«Есі ауысып, өзіне қол жұмсауға дейін жетуі мүмкін». Қамаудағы белсенділердің жағдайы

Меліс Сейдахметов

Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін қамаудағы саяси белсенділердің жағдайы нашарлаған. Жылдар бойы қиындықсыз алып келген газетті кіргізбейтін болған. Бейнеқоңырау мүмкіндігі шектеліп, сыртқы әлемнен оқшауланған. Түсірген арыз-шағымдары еленбейді. Талабы тиісті орынға жетпейді. Үнін естіртудің жалғыз амалы – аштық жариялау. Алматыда «Саяси тұтқындар: Аштық азаптау мен қысымға қарсы соңғы шара» тақырыбымен өткен баспасөз конференциясында құқыққорғаушылар осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

«БҰЛ – ӨТЕ ҚИЫН ЖАҒДАЙ»

Құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина белсенділерді ұстау орындарындағы заңбұзушылықтарды құзырлы органдар мүлде ескермейтінін айтады.

– Біздің қолымызға тиген соңғы мысал Марат Жыланбаевтың аштық жариялауы. Ол Степногорск қаласындағы атақты №4 мекемеде жазасын өтеп жатыр. Маған ол қауіпсіз емес жерде екені, одан шәйнегін алып қойғаны, шәй қайнатып жүрген ток көзін жауып тастағаны, камерасында тышқан өріп жүргені туралы ақпарат жетті. Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Олжас Сыздықов барып, бізге осының бәрін растады. Келесі күні прокуратурадан бұл фактілер расталмады деген жауап аламыз. Бұл прокуратура құқықты қалпына келтірумен айналыспайтын формалдық органға айналғанын білдіреді. Одан бөлек Айдар Мубараковтың жағдайы да өте күрделі. Айдарды жеке танимын, ол елде демократия болуға тиіс деп санайтын, адам құқығы сақталуы керек деп жүрген принципшіл азамат. Айдар және тоғыз адам АЭС референдумы қарсаңында мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген күдікке ілініп отыр. Бұл қолдан жасалған айып екені түсінікті. Айдар заң тұрғысынан сауатты адам ретінде бұған көнгісі келмей, прокуратурадан іс тиісті деңгейде қаралуын талап етіп, аштық жариялап жатыр. Бұл тұста ең алаңдататыны Айдардың денсаулығы. Мұның арты трагедиялық жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Ол принципті түрде ісіне назар аударуды талап етеді. Оған қатысты бұлтартпау шарасын сөзсіз ауыстыру керек, – дейді ол.

Құқыққорғаушы мәселеге байланысты прокуратураға хат жазғанын, алайда прокурор тергеу изоляторына тек екінші күні барып, мән-жайды сұрастырғанын атап өтті. 

- Бұл өте қиын жағдай. Біз бостандықта жүріп мәселені шешу үшін түрлі нұсқаны қарастыра алсақ, бұл адамдар толықтай мемлекетке тәуелді. Олар әділдікке деген үнін осылай, аштық жариялау арқылы ғана жеткізе алады. Бұл өте қайғылы. Жақында 3 жыл толатын Қаңтардан кейін ахуал бірден нашарлап кетті. Бұны күн сайын көріп отырмыз, - дейді құқыққорғаушы.

«БИЛІК ДУМАННАН ҚОРҚАТЫН СИЯҚТЫ»

Ғалым Нүрпейісов Думан Мұхаммедкәрім өзін түрмеге ауыстырмай отырғандықтан аштық жариялағанын жеткізді.

– Мені заңсыз соттады. Енді мені заңды түрде түрмеге ауыстыруын талап етемін. Менің бұл құқығыма жол бермей отыр» деді Думан. Осы жағдайды саралай келе, біз белгілі бір тұжырымға келдік: Бізде билік Думаннан қорқатын сияқты, жалпы билік саяси болсын, идеологиялық болсын кез келген бәсекеден қорқады. Өйткені кәсібилік деңгейі өте-мөте төмендеп кетті. Мемлекеттік айыптау болсын, судья да айыптауын негіздей алмады, сәйкесінше, сот актісі заңдылық позициясына да, негіздемелік позицияға да жатпайды, – дейді ол.

Адвокат қараша айында аппеляциялық процес өтіп, жаза күшіне енгенін, заңға сай, Думанды тергеу изоляторынан Заречный елдімекеніндегі мекемеге ауыстыру керек болғанын жеткізді.

– Алайда Қонаев тергеу изоляторының басшысы сотталушыны процедура ережесіне сай, алдымен Талдықорғандағы тергеу изоляторына апарып, құжаттарды рәсімдеп, содан кейін ғана Заречныйға жеткізілетінін айтқан. Думан бұған келісіп, Талдықорғандағы тергеу изоляторына барды. Бара салысымен оны желкелеп, изоляторға қамап тастады. Думан өзінің заңды құқығын талап етіп, Зареяныйға ауыстыруда сұрады. Оның орнына Думанды суық карцерге қамап тастады. Жылуы жоқ шағын бөлмеге жылы киімсіз қамап, оны тыңдауды қойды. Думанда өзіне назар аударудың жалғыз жолы ретінде қолын тілуден басқа амал қалмады. Қолын, ішін тілген ол, қабырғағы «Оян, Қазақ» деп жазып, таңбаны қан болған алақанымен қойған, – дейді ол.

