Жақында өткен үкімет отырысында президент салық реформаларына енгізілетін өзгерістерді мақұлдағаннан кейін ҚҚС мәселесі қызу талқылана бастады. Ақпараттық алаңда бизнес қауымдастық бұл реформа халықтың қалтасын қағатынын алға тартып, өткір сын айтуда, ал үкімет бюджет тапшылығын дәлел етіп, қорғану амалына көшті. Дегенмен кәсіпкерлердің пікірі бір арнаға тоғысады деуге де келмейді. ҚҚС-тың өсуі мәселесі неліктен кейбір кәсіп түрлеріне қатысы жоқ, неліктен олар «алаңсыз» отыр, бұл сұраққа Ulysmedia.kz жауап іздеді.
ҚАЗАҚСТАНДА КІМДЕР ҚҚС ТӨЛЕМЕЙДІ
Қазақстанның салық заңнамасы өте күрделі және ауқымды. Бір ғана Салық кодексінде 780 бап бар, бұдан бөлек, Азаматтық кодекске, Кәсіпкерлік кодекске және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сілтемелер жасалған. Жалпы ҚҚС бизнес өкілдерінің басым бөлігі үшін міндетті, бірақ бірнеше ірі сала бұл салықтан босатылған.
ҚАРЖЫ ЖӘНЕ РЕСУРСТАР
Ең алдымен, банктер ҚҚС төлемейді. Жалпы барлық қаржылық қызмет бұл салықтан босатылған, оның ішінде несие беру операциялары, банктік қызметтер, сақтандыру қызметтері және т.б. бар.
Банктер үшін ҚҚС орнына корпоративтік табыс салығы (КТС) қолданылады. Бұл салықтың мөлшерлемесін көтеру мәселесі қарастырылуда, бірақ Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банк секторын қорғауға барын салатынын айшық айтты.
Сондай-ақ, ҚҚС орнына КТС төлейтін салаларға ойын бизнесі мен жер қойнауын пайдаланушылар (мұнай, газ, пайдалы қазбалар өндірушілер) да кіреді. Тіпті бұдан бөлек, шикізат экспорттаушылар ҚҚС сомасының бір бөлігін кері қайтара алады, яғни мемлекет олардың жергілікті жеткізушілерден тауарлар мен қызметтер сатып алу кезінде төлеген ҚҚС-ның бір бөлігін өтеп береді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда ҚҚС барлық бизнеске ортақ міндет болса да, банктер, қаржы секторы, ойын бизнесі және шикізат экспорттаушылар бұл салықты төлеуден босатылған немесе қандай да бір жеңілдік алады.
ФАРМАЦЕВТИКА ЖӘНЕ МЕДИЦИНА
Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сату саласы ҚҚС-тан босатылған. Бұл санатқа кіретін тауарлардың тізімі 162 позициядан тұрады. Сонымен қатар медициналық импортқа да ҚҚС салынбайды, оның ішінде медициналық жабдықтар, құралдар мен медициналық жиһаздар, арнайы конструкциялар бар. Алайда бұл ереженің өзіндік ерекшеліктері бар. Егер сатып алушы Қазақстанда лицензияланған медициналық ұйым болса, онда ол ҚҚС төлемейді. Егер сатып алушы жеке тұлға немесе лицензиясы жоқ ұйым болса, ҚҚС төлеуге міндетті.
ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫ
Ветеринария саласында да ҚҚС бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Ел ішінде жануарларды емдеуге арналған өнімдер сатылған жағдайда, олар ҚҚС-тан босатылады. Осылайша Қазақстанда медициналық және ветеринариялық тауарларға салықтық жеңілдіктер қарастырылып, бұл салалар ҚҚС төлеуден ішінара босатылған.
АВТОКӨЛІК ӨНДІРІСІ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР
Автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасын сату ҚҚС-тан мына жағдайларда босатылған: егер өндірісте пайдаланылған компоненттер мен шикізаттар ҚҚС-тан босатылса (ал олар босатылған); сатылатын көлік арнайы бекітілген 31 позицияның тізіміне кірсе. Бірақ сонымен қатар «...ең алдымен адамдарды тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер мен басқа да автокөліктер (8702 тауар позициясындағы МТС-тен басқа), оның ішінде жүк-жолаушылар тасымалы және фургондар мен жарыс автомобильдері...» бар.
Ал еркін экономикалық аймақтарға келсек, бөлек тізімнің қажеті де жоқ. Егер компания АЭА аумағында орналасқан тауарларды/қызметтерді сатса, олардан ҚҚС алынбайды.
ЖҰМЫСТАР, ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕР
Жұмыстар, тауарлар және қызметтер үшін ҚҚС төлемейтін компаниялардың 53 позициясы көрсетілген. Сонымен қатар салық салынбайтын қосымша жағдайларды есепке алсақ, бұл тізімдегілердің ұзын-саны шамамен 250–300 позицияға дейін жетеді. Яғни, 53 негізгі позиция және қосымша 250-300 түрлі өнім мен қызмет түрі ҚҚС-тан босатылған. Бұған өндірістік мақсаттағы тұрмыстық техника да жатады (мысалы, тоңазытқыштар, кондиционерлер, шаңсорғыштар және т.б.).
Өнеркәсіпке арналған барлық өнімдер (импорттық компоненттер мен өндіріс құралдары) ҚҚС-тан босатылған.
Бұдан бөлек ҚҚС төлемейтін қызмет түрлері:
Мемлекетке көрсетілетін кейбір қызметтер (мысалы, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру) мен мемлекетке ақысыз негізде берілетін мүлік, білім беру ұйымдары, соның ішінде қосымша білім беру мекемелері (тіл курстары, кәсіби дайындық орталықтары және т.б.), кітапханалар, филармониялар және басқа да мәдени мекемелер, шетелдік туристерді тартатын туризм саласы, лотерея қызметі (мұнда жеңімпаз ғана салық төлейді, ал ұйымдастырушылар ҚҚС төлемейді).
ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ
ҚҚС төлеуден босатылғандардан бөлек, жеңілдіктер қарастырылған салалар да жоқ емес. Мысалы, шаруа қожалықтары (фермерлер) арнайы салық режимін қолданса, ҚҚС төлемейді. Бірақ импорттық өнім сатып алса, ҚҚС төлеуге міндетті.
Азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары және құрылыс компаниялары да жеңілдікке ие. Бұл орайда қазір құрылыс саласының төрт құбыласы тең болғанымен, алдағы уақытта олардың жағдайы өзгеруі мүмкін. Үкімет жеңілдіктерді алып тастаймыз деп бір қорқытқан. Сондықтан құрылыс компаниялары өздері бөлек бір майдан ашып жатыр. Олардың уәжіне сенсек, егер ҚҚС жеңілдігі жойылса, онда тұрғын үй құны тым қымбаттап кетеді.
Дегенмен ҚҚС-тан босату және өзге де жеңілдіктерді алу үшін бизнес Салық кодексінде және Қазақстанның басқа да бірқатар заңдарында көрсетілген белгілі бір шарттар мен өлшемдерге сәйкес келуі керек екенін атап өткеніміз жөн болар.