Шариғат бойынша неке келісімшарты: «мәһір» деген не және Діни басқарма оны алып тастады ма

Сырым Қаржас

Таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мәһірді – исламда қалыңдыққа берілетін сыйлық – мәһірді алып тастады деген ақпарат барлық БАҚ беттерінде тарады. Бұл жаңалық қоғамның таңданысын тудырды, сол себепті Ulysmedia.kz тілшісі осы мәліметтің шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін анықтауға тырысты.

Ulysmedia коллажы

НЕДЕН БАСТАЛДЫ

ҚМДБ тарапынан мәһір мәселесі қайтадан көтерілді. Жуырда танымал имам Нұрлан Байжігітұлының видеосы тарады, онда ол егер қалыңдықтың туыстарына қалыңмал берілген болса, мәһір міндетті түрде төленбейді деп мәлімдеген:

– Егер сіз қалыңмал, "ана сүті" және "әке күші" (қалыңдықтың ата-анасына берілетін сыйлықтар — ред.) немесе басқа да сыйлықтарды берген болсаңыз, бұл мәһір болып есептеледі, – деген имам бейнежазбада.

ҚАЛЫҢМАЛ МЕН МӘҺІР ДЕГЕН НЕ

Қалыңмал – Орталық Азия, Кавказ және Сібір халықтарының дәстүрінде қалыптасқан, қалыңдықтың отбасына күйеу жігіттің ақша немесе басқа да құнды заттар беру дәстүрі.

Мәһір – исламда күйеу жігіттің неке қиылған кезде қалыңдыққа тікелей беретін, оның жеке меншігі болып саналатын сыйы.

Қалыңмал мен мәһірдің мән-мағынасы, өзіндік жолы бар және олар әртүрлі. Біріншісі – ұлттық дәстүрге негізделсе, екіншісі – діни талап. Олар бірге де, бөлек те өмір сүре алады – бұл әр отбасының көзқарасына байланысты.

МӘҺІРДІ ТЫЮ ТУРАЛЫ АЙТЫЛМАҒАН ЕДІ

18 қарашада ҚМДБ мәһір мен қалыңмал мәселесі бойынша пәтуа шығарды. Көптеген басылымдар, егер қалыңмал берілген болса, онда мәһір қажет емес деп түсінді. Алайда ҚМДБ былай деп мәлімдеді:

– Күйеу жігіттің тарапынан төленген қалыңмал, қыздың келісімімен оның жасауына жұмсалатын болса, мәһір ретінде есептелуі мүмкін. Қалыңдықтың ата-анасына немесе туыстарына берілетін сыйлықтар мәһір болып саналмайды, – делінген пәтуада.

Бұл мәлімет күйеулердің дәстүрлі түрде қалыңмал мен мәһірді қатар беретін өңірлерге қатысты айтылды. Қарапайым тілмен айтқанда, муфтият мәһірді алып тастаған жоқ, тек бір ғана сыйлықпен шектелуге болатынын айтты – егер қалыңмал қалыңдықтың меншігінде қалса, ол мәһір ретінде есептеледі. Бірақ қалыңдықтың ата-анасына берілген сыйлықтар мәһір болып есептелмейді.

Ulysmedia.kz тілшісіне бұл ақпаратты шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы растады. Ол мұндай "қос сыйлықтың" бірігуі қалыңдықтың келісімімен ғана мүмкін екенін атап өтті.

Бастапқыда бұл пәтуа қазақ дәстүріндегі қалыңмалды мәһір ретінде есептеуге бола ма деген сұраққа жауап ретінде шықты. Бұл пәтуада мәһірді алып тастау туралы айтылған жоқ. Шариғат бойынша мәһір – қалыңдыққа міндетті түрде берілетін сыйлық. Қазақ дәстүріндегі қалыңмал мәһір ретінде тек қалыңдықтың келісімімен ғана есептеледі, – деп түсіндірді ол.

ҚАЛЫҢДЫҚ КЕЛІСПЕСЕ ДЕ БОЛАДЫ

«Нұр-Мүбәрак» университетінің докторанты, исламтанушы Сүлеймен Асқаров та ҚМДБ мәһірды алып тастамағанын айтты:

- Пәтуа мәһірді алып тастау немесе мәһірді жою мәселесін қарастырмайды. Мәһір – исламдық некенің міндетті элементі. Бұл әйелдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқығы. Пәтуаның мәні: қалыңдықтың келісімімен, шариғат шарттарына сай, қалыңмалды мәһір ретінде қарастыруға болатынын түсіндіруде.

Шариғатқа сәйкес, қалыңмал қалыңдықтың келісімімен ғана мәһір ретінде есептелуі мүмкін. Егер қалыңдық келіспесе немесе қалыңмал сомасы оның мәртебесіне сай болмаса, оны мәһірмен теңестіруге болмайды, – деді ол.