңірлерінде кәмелетке толмай отбасын құратындар көп», – дейді маман.

Әлеуметтанушы ерте некелесушілердің көбеюіне мәдени-әлеуметтік нормалар, дәстүр, дін де әсер етеді деп есептейді.

«Дәстүрлі, консервативті қоғамдарда қыздарды ерте тұрмысқа беру көп кездеседі. Атын атап, түсін түстеп, дәл мына дін деп айта алмаймыз. Діннің де ағымдары бар. Мәселен, алып қашу, аталасу, құдаласу деген дәстүрлер тек қазақ қоғамында ғана емес, басқа да дәстүрлі қоғамдарда бар», – дейді ол.

Маман субъективті факторларға да тоқталды. Оның айтуынша, жыныстық қатынасқа ерте түсу, кәмелетке толмай бала көтеру де отбасын ерте құруға итермелейді.

«Өзге елдермен салыстырғанда қазақ жастарының ерте шаңырақ көтеруіне білім және субъективті фактор көбірек әсер етеді деп ойлаймын. Бізде аймақтарда, ауылдық жерлерде орта білім сапасы төмен. Мәселен, бір сыныпта 5-6 бала ғана жақсы оқиды. Қалғандарының үлгерімі ортадан төмен. Сондықтан мектеп бітіруші қыздар әрі қарай жоғары білімге ұмтылмайды, ары кетсе колледжге түседі. Оқуға құлшыныс болмаған соң бос жүріс көбейеді, басқа қызығушылықтар пайда болады. Жыныстық қатынасқа түсу, ерте жүктілік секілді проблемалар туады. Оны ушықтырмас үшін ата-ана баласын күйеуге беріп тынышталғанды жөн көреді. Бұл мәселенің себебін мамандар әдетте жыныстық сауаттылықтың төмендігі, тәрбиенің осалдығынан іздейді. Меніңше бәрі білімге кеп тіреледі. Егер мектепте білім сапасы жоғары болса, инфрақұрылым дамыған болса, әр баланың қарым-қабілетіне жіті көңіл бөлінсе, бос уақыттары ұйымдастырылса, үйірмелермен қамтылса, балалардың бөтен іске уақыты да, ықыласы да болмас еді. Сондықтан мектептердегі, әсіресе ауыл мектептеріндегі білім деңгейін көтеруге басымдық беру керек деп ойлаймын», – деп түйіндеді Айсұлу Молдабек.