Әрине, қоғамдық резонанс тудырған жаңа Салық кодексінің авторын іздеп табу оңай шаруа емес. Ешкім бұл менің идеям еді деп ақ жалауын желбіретіп халық алдына шықпасы анық. Дегенмен біз сарапшылардан да сұрастырдық. Олардың арасында ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға көтеру идеясына қатысы барлары болуы да мүмкін ғой, өйткені еститін мемлекет қағидасы шынымен жүзеге асып кетіп, үкімет сарапшылар пікіріне құлақ асқан шығар, кім біледі? Сондықтан “тосын сыйды” кім жасауы мүмкін деген сұраққа кімді көрсетеріңді де білмейсің. Билікке жақын жүретін экономист-сарапшылар мен халықаралық ұйымдар – Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк сияқты құрылымдар Қазақстанға «сәтті мемлекет құру» жөнінде үнемі кеңес беріп отырады.
Біз ҚҚС төңірегіндегі әңгіме жайлы экономист Олжас Құдайбергеновтің пікірін тыңдағымыз келді. Осы реформаға қатысыңыз жоқ па деп өзінен тікелей де сұрадық.
- Жоқ. Мен биыл да, алдыңғы жылдары да ҚҚС бойынша ешқандай ұсыныс айтқан жоқпын. Мен еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесін азайтуды қолдаймын, – деп жауап берді сарапшы. Ол барынша қысқа қайырғанымен, бізді бұл мәселедегі жалпы ұстанымы да қызықтырған еді.
Салық реформасы сәтсіздікке ұшыраса, мұның жауапкершілігін кім көтереді және үкіметтің қойылған мақсаттарға жету мүмкіндігі қандай? Бұл сұрақтарды біз басқа экономистер мен қаржы мамандарына да қойдық.
ДӘРМЕН САДУАҚАСОВ: БІЗ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ӨСІРУДІ ҚОЛДАЙМЫЗ
Ұлттық экономика министрлігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы, экономист Дәрмен Садуақасов ҚҚС мөлшерлемесінің 20%-ға көтерілуіне кімнің бастамашы болғанын білмейтінін, бірақ жалпы алғанда, оның өсуін қолдайтынын айтты.
-20%-ды кім ойлап тапқанын білмеймін. Ал 16%-ды кім ұсынды? Егер бұл реформа болса, оны тек өкілетті тұлғалар ғана емес, пікіріне жиі құлақ асатын тәуелсіз сарапшылар да көтеруі мүмкін. Оның үстіне, салық реформасы кеше ғана пайда болған жоқ. 24 қаңтарда премьер-министрдің сарапшылар қауымдастығымен кездесуінде мен барлық сарапшылардың көзінше кезең-кезеңмен өсіруді ұсындым. Алдымен, 16%-дан бастап, экономиканың реакциясын бірнеше жыл бақылау қажет. Теріс әсер ету ықтималдығы бар – көлеңкелі сектордың өсуі, бизнестің жабылуы және т.б. Сондықтан барлығын бірден емес, біртіндеп жасау керек.
Қоғамдық кеңес басшысы өз көзқарасын былай түсіндіреді: мемлекет халықтың жағдайын ескеріп, ұзақ уақыт бойы салықтар, тарифтер және баға бойынша әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірін сақтап келді. Алайда, оның пікірінше, қазіргі экономикалық жағдай инфрақұрылымды жаңғыртуды және азаматтарға лайықты жалақысы бар сапалы жұмыс орындарын құру үшін өнеркәсіптің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді талап етеді.
- Мемлекеттің ресурсы өте аз. Біз қазір бюджет тапшылығын емес, 5-10 трлн теңге көлемінде бюджеттік дағдарысты көріп отырмыз. Сонымен қатар елде салықтық жауапкершілік ұғымы әлсіреген – көптеген ірі кәсіпорындар салық төлеуден жалтару үшін жүздеген шағын бизнеске бөлініп кеткен жағдайлар бар. Әрине, мұның себебі бар. Мемлекеттің тиімсіз шығындарын жиі көреміз. Ешкім өз ақшасын, мысалы, жыл сайын бір жолды жөндеуге жұмсағысы келмейді. Сондықтан бұл - салық-бюджет реформасы, себебі өзгерістер тек салық жүктемесінде ғана емес, бюджет қаражатын пайдалану тәсілінде де болады.
