Өткен жыл Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Мемлекет ширек ғасырда болмаған қиындықтармен бетпе-бет келді. Ел ішіндегі келеңсіздіктерге әлемдегі саяси оқиғалар да қатты әсер етті. Бірқатар ведомствоның қателіктерінің соңы жылдық жоспардың орындалмауына әкеп соқтырды. Соның салдарынан 2024 жылы жалпы ішкі өнім белгіленген көрсеткішіне қол жеткізе алмады. Ел үшін маңызы зор шикізат – мұнай өндірісін ұлғайту жоспарының орындалмағаны экономикалық өсімге кері әсер етті. Құлдыраған теңге мен жіберілген қателіктер орнын ұлттық қор есебінен толтыру жоспардың сәтсіз аяқталғанын көрсетті.
Ulysmedia.kz осы ретте былтыр ел экономикасындағы басты оқиғаларға шолуды оқырман қауымға ұсынады.
ЖОСПАРЫ СӨЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛҒАН ЭКОНОМИКА
Өткен жылдың басында Қазақстан үкіметінде ауыс-түйіс болды. Қайта сайланған премьер-министр Олжас Бектенов үкімет алғашқы отырысында-ақ ЖІӨ көрсеткіші мен жыл соңына дейінгі оның өсімі турасында мәселе көтерді. Сонымен қатар, мемлекет басшысының 2024 жылдың соңына дейін жалпы ішкі өнім өсімін 6 пайызға жеткізуді тапсырғанын жиналғандардың есіне салды. Сол кездегі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, премьер-министрге тапсырманың мүлтіксіз орындалатынын айтқан болатын. Бірақ 2024 жылдың қорытындысы сөз бен істің сәйкессіздігін көрсетті. Былтыр қараша айында жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайызға жетпегені, небәрі 4,4 пайызды құрағаны белгілі болды. Бектенов президентке экономикалық көрсеткіштер туралы есеп бергеннен кейін Тоқаев Байбазаровты ұлттық экономика министрі қызметінен босатты.
МҰНАЙ ӨНДІРІСІНДЕГІ СӘТСІЗДІК
Экономикалық жоспардың орындалмауының екінші себебі – еліміздегі мұнай өндірісіндегі өзгеріс. Мұны премьер-министр мемлекет басшысына берген есебінде де атап өтті.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев күзде республикада 90,3 миллион тоннаның орнына 87,8 миллион тонна мұнай өндірілетінін хабарлады. Осылайша, Қазақстанның алып кен орындарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты жоспарлар өзгерді.
Сәтқалиев бұл шешімге күрделі жөндеу жұмыстарының Теңіз де 50 күнге, Қашағанда 21 күнге тоқтап қалуы себеп екенін айтты. Бірақ, жөндеу жұмыстары төтенше емес жоспарлы түрде тоқтатылған еді. Оның үстіне кен орындарының үлескерлері бұл жөндеу жұмыстары туралы былтыр энергетика министрлігіне хабарлаған болатын. Яғни, жөндеу жұмысындағы үзіліс жоспарлы болса, мұнайды өндіруге қалай әсер ете алуы мүмкін деген заңды сұрақ туады.
Министр тағы бір сөзінде мұнай экспорттаушы елдер ұйымы алдындағы міндеттемелерді орындау қажеттілігін, қараша айында болған Теңіз кенішіндегі төтенше проблемаларды, Орынбор газ өңдеу зауытының газ алуға шектеулерін, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тоқтап қалғанын атап өтті.
Энергетика министрлігінің мұнай экспорттаушы елдер ұйымы алдындағы жаңа міндеттемелеріне сүйенсек , еліміз мұнай өндіру жоспарын 2025 жылы қайта қарауы керек сияқты.
«Жақында жүргізілген ірі мұнай кен орындарында жүргізілген жөндеу жұмыстары мұнай өндірудің техникалық мүмкіндіктерін арттырады, алайда Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша өз міндеттемелеріне және ұсынылған өтемақы жоспарына сәйкес мұнай өндіруді 2025 жылға дейін жоспарлап отыр», - деді Энергия министрлігі өз мәлімдемесінде.
Алайда осы мәлімдемеден бірнеше сағат бұрын премьер-министрден Сәтқалиевке 2025 жылы қатаң жоспарланған көлемде мұнай өндіруді қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма берілді.
Энергетика министрі ОПЕК+ алдындағы жаңа міндеттемелерді жарияламастан бұрын қара алтынның алдағы жылы алыну керек көлемі 97,2 тонна болатын. Енді, аталмыш министрліктің жаңа нұсқауынан кейін, премьердің тапсырмасына қарамастан, жоспарланған көлемді азайту керегі айқындалған секілді.
ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ҚАРАЖАТ ТАҒЫ АЛЫНДЫ
Күзде республикалық бюджетті қайта есептеуге тура келді. Салық түсімдерінің азаюы, экспорттық шикізат бағасының төмендеуі, бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловтан қалған былтырғы ҚҚС бойынша қарыздарды қайтару қажеттілігі – осының бәрі ұлттық қорға 2 триллион теңгеден астам шығын әкелді. Кемшіліктерді түзеу үшін 2024 жылы ұлттық қордан бұрын соңды орын алмаған 5,6 триллион теңге көлемінде ақша алынған.
Бюджет дағдарысы мен ұлттық қордағы қаржыға тәуелділік ел парламентінде тағы да сөз болды. Депутаттар министрлердің тағы да елдің келешек ұрпағына арналған қаражат есебінен барлық мәселені шешіп жатқанына наразы болды. Бірақ бұл сын да сөз жүзінде қала берді…
ҚҰЛДЫРАҒАН ТЕҢГЕ
2024 жылдың күз мезгілі ұлттық валюта үшін дағдарыс кезеңі болды. Себебі, қараша айында Трамп АҚШ-тағы президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін долларды нығайтты. Соның есебінен теңге құлдырап кетті. Қазақстан ұлттық банкі жағдайды тұрақтандыру үшін интервенцияларға 300 млн-нан 1 млрд долларға дейін қаржы жұмсады. Интервенцияға жұмсалған мұндай рекордтық көрсеткіш жағдайды бәрібір де сақтап қала алмады, доллар 520 теңгеге дейін өсіп кетті. Базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін арттыру түріндегі шаралар да жағдайды тұрақтандыра алмады.
Осылайша Қазақстан жылды теңгенің бұрын-соңды болмаған айырбас бағамымен, инфляцияның шарықтап, барлық импорттық тауар бағасының өсуімен шығарып салды.