2025 жыл Қазақстан үшін де, жалпы әлем үшін де оңай болмайтын сияқты. Қазақстандық білікті саясаттанушылардың пікірінше, жаһандық тұрақсыздық, халықаралық қақтығыстардың ушығуы және ішкі сын-қатерлер жылдың негізгі тақырыптарына айналуы әбден мүмкін. Дональд Трамптың президенттікке оралуымен АҚШ-тың сыртқы саясаты қандай болмақ? Ресей мен Украина арасындағы соғыста бетбұрыс болуы мүмкін бе? Қазақстанды қандай экономикалық сынақтар күтіп тұр? Ulysmedia.kz-тің осы сұрақтарына Ғазиз Әбішев пен Санжар Боқаев жауап берді.
Сарапшылардың болжамдары әртүрлі болғанымен, екеуі де 2025 жыл Қазақстан үшін сын мен сынаққа толы жыл болады дегенді айтады.
МҰНАЙ БАҒАЛАРЫ МЕН САЯСИ ЖҮЙЕ НАЗАРДА
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуын атады.
Бізді екі негізгі жаһандық саяси оқиға күтіп тұр. Олар: Дональд Трамптың президенттік қызметке кірісуі және оның қандай сыртқы саясат жүргізе бастайтыны. Трамп бұрын да президент болып көрген адам, сондықтанбейімделуге көп уақыт кетпейді. Бұл жолы ол өз командасына тек "адал серіктерді" жинады, сондықтан ол өте батыл әрекет етуі мүмкін. Трамп бұл өзінің соңғы мүмкіндігі және баспасөзге, қоғамдық пікірге немесе "deep state" (астыртын билік) құрылымдарына тәуелсіз екенін түсінеді, - дейді сарапшы.
Сонымен бірге, Әбішевтің пікірінше, Дональд Трамп «бұрынғыға қарағанда әбден ысылған» саясаткер.
Ол енді толығымен жүйелі саясаткерге айналды және АҚШ-тың жаһандық әрі ұзақ мерзімді мүдделерін іске асыруға тырысады. Сондықтан уақыт көрсетер. Мысалы, 2023 жылы Аргентинаның президенті болып сайланған Хавьер Милей елдің сыртқы және ішкі саясатын күрт өзгерткен еді. Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қалай әсер ететінін, Украинаға көмекті қысқартатынын немесе керісінше, Ресейге қысымды күшейтетінін, әлде "шешілмейтін қақтығыс" форматында қалдыратынын сырттан бақылап көрейік, дейді саясаттанушы Әбішев.
АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ЫҚПАЛЫ
Ғазиз Әбішев АҚШ-тың энергетикалық саясатының Қазақстанға ықпал ету мүмкіндігін де атап өтті. Оның пікірінше, Трамптың "Drill, baby, drill" саясаты, яғни Мексика шығанағындағы мұнай ұңғымаларын ашуы мұнай бағасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Егер мұнай бағасы 15-20 долларға дейін төмендеп, барреліне 50 доллар болса, бұл біздің бюджеттік тапшылық жағдайында Қазақстанның қаржылық және экономикалық тұрақтылығына үлкен қауіп төндіреді, - деп түйіндейді саясаттанушы.
ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ САЯСАТТА
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстанның геосаясаттағы рөлін де талдап, Орталық Азия, әсіресе Қазақстан, халықаралық аренада үлкен рөл атқармайтынын атап өтті.
Біз өзімізді асыра бағаламауымыз керек. Қазақстанның белгілі бір жағдайларда өз сөзін айтуға мүмкіндігі бар, егер күштердің балансы орнаса және өте тар салаларда ықпал ете алатын болсақ қана. Бірақ жалпы алғанда, біз жаһандық саясаттың қосымша элементіміз және түрлі ықпалдарға бейімбіз. Сондықтан біз тек өз экономикамызды дамыту, Орталық Азия елдерімен және Әзербайжанмен әріптестікті тереңдету бағытында жұмыс істеуіміз қажет, – деді сарапшы.
ІШКІ НАРЫҚ ЖӘНЕ КАДР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ішкі мәселелерге келсек, саясаттанушы Қазақстандағы тағы бір маңызды мәселені атап өтті – ол кадрлардың деградациясы.
Қазақстанда кадр деградациясы тоқтамай тұр. Бұл инфрақұрылымның нашарлауынан байқалады, өйткені мамандар түрлі себептермен елден кетіп жатыр. Үкімет деңгейіндегі, нақты салалардағы немесе аймақтардағы саяси шешімдердің сапасы төмендеп барады, себебі басқарушылар мен олардың командаларының жалпы сапасы жоғары емес. Бұл ұзақмерзімді қауіптерге жол ашады, – деп атап өтті сарапшы.
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, 2025 жылға деген болжамдар көңіл көншітпейді, өйткені экономика көп айтылғанмен, жаңа деңгейге шыға алмай отыр. Экономика сыртқы соққыларға әлсіз болғандықтан, оптимизмнен гөрі пессимизм басым.
АЙМАҚТЫҚ КООПЕРАЦИЯ ЖӘНЕ ІШКІ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ
Саясаттанушы және қоғам қайраткері Санжар Боқаев 2025 жылы Қазақстан үшін басты сынақтардың бірі жаһандық экономиканың баяулауы және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының ушығуы болатынын атап өтті. Сонымен қатар ол Орталық Азиядағы аймақтық саясатта өзгерістер болады деп болжайды.