Ал егер салық реформасы сәтсіздікке ұшыраса, оған кім басымен жауап береді? Сарапшының пікірінше, шешім қабылдайтын және өкілеттігі бар мемлекеттік органдар жауап беруі тиіс.
- Бұл нақты жағдайда – үкімет. Егер шешімдер Мәжіліспен келісілсе, онда олар бұл жауапкершілікті бөліседі. Одан кейін – Сенат пен Президент.
Жауапкершілік көптеген мемлекеттік органдар арасында бөлінгенімен, мұндай тәсіл дұрыс емес. Тозған инфрақұрылымды жаңарту, су құбырларын, жолдарды салу қажет, бірақ мемлекетте оған ақша жоқ. Егер, мысалы, қыстың қақаған аязында қандай да бір қала жылусыз қалса, оған кім жауапты болады? Журналистер немесе блогерлер ме? Бюджет жағдайы өте ауыр, бірақ мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін тоқтатқан жоқ – дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын төлеу керек, өсіп келе жатқан мемлекеттік қарызды өтеу қажет, ал бұл өз алдына алаңдаушылық туғызады.
Шынында бюджет тапшылығының өсу траекториясы үрей тудырады. Қазіргі шығындар – 25 трлн теңге, ал кірістер 15 трлн теңге ғана. Бұл тапшылықты Ұлттық қордан трансферттер және мемлекеттік қарызды ұлғайту арқылы жабады. Егер бірнеше жылдан кейін әлеуметтік шығыстарды қысқарту қажеттілігі туындамасын десек, бюджет-салық реформасын жүргізу керек. Бұл реформаның уақыты өтіп кеткен, оны үш жыл бұрын бастау қажет еді.
ҚҚС 20% бизнестің түбіне жете ме? Бұл – салық төлеушілер арасында ең қызу талқыланып жатқан мәселе. Дәрмен Садуақасовтың пікірінше, ірі экспорттаушы бизнес үшін ҚҚС түйткілді мәселе емес, ал корпоративтік табыс салығы өте маңызды.
ҚҚС-тың 20%-ға көтерілуі халық тұрмысына әжептеуір әсер етеді, бірақ тек бөлшек бизнес - азық-түлік дүкендері, шаштараздар, яғни соңғы сатушылар мен қызмет көрсетушілер салықтың негізгі ауыртпалығын көтерген жағдайда ғана. Сонымен қатар, салық салынатын табыс шегін 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр. Бұл барлық бизнестүрі ҚҚС төлеушіге айналады деген сөз. Өйткені айына 1,2 млн теңге айналымы тіпті шағынбизнесте де бар.
Біз бұл шекті мүлде алып тастауға болады деп есептейміз (көптеген елдерде солай), бірақ бөлшек бизнеске арналған салықты сақтап қалу міндетті. Егер бөлшек салықтан бас тартсақ, ҚҚС-тың өсуі тікелей халыққа ауыртпалық әкеледі. Бұлай жасауға болмайды.
Қазіргі уақытта үкімет азық-түлік өнеркәсібі мен фармацевтика саласы үшін ҚҚС мөлшерлемесін нөлге дейін төмендетуді қарастырып жатыр. Бұл азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауын болдырмау үшін жасалады. Бірақ біздің негізгі ұсынысымыз – бөлшек салық салынатын экономикалық қызмет түрлерінің (ОКЭД) тізімін қысқартпау. Бұл бағаның шарықтауын тежеуге көмектеседі.
Әзірге бюджет-салық реформасы аясында үкімет бірде-бір ұсыныс бойынша нақты шешім қабылдаған жоқ, тек талқылау жүріп жатыр. Парламенттік лобби бұл процеске әлі қосылған жоқ, бірақ ең қызықты әрі қызу талас енді басталады. Осы сәтте қай депутат кімнің мүддесін қорғайтынын білетін боламыз.
