«Бассыздықты тоқтатыңдар»: Жамбыл облысындағы инспекция неге жүк көліктерін өткізбей тұр

Сырым Қаржас

Жамбыл облысында бірнеше күннен бері бірқатар ауыр жүк көлігі қозғала алмай тоқтап тұр. Бағытымен алға жүре берудің орнына тосқауылға тап болған «М-НефтеСервис» компаниясының өкілдері Жамбыл облысындағы көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлеріне өкпесі қара қазандай. Ulysmedia.kz порталы облыстың көлік прокуратурасы «кепілге алынғандарды» босатуға тырысқанын білді. Машиналар әлі де тоқтап тұрғанына қарағанда, заңдылықтың сақталуын қадағалайтын органның қаулысы түк шешпеген сыңайлы.

Ulysmedia коллажы

НЕ БОЛДЫ

– 2024 жылдың 6 қарашасында біздің алты көлігімізді көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері Луговое ауылының маңындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 392 шақырымында жылжымалы бекетте ұстады, - деп түсіндірді Ulysmedia.kz тілшісіне жүргізушілер.

«М-НефтеСервис» ЖШС логистика жөніндегі бас директоры Рымжан Қанашұлының айтуынша, инспекцияда ауыр жүктерді тоқтатуға негіз болмаған, себебі олар рұқсат етілген бағдар бойынша жүрген, ал жүргізушілердің рұқсат етерлік құжаттары толық болған.

– Маршруттық парақтарға сәйкес, төрт көлік Жетісу облысының көліктік бақылау инспекциясының рұқсаты негізінде Қорғастан (ҚХР) Түркістан облысының Ескікорған ауылына бара жатқан. Тағы екі көлік Қорғастан шығып, Ақтөбе облысының Хромтау қаласына бет алған, - дейді Қанашұлы.

Ол Жетісу мен Алматы облысындағы автоматтандырылған станцияларда автомобильдердің бақылаудан өткеніне және салмақ параметрлерінің асып кетпегені анықталса да, осындай жайтқа тап болғанына ашуланады.

 – Таразылауды ҚХР шекарасына жақын орналасқан «Нұр-Жолы» бекетінде құзыретті органдар жүргізді. Ешқандай ереженің бұзылғаны анықталған жоқ. Біз үлкен шығынға ұшырап, әбден шаршап кеттік. Барлық құжат қолымызда. Сондықтан не болып жатқанын және неге бізді ұстап тұрғанын түсінбейміз, - дейді Рымжан Қанашұлы.

Инспекторлар ауыр жүк көліктерін тоқтатып қана қоймай, жүкті тасымалдау құқығын растайтын барлық құжатты жинап алған.

ШАҒЫМ

11 қарашада «М-НефтеСервис» Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының әрекеттеріне шағым түсірген.

– Біздің машиналарды ұстап, қайта өлшеу – бос әңгіме! Ережеге сәйкес, тоқтатуға интеллектуалды көлік жүйесі негіз бола алады, ал мұнда тек талаппен тоқтатып тұр! Біз инспекцияның әрекеттерін заңсыз деп санаймыз. Озбырлықты дереу тоқтатуды талап етеміз!

ПАРАДОКС

Жағдай қазірдің өзінде парадокс туғызып отыр. Көлік прокуратурасы онда не болып жатқанынан хабардар екен. 8 қарашада «М НефтеСервис» ЖШС-не қатысты тыйым мен шектеу сипатындағы әрекеттер мен шараларды жою туралы қаулы шыққан.

Компанияның шағымын Жамбыл көлік прокуроратурасының әділет аға кеңесшісі Әбілдаев қарап, «Нұр-Жолы» кеден бекетінде берілген өлшеу актісі заңды екенін, әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот керісінше анықтағанға дейін көліктік бақылау органдары оған күмән келтіре алмайтынын анықтаған. Бизнесті қорғау жөніндегі мобильдік топқа сигнал түскеннен кейін Жамбыл көлік прокуратурасының қызметкерлері көліктер кептеліп тұрған орынға барған. Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің барлық дәлелі расталды, автомобиль көлігі туралы заңнама бұзылғанын өз көзімен көрген.

Шағымға берген жауабында Әбілдаев министрлердің бұйрықтарына сілтеме жасап қоймай, мемлекет басшысының прокуратура органдарына, құқық қорғау және бақылаушы органдар қызметіне репрессиялық сипатты төмендету жөнінде шара қабылдауды тапсырғанын еске салған.

– Ел президенті «...уәкілетті органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесуден, кәсіпкерлерді қылмыстық орбитаға заңсыз тартудан бастап, әкімшілік кедергілерді, бақылаушы органдардың қысымын қысқартуға және кәсіпкерлердің алдында тұрған проблемаларды шешуге дейін бизнесті кешенді түрде прокурорлар қорғауы қажет» деп атап өтті, - деген ол.

Іс жүзінде прокурорлар президенттің тапсырмасын орындап, мобильді топты жанжал болған жерге жіберіп, «М НефтеСервис» өкілдерінің дәлелдерін тексерген.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

– Жүргізушілердің түсіндіруінше, «Нұр-Жолы» кеден бекетінде жоғарыда көрсетілген АТС өлшеніп, оларға АТС параметрлерін өлшеу актісі табысталған (№№1, 2, 3, 4, 5, 6). Өлшеу актілерін ұсынғанына қарамастан, Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы қайта бақылау салмағын жүргізу туралы шешім қабылдаған.

Прокурор Қазақстан аумағында көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру ережелері барын еске салып, инспекторлардың іс-әрекеттері кәсіпкердің халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүк тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі қызметін тоқтатып тастады деген қорытындыға келген.

– Әкімшілік рәсімдік-процестік заңнаманың анықталған заңбұзушылықтары кәсіпкердің бизнесті қорғау жөніндегі прокуратураның мобильді тобына шағым қалдыруға негіз болды. Осылайша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін және «жасыл дәліз» жобасы шеңберінде уәкілетті органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу мақсатында, сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтар негізінде бағыт бойынша одан әрі жүру үшін «М НефтеСервис» ЖШС АТС 6-ға шығуға рұқсат беру жөнінде дереу шаралар қабылдау қажет, - деп шешім шығарды көлік прокурорлары.

Қаулы «М НефтеСервис» ЖШС-нің 6 АТС қатысты тыйым салу не шектеу сипатындағы шаралардың дереу күшін жоюды және осы АТС-тың маршрут бойынша одан әрі жүруі үшін шығуына рұқсат беруді» ұйғарады.

Құжат Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясына жіберілген. Инспекция 9 қарашаға дейін прокуратураның ұйғарымын орындау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабардар етуге тиіс болатын.

 Алайда «М НефтеСервис» компаниясы ауыр жүк көліктері әлі де тоқтап тұрғанын хабарлайды. 

Ulysmediz.kz жағдайды бақылауында ұстайды.