Ғалым Нүрпейісов жағдайды камера арқылы көрген оперативтік топ аталған фактіні тіркеместен, бірінші медициналық көмек көрсетіп, оны сол жерге қалдырып кеткенін атап өтті. Думан ауыстыру туралы талабы орындалмаған соң өзінде қалған ұстара жүзінің кесегімен денесін қайта тіліп тастаған.

– Осыдан соң тергеу изоляторының қатардағы қызметкерлері басшылыққа барып, Думанды суық карцерден камераға ауыстыруды сұрайды. Маған бұл ақпарат жеткен соң тергеу изоляторына барып, Думанның қолындағы, ішіндегі және мойнындағы жарақат іздерін көрдім. Бұл туралы баспасөзге хабар бердім. Осыдан кейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті реакция білдіріп, «мені өтірік айтады, аталған ақпарат шындыққа сай емес, көрінеу жалған ақпарат таратқан үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген» деген мәлімдеме таратты. Осыдан кейін Алмас аға (Думанның әкесі – ред) әйелімен Талдықорғанға барды. Думанмен кездесіп, ұлының қолындағы жарақат іздерін көрген. Осыдан кейін Алмас аға мекеме басшысына барып, жарақат болғанын хабарлады, – дейді ол.

Оның сөзінше, Думан өзіне ешқашан қол салмайтынын айтқан. Назар аудартудың басқа жолы қалмағандықтан ғана осындай қадамдарға барған.

Адвокат Заречный Думанды «ерекше бұйрықсыз» қабылдамайтынын жеткізгенін айтты. Ал ол «ерекше бұйрық» қашан болатыны белгісіз.

Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім тергеу изоляторында сол жақтағыларға ақпараттық қызмет көрсетіп, журналистік жазбалар жазу арқылы ортасында авторитетке айналған. Заречныйға ауыстырса, билік саяси себептермен сотталғандар Думанның айналасына жиналып кете ме деп қауіптеніп отырған болуы мүмкін деп топшылайды.

«Думанды төрт қабырғада ұстап отырғанының негізгі себебі – осы да деп ойлаймын» деген ол Думанның денсаулығы нашарлай түскеннін мәлім етті. Сөзінше, Думан ұзақ отыра алмайды. Не тұрады, не жатады. Ал аштық жариялауын жағдайын көпшілікке таратқан соң доғарған.

Бақытжан Төреғожина халықаралық құқық нормасына сай, сотталушыны жалғыз адамдық жерде ұстау азаптаумен теңестірілетінін, Думанның жағдайы, Арон Атабектің оқиғасын еске түсіретінін айтады.

ЖЫЛАНБАЕВТЫ ЖИЫНЫ ЖЫЛҒА ЖУЫҚ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАҒАН

«Алға Қазақстан» партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Сергей Измайлов партия төрағасы, марафоншы Марат Жыланбаев қоғамнан мүлде оқшауланғанын мәлім етті.

– 13 қарашадан бері Марат Жыланбаев ұстау жағдайына шағымданып аштық жариялап жатыр. Оған жақындарымен араласуға, құқыққорғаушылармен сөйлесуге мүмкіндік бермей жатыр. Заң бойынша рұхсат етілген теледидар көру, радио тыңдау, газет оқу, скайп арқылы жақындарымен сөйлесу сияқты құқықтары шектелген. Келген хаттарды бермейді, өзінің хаттарын жеткізбейді. Яғни сыртқы әлеммен байланыс мүлде ажыраған. Мұның бәрі оған психологиялық қысым жасау тәсілі. Бұдан адамның есі ауып, өзіне қол жұмсауға дейін жетуі мүмкін. Осындайда үнін жеткізудің жалғыз амалы аштық жариялау болып отыр. Марат Жыланбаев үнемі азаптау, қысым жағдайында болған соң жиыны жылдан астам уақыт аштық жариялады, – дейді Сергей Измайлов

Баспасөз конференциясына онлайн қосылған марафоншының адвокаты Мейіржан Досқараев Жыланбаев мекемедегі скайпты өшіріп тастағаннан кейін 13 қарашадан бері аштық жариялап жатқанын жеткізді.

– Мекеме қызметкерлері скайп Жыланбаевтың кесірінен өшірілгенін айтып, өзге сотталушыларды Маратқа қарсы қойып, сол арқылы оған қысым көрсетіп отыр, – дейді ол.

Бақытжан Төреғожина 2011 жылдан бері 12 жыл бойы саяси тұтқындар еш қиындықсыз апта сайын «Жас Алаш, «Дат», «Новая газета» басылымдары алып келгенін айтады. Ал 2022 жылдан кейін Даттың кей мақалалларын ойып, кей беттерін жыртып цензурадан өткізе бастаған. Соңғы кезде саяси тұтындарға газет кіргізуді мүлде тоқтатқан.

Журналист Думан Мұхаммедкәрім мен марафоншы, тіркелмеген «Алға Қазақстан» партиясының төрағасы Марат Жыланбаев «Экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен 7 жылға сотталған.