РАХИМ ОШАҚБАЕВ: ЕШКІМ ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛМАЙДЫ
Экономист Рахим Ошақбаев ҚҚС-ты 20%-ға көтеру идеясының авторы кім болуы мүмкін деген бірнеше нұсқаны қарастырады. Өйткені, сыртқы бақылаушы үшін бұл өте түсініксіз жағдай болып көрінеді
- Бұл идея өткен жылы үкіметтің отставкаға кетуінің негізгі себептерінің бірі болған сияқты. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру панацея емес, керісінше, бұл салықты түбегейлі реформалау қажет екенін Президент нақты мәлімдеді. Премьер-министр де ҚҚС көтерілмейді деп айтты. Ал енді олар тағы да өз әндеріне басып отыр.
Рахим Ошақбаев ҚҚС мөлшерлемесін көтеру Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) немесе Дүниежүзілік банк тарапынан ұсынылған болуы мүмкін деп күдіктенеді.
- Олар Қазақстандағы экономикалық жағдайды өте үстірт бағамдайды. Осы қарапайым либералдық әдістерді қолдану арқылы біздің әлеуметтік-экономикалық жағдайды толық білмеуі не әдейі нашарлатқысы келуі мүмкін. Ал бәлкім, екі фактор да қатар әсер ететін шығар.
Бұл құрдымға кетіретін реформа, оның негізгі салдары – салық ауыртпалығының артуы, инфляцияның үдеуі, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрт нашарлауы. Бұдан бөлек, бизнес-климаттың күрт нашарлауы, компаниялардың қысқаруы, банкроттық, бизнестің көлеңкеге кетуі секілді салдарлары да болады.
Рахим Ошақбаевтың пікірінше, бұл реформаны қатты мақтап жүрген - билікке жақын экономистер.
- Мен олардың бірінен тікелей сұрадым: «Бұл идеяңызды билікке толықтай өткізіп жібердіңіз бе?». Ол жауап беруден бас тартты. Бірақ менде күмән қалды. Олардың жиналыстарына қатыса отырып, реформаны шектен тыс дәріптейтінін және оның теріс салдарын мүлде елемейтінін байқаймын. Сыртқы нарыққа шикізат экспорттаушылар, әсіресе тау-кен металлургиялық кешені бұл орайда табысқа кенеледі. Олар өткен жылы 1,2 трлн теңге ҚҚС өтемақысын алды. ҚҚС халықтан жиналады да, экспорттаушыларға қайтарылады. Мүмкін, олар жаңа мөлшерлемені қолдайтын шығар. Реформа идеологтары Мемлекеттік органдар – Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк сияқты құрылымдарда жылдар бойы отырған вице-министрлер мен департамент директорлары болуы мүмкін. Олардың негізгі мақсаты – көбірек бюджеттік қаражатқа бақылау жасап, оны қайта бөлу тетігін күшейту.
Рахим Ошакбаев салық жүктемесін күшейту туралы бастамалардың бюджет шығындарын қысқарту мәселесімен мүлде қатар жүрмеуіне назар аударады.
- Мемлекеттік шығындар тым көп және тиімсіз. Бірақ бұл мәселе мүлде талқыланбайды. Үкіметтің идеалды сценарийі іске аспаса және бюджет жағдайы одан әрі нашарласа, бұған кім жауап береді?
«Қазақстанда мемлекеттік басқарудың құпия принципін бір сөйлеммен сипаттауға болады: "Ешкім ешқашан жауапкершілікке тартылмайды"». Бар болғаны реформаның "идеологтары" отставкаға кетеді немесе басқа қызметке ауыстырылады, бірақ биліктен және ықпалынан айырылмайды. Питер принципіне сәйкес, Қазақстанда "горизонтальды шенеуніктік көтерілу" қағидасы жұмыс істейді – біліксіздерді жүйеден шығарып тастамайды, тек бір орыннан екіншісіне ауыстырады.
- Мен ҚҚС-ты 20%-ға көтермейтініне сенімдімін. Бірақ 16-18% деңгейінде тоқтауы мүмкін. Одан жағдай жақсармайды, бизнес үшін сенімсіздік артады, инфляция мен девальвациялық күтілімдер үдейді.
