«Бізге баламызды қазақ мектепте оқытуға мүмкіндік берсін»: Алматыдағы мектеп дауы әкімдікте жалғасты

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Алматыдағы №224 мектеп төңірегіндегі дау басылмай тұр. Әуелде қазақ тілінде білім береді деп жоспарланған мектеп, енді аралас мектеп болып ашылуы мүмкін. Бүгін осыған наразы ата-аналар мен белсенділер қалалық әкімдікке барып, мектептің қазақ тілінде білім беруін талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Қазақ сыныбында қырық бала отыр»

Әкімдікке онға жуық ата-ана мен белсенді барды. Оларды қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы қабылдады. Ішке журналистерді кіргізбеді. Бірақ кездесу ұзаққа созылмады. Жарты сағатта наразы топ сыртқа шықты.

Ulysmedia тілшісі сөйлескен ата-аналар білім басқармасының басшысымен қандай да бір келісімге келе алмағандарын айтты.

Көпбалалы ана, белсенді Айда Букаева №224 мектеп орналасқан Бостандық ауданындағы аралас мектептердегі қазақ сыныбында оқитын балалардың саны тым көп екенін айтады. Осыған байланысты ол жаңадан ашылатын мектеп толықтай қазақ тілінде білім беруі тиіс дейді.

«Менің балам сол мектептен үш шақырым жердегі қырқыншы болып отыр сыныбында. Қырық бала қазақ сыныбында отыр. №140 мектепке қазақ баласын алмайды, орын жоқ дейді. Ол шағынауданда қазақ баласы қайда оқуы керек? Кеше сол жерде аралас мектеп ашуды сұраған ата-анадан мен сұрадым «Қасында аралас, орыс мектеп тұрғанда не үшін бұл мектепке балаңды алып келе жатырсың?» дегенде: «Қазақ сыныптарының тәрбиесі жақсы. Мен жақсы ортаға баламды бергім келеді дейді. Сонда қазақтың тәрбиесі ұнайды да, тілі ұнамай ма?», – деді ол.

Көпбалалы ана, белсенді Айда Букаева. Фото: Ulysmedia/Есдәулет Қызырбекұлы. 

«Біз ұлтараздық туралы айтып тұрған жоқпыз»

Айда Букаева аралас мектеп болса мектептегі шаралардың барлығы орыс тілінде өтетін болады дейді.

«Біз орыстарға қарсы емеспіз. Бізге тек таза қазақша мектепте баламызды оқытатын мүмкіндік керек, болды. Біз ұлтараздық, басқа айтып тұрған жоқпыз бұл жерде. Менің келінім бар орыс, достарымыз бар, орыс, кәріс, ұйғыр. Біз бұл жерде ол нәрсені қозғап тұрған жоқпыз. Бізге балаларымызға таза қазақ мектебі керек», – деді Айда Букаева.

Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы

«Бізде конституция, заң және бұйрық бар»

Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы №224 мектеп аралас бола ма, тек қазақ тілінде білім беретін мектеп бола ма белгісіз деді.

«Мен тағы да айтайын. Бұның барлығы аралас бола ма, басқа бола ма ата-аналардың түскен ұсыныстары бойынша болады. Бес жүз, алты жүз бала берсе орыс балалары орыс сыныптарын ашамыз. Орыс сыныптары ашылады, қазақ сыныптары ашылады. Барлығы ашылады. [Қазақ мектебі болсын] деп мен қазір бекітсем де, министрлік бекітсе де  бізде конституция, заң және бұйрық бар», – деді ол.

№224 мектеп төңірегіндегі дау екі аптадан бері жалғасып келеді. Бұған дейін ата-аналар мен белсенділер мектепке барған. Олар жаңа мектепті толықтай қазақ тілінде білім беруді талап еткен. Сол уақытта мектеп директоры Райза Ахметов да мектептің қай тілде болатыны белгісіз, мектеп екінші тоқсаннан бастап жұмысқа кіріседі деген.

Қазақ тілінде білім беруді талап еткен ата-аналар.

Сотталған белсенді

Бұған дейін дәл осы Бостандық ауданындағы тағы бір жаңа №215 мектептен де дау шыққан. Алматы қалалық әкімшілік соты мектепті аралас мектеп етуге қарсы шыққан белсенді Дархан Ардақұлын 15 тәулікке қамаған.

«Мені 15 күнге соттап жіберді, 488 бап, 7 тармақ бойынша “мектепке барамыз” деген сөзімді митингке шақырдың деп айыптады. #215 мектеп қазақ болуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін», – деп жазған сол уақытта белсенді Facebook парағына.

Белсенді Дархан Ардақұлы. Фото: Masa Media/Есдәулет Қызырбекұлы. Алматы. 2022 жыл. 

Мектеп

2024 жылғы ресми мәлімет бойынша, Алматыда 215 мемлекеттік мектеп бар: 77-і қазақ тілінде, 57 мектеп - орыс тілінде, 78 мектеп аралас және 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. Алматы қаласында жалпы 300 мыңнан астам оқушы бар.

2500 оқушыға арналған №224 мектеп мемлекеттік «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынған. Бұл бағдарлама бойынша  2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салу жоспарланған.