Орталық Азия мен Қазақстан ешқашан жаһандық шешімдер қабылданатын саяси сахна болған емес. Дегенмен Орталық Азияның аймақтық рөлі күшейіп, АҚШ пен Еуропалық Одақ тарапынан қызығушылықтың артуына себеп болмақ. 2025 жылдан бастап Орталық Азияда түркі ынтымақтастығының күшею үрдісі байқалады. Мұның себебі – Ресейдің аймақ елдерімен тең құқылы серіктестік диалог құра алмауы және олардың ұлттық мүдделерін ескермеуі. Осыған байланысты Ресейдің Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарындағы шиеленістің артуы және «бөліп ал да, билей бер» сияқты үстірт шешімдер қабылдауы әбден мүмкін, – деді Санжар Боқаев.
ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАУІПТЕР
Санжар Боқаев Қазақстан үшін негізгі қауіптердің бірі ретінде Ресей мен Украина арасындағы соғысқа араласу тәуекелін атап өтті.
Еуразия аймағындағы көптеген елдер үшін басты сынақтардың бірі – Ресей-Украина соғысына тартылу қаупі. 2025 жыл бұл қақтығыс үшін бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін: бір жағынан, соғыс толыққанды ауқымды соғысқа айналу қаупі артады, ал екінші жағынан, Ресейдің соғысты аяқтауға дайын екенін байқаймыз, себебі күштің сарқылуы және перспективалардың жоқтығы сезіледі. Украина күресті ерік-жігермен жалғастырса, Ресейдің «әскери тұрғыда жеңілмейтін» ел ретіндегі беделі айтарлықтай түсуі мүмкін, – деді сарапшы.
Боқаевтың пікірінше, бұл соғыс аймақты экономикалық және мәдени-гуманитарлық тұрғыдан он жылға артқа шегерді.
ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ШЕГІНУІ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ШИЕЛЕНІС
Сарапшы өңірдегі демократия индексінің нашарлауына да назар аударды. Оның айтуынша, азаматтық қоғамға қысым күшейе түседі.
Мысалы, Ресейде соғысқа қарсы және президент Владимир Путиннің саясатына наразылық білдірушілер саны артып келеді. Бұған жауап ретінде билік жазалау механизмдерін күшейтуде. Ал Қазақстанда әлеуметтік шиеленіс өсіп, наразылық потенциалы күшейіп барады, бірақ билік жүйелі реформалар жасаудың орнына, азаматтық қоғамды басуға көп мән береді, – деп атап өтті ол.
ІШКІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
Ішкі деңгейде Боқаев 2025 жылдағы негізгі сынақ ретінде экономикалық проблемаларды атады. Оның пікірінше, инфляцияның жоғары болуы, валюта тұрақсыздығы, өндірістің қысқаруы, жұмыссыздықтың өсуі және сатып алу қабілетінің төмендеуі байқалады.
Бұл экономикалық қиындықтар, үкіметтің оларды шешуге қауқарсыздығы көктемге қарай саяси проблемаларға әкеледі. Соның салдарынан әлеуметтік наразылық өршуі мүмкін. Сонымен қатар энергетика саласындағы тозған инфрақұрылым мен инженерлік желілердің нашар жағдайын да осы қатерлер қатарына қосуға болады. Мұның бәрі елдің барлық аймағында қосымша проблемалар тудырады. Биыл су тасқыны, жер сілкінісі секілді табиғи апаттар болмайды деп үміттенеміз, себебі оларға дайын емеспіз, – деді сарапшы.
ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ҚҰНЫ
Боқаевтың айтуынша, елдегі сырт көзге тұрақты болып көрінетін жағдай өте үлкен шығынмен қамтамасыз етілуде және үш негізгі факторға негізделген:
САНЖАР БОҚАЕВТЫҢ 2025 ЖЫЛҒА БОЛЖАМДАРЫ
Саясаттанушы Санжар Боқаев 2025 жылғы оқиғалардың дамуы мүмкін үш негізгі сценарийін атап өтті:
1. Қарызға тәуелділіктің артуы
Бюджеттік тапшылықты азайтуға тырысқан үкімет сыртқы қарыздарға жүгінуі мүмкін. Әсіресе, бұл ірі инфрақұрылымдық жобаларды, мысалы, атом электр станциясын (АЭС) салуды қаржыландыру кезінде өзекті болады. Мұндай әрекеттер дефолт қаупін тудыруы мүмкін.
2. Популистік саяси реформалар
Билік қоғам назарын әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан басқа жаққа бұру үшін бірқатар реформалар ұсынуы мүмкін. Дегенмен бұл бастамалардың көбісі декларация түрінде қалып, шынайы өзгерістерге әкелмеуі ықтимал.
3. Үкіметтің отставкасы және сайлау
2025 жылы Министрлер кабинетінің ауысуы және аудандық, облыстық деңгейдегі әкімдердің сайлауы секілді маңызды саяси өзгерістер күтілуде. Алайда бұл сайлаулар шынайы демократияландыруға алып келмейді деген болжам бар.
2025 ЖЫЛҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ БОЛЖАМДАР
Қазақстандық саясаттанушылардың пікірінше, 2025 жылы халықаралық аренада айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін. Санжар Боқаев пен ҒазизӘбішевтің пікірлерін ескере отырып, бұл өзгерістер Қазақстанның экономикалық және саяси тұрақтылығына айтарлықтай әсер етуі ықтимал.
Ішкі мәселелер, соның ішінде кадр тапшылығы, экономикалық тоқырау және әлеуметтік апатия, жүйелі реформалар мен басқаруға жаңа көзқарасты талап етеді. Алайда қазіргі уақытта күтілетін жағдайлар алаңдатарлық, ал оптимизм Қазақстан үшін әлі де қол жеткізуге тиіс құндылық болып қала бермек.