Осы тұрғыдан алғанда 16% пен 20% арасындағы айырмашылық айтарлықтай үлкен емес. Ең дұрыс шешім - ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге мораторий енгізу. Өзбекстан осындай шешімді осы аптада қабылдады. Президент Жарлығымен ҚҚС-ты көтеруге тыйым салды. Нәтижесінде, инвесторлар мен бизнес үшін Өзбекстан Қазақстаннан әлдеқайда тартымды әрі тұрақты елге айналды.
РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ: БАСҚА БАЛАМА ЖОЛ БАР
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов ҚҚС-ты 20%-ға көтеру идеясының нақты авторы бар деп есептейді, бірақ бұл мен емес дейді.
Экономист Расул Рысмамбетов салық жүктемесін бірден 12%-дан 20%-ға көтеру тым шектен тыс шешім екенін айтады.
- Егер мениң пікірімді сұраса, мен 12%-ды сақтап, бірақ ҚҚС шегін мүлдем алып тастар едім. Сонымен бірге, ҚҚС әкімшілендіруді айтарлықтай жеңілдету қажет. Қазір бұл салық мемлекеттік кірістер органдары үшін де, бухгалтерлер үшін де өте күрделі. Бағалар тек 8%-ға немесе 20%-ға емес, одан да жоғары өседі, өйткені бизнес инфляцияны алдын ала есепке алады. ҚҚС – айыппұл сипатындағы салық, сондықтан оны енгізер алдында бизнес қауымдастық, парламент және президентпен кеңесу қажет.
Президент салық реформасын мақұлдағанымен, мұндай өзгерістер қоғаммен талқылануы тиіс екенін айтты. Өткен жылы ҚҚС-ты 16%-ға көтеру ұсынысы болған еді. 2023 жылы үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға көтеруді ұсынған, сол кезде Расул Рысмамбетов бұған қарсы шыққан.
- 2024 жылдың тамыз айында, бюджеттегі теңгерімсіздікті көргеннен кейін, 16%-дың да өз қисыны бар екенін түсіндім. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік салықты және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төмендетуді қалайды. Бірақ бұл жеңілдіктер негізінен ірі бизнеске тиімді, ал шағын бизнеске әсері әлсіз. Шағын бизнестегі 10 жұмысшының жартысы бейресми жұмыс істейді немесе жеке кәсіпкер ретінде қызмет көрсетуші болып тіркелген. Үкіметтің өзі осы жүйені қалыптастырды, салық төлеуден жалтару жолдарын қалдырды, ал қазір сол қақпанға өзі түсіп отыр.
Салық органдарының құзыреті шектелді, бизнеске тексеруге мораторийлер енгізілді, нәтижесінде экономикалық өсім тек сауда саласында болды, ал өндіріс саласында өзгеріс болған жоқ.
Расул Рысмамбетов ҚҚС-тың баламалы мөлшерлемелерін енгізуді ұсынады.
- 15 млн теңге айналымы бар кәсіпорындар үшін 3% ҚҚС. 100-120 млн теңге айналым үшін – 14%. 200-500 млн теңге айналымға басқа мөлшерлемелер белгілеу. Бұл жүйе қисынды болуы тиіс, өйткені қазіргі хаос салық төлеушілерде түсінбеушілік пен наразылық тудырады. Сондай-ақ, нарық қатысушыларының иррационалды мінез-құлқын ескеру қажет. Бизнес қандай салықтық режимді таңдайтынын өзі шешеді, тіпті кейбірі мүлдем қысқаруы мүмкін.
ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі банктер үшін де жаңа қауіптер тудырады.
Көптеген кәсіпкерлер айналым капиталы үшін несие алған, олардың кепілдігі қытайлық тоқыма өнімдері тиелген контейнер болуы мүмкін. Егер бизнестің жағдайы нашарласа, бұл қайтарылмайтын несиелер көлемінің артуына әкеледі.
Расул Рысмамбетовтің пікірінше, жауапкершілікті тек қазіргі үкіметке артпау керек.
- Бұрынғы үкіметтер де кінәлі, өйткені олар әлеуметтік маңызы жоқ компанияларға салықтық жеңілдіктер беріп келді. Қазіргі үкіметтің міндеті бизнесті ашық жүргізуге мәжбүрлеу. Контрабандалық импортты тоқтатпай, отандық өндірісті дамыту мүмкін емес. Қазақстан өз өндірісін тиімді қорғай да алмай